Dara президенттік бастамалар қоры Эдинбург қаласында (Шотландия) өтіп жатқан әлемдік ауқымдағы ең маңызды мәдени іс-шаралардың бірі Edinburgh Fringe фестиваліне қатысты.
Dara президенттік бастамалар қоры: Мақсатымыз – Қазақстанның бай мәдени мұрасын әлемге таныстыру
593
оқылды

Биыл қор фестиваль аясында Fringe Fusion: Kazakhstan & Global Art Partnerships атты іс-шараға бастамашы болды. Негізгі мақсат – жиналған халықаралық аудиторияға Қазақстанның бай мәдени мұрасын таныстыру. Қордың бұл маңызды қадамы еліміздің креативті индустрияларын халықаралық аренада дамыту жөніндегі стратегиясының маңызды бөлігі. 

Қазақстанның креативті индустрияларының әлемдік мәдени ландшафтқа қосатын елеулі әлеуеті бар. Мәселен, Қазақстан жаһандық қоғамдастыққа инновациялық дизайн мен  музыкадан бастап, тарихи кино және заманауи өнер туындыларына дейінгі идеялар мен жобалардың кең ауқымын ұсынуға дайын. Fringe Fusion-да Қазақстанды OzgeEpic, A. I. Theatre және ARTиШОК тәуелсіз театры секілді жетекші театр ұжымдарының арнайы шақырылған спикерлері таныстырды. 

 

Қордың іс-шара бағдарламасының бірінші бөлімі – Қазақстанның мәдени мұрасы мен шығармашылық ынтымақтастық үшін мүмкіндіктерін таныстыру презентациясы болса, екінші бөлімі – панельдік пікірталастан құралды.  Панельдік кездесу барысында Үндістан, Гонконг, Индонезия және Сингапурдан келген продюсерлер қазақстандық шығармашылық бастамаларға айтарлықтай қызығушылық танытты. 

Мәдени алмасу және ынтымақтастық перспективалары жайлы пікірталасты Даниядан келген халықаралық орындаушылық өнер бағдарламаларының жетекшісі Karen Toftegaard жүргізді.

«Қор Қазақстанның креативті экономикасының өсуі үшін қолдау құралдарын белсенді дамытуды жоспарлап отыр. Біздің мақсатымыз – қазақстандық таланттарға назар аударуға және олардың тұрақты дамуы үшін жағдай жасауға ықпал ететін халықаралық серіктестік құру», – деп атап өтті Қордың коммуникациялар және маркетинг бөлімінің директоры Бибігүл Мақажанова. 

Фестивальге жиналған жұрт Тайвань, Корея, Дания, Финляндия, Гонконг және басқа елдердің бағдарламаларына көзайым болды. Бұған дейін Қазақстан мен Орта Азия мұндай іс-шараларға сирек қатысқанын айта кету керек. Қор президенті Әсел Шілдебаева: «жетекші мәдени алаңдармен халықаралық әріптестікті нығайту – Қазақстанның креативті индустрияларына деген қызығушылығын айтарлықтай арттырмақ. Креативті жобаларды одан әрі дамытып, оларды әлемдік шығармашылық кеңістікке біріктіруге ықпал етеді. Дегенмен шетелдік алаңдармен тығыз ынтымақтастық нәтижелері уақытты талап етеді, бұл қажетті әрі жүйелі процесс», – деді. 

Жаһандану жағдайында Қазақстан мен Орталық Азияның мәдени бірегейлігін алға жылжыту басты міндетке айналуда. Алайда  аймағымыздың әлемдік мәдениетке қосқан елеулі үлесіне қарамастан, біз әлі де жаһандық мәдени диалогтен шеттеліп жүрміз.  Осы  орайда Қор Қазақстанның креативті кәсіпкерлерінің дамуына ықпал ететін тәуелсіз экожүйені құру бойынша белсенді жұмыс атқара отырып, осы жағдайды өзгертуге ұмтылады. Өйткені халықаралық креаторлармен ынтымақтастық орнату – мәдени алмасу мен өзара түсіністікке ықпал ете отырып, халықаралық қатынастарды нығайтуға әсер етеді.

Edinburgh Fringe Festival – 1947 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан Edinburgh Fringe фестивалі театр, музыка және комедия қойылымдары үшін әлемдегі ең үлкен платформа. Фестиваль көптеген әртіс пен ұжымдар үшін бастапқы алаң ретінде қызмет етеді, бұл өз кезегінде халықаралық танылудың бірегей мүмкіндіктерін ұсынатын орта.