Оның айтуынша, FlyArystan әуекомпаниясы қауіпсіздік шарасын сақтамағаны салдарынан жарақат алған.
Ләйлә Сұлтанқызы FlyArystan-ның үстінен арыз жазды
Фото: Ләйлә Сұотанқызының әлеуметтік желідегі парақшасынан
833
оқылды

Танымал қазақстандық тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы FlyArystan әуе компасының ұшағында жарақат алған, – деп хабарлайды Aikyn.kz «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасап.

«Мен @flyarystan үстінен арыз жаздым. Кешкі 21:50 шамасында KC7326 рейсімен Шымкенттен Астанаға ұшып келдім. Ұшақтың есігі ашылмай, тұрып кеткен жанымдағы жолаушының абайсыздығынан бетіме үстіңгі сөреде тұрған ауыр (қатты) зат, мен отырған жерге құлап, көзімнің тұсын жырып, қабағым жарылды», – деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы Instagram парақшасында. 

Оның айтуынша, FlyArystan әуекомпаниясы қауіпсіздік шарасын сақтамау салдарынан жарақат алған.

«Бортсеріктер мен әуе компанияның алғашқы көмекке дайын емес болғанына қапа болдым. Не аптечка, не мұз, не суық зат, не қан тоқтатын, не салфетка жоқ. Меніңше, орнымда бала, қарт адам отырып, басы жарылса, қатты жараланса, миы шайқалса, көп қан кетсе жағдай қиын болар еді. Жауапсыздық. Әр бортсерік жолаушы мініп-түскенше адам денсаулығына жауапты, алғашқы көмек көрсетуге міндетті», – дейді тележүргізуші. 

Өз кезегінде FlyArystan әуекомпаниясы болған жайтқа қатысты түсініктеме берді.

«Астана – Шымкент КС7326 рейсінің қонуы барысында жолаушылардың ұшақтан шығуына дайындық кезінде, жолаушылардың бірінің тарапынан келесі жолаушыға көмек көрсету туралы өтініш түскенін хабарлаймыз. Бортсеріктер жолаушыға майлық мен суық қаңылтырлы бөтелкені ұсынды. Содан кейін, процедураға сәйкес, бортта медициналық білімі бар жолаушыларды іздеу туралы хабарланды және әуе кемесінің командиріне хабар беріп, дәрігер шақыруы сұралды», – деп түсіндірді әуе компанияның баспасөз қызметі. 

Сол мезетте жолаушылардың арасынан медициналық білімі бар адам табылған.

«Ұшақ баспалдағы жалғанып, қонудан кейінгі тиісті процедураларын аяқтағаннан кейін бортсеріктер әуежай қызметкерлеріне болған жай туралы жедел хабарлап, білікті медициналық қызметкерлерді сұрады. Алайда, ұшақтан түсіру кезінде жолаушы дәрігерлерді күтпестен борттан шығып кетті», – делінген хабарламада. 

Сондай-ақ ресми ақпаратта бортта алғашқы медициналық көмек қобдишасының болғаны айтылған.

«Ұшақтың бортында белгіленген стандарттарға сәйкес жабдықталған алғашқы медициналық көмек қобдишаларының үш түрі бар екенін еске салғымыз келеді. Аталған жолаушыға қатысты білікті медициналық қызметкерлерді іздеу және шақыру бойынша алғашқы медициналық көмек көрсетілді», – деген жауап алдық. 

FlyArystan мәліметінше, жолаушы дәрігерлерді күтуден бас тартқан.

«Жолаушы Ләйлә Сұлтанқызынан шынайы кешірім сұраймыз және тезірек сауығып кетуін тілейміз. FlyArystan борттағы қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығын еске салады. Өйткені біздің басты құндылығымыз – жолаушыларымыздың қауіпсіздігі», – дейді әуе компаниядан.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.