Қазақстан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының үшінші күнінің қорытындысы бойынша медальдық есепте бірінші орында тұр.
Ұлттық құрама көш бастап тұр
1,036
оқылды

Бүгінге дейінгі медальдық көрсеткіштерде де үлкен айырмашылықпен көш бастап келеді. Жарыстың үшінші және төртінші күні спортшылар көкпар, көкбөрі, аударыспақ, жамбы ату, кураш, дәстүрлі садақ ату, қазақ күресі, мас-рестлинг, асық және тоғызқұмалақ, теңге ілу, құсбегілік, арқан тарту ойындары бойынша сайысқа түсті. 

Әзірге ұлттық құраманың ен­шісінде – 48 медаль. Оның 28-і – алтын. V Дүниежүзілік көшпен­ділер ойындарының үшінші күнінде аударыспақ сайысының үш салмақ категория­сы бойынша жеңімпаздары анық­талды. 90, 100 және 100 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі спортшылар бәсе­кесі өтті. Бұл «Қазанат» иппо­дромы маңындағы этноауылда ұйымдастырылды. Аударыспақтан 100 келіден жоғары салмақта Бір­жан Қосалиев Қырғызстан спорт­шысы Кумуш­бек Қыдырәлиевтен басып түсіп, алтын жүлдеге қол жеткізді. Сы­рым Ізбасаров (100 келі) моңғо­лия­лық спортшы Ер­болат Жеңіс­бек­ті жеңіп, алтын жүлде алды. Ал 90 келі салмақ дә­ре­жесінде Есім­хан Рахматіллә күміс жүлде енші­леді. Ол Қыр­ғызстан спортшысы Ислам Берді­бекуулынан жеңілді. Ұлттық құрама спортшылары аударыспақ­тан жалпы есепте бес алтын, бір күміс еншіледі.

Көшпенділер ойынының үшін­ші күнінде «Арғымақ» ат-спорт кешенінде өткен Qalqan стиліндегі дәстүрлі садақ ату сайысында ерлер арасындағы алтын жүлде Мажарстан спорт­шысы Кочжа Ласзлоға бұйырды. Екінші және үшінші жүлделі орындарды қазақстандық Ербол Тапенов пен Қанат Қасымхан ие­ленді. Бұл – Қасымханның көш­пен­ділер ойындарындағы екінші қола медалі. 

Ал әйелдер арасындағы мер­ген­дер ішінен үздік шыққан индо­незиялық Рено Сури алтын медаль иегері атанса, Ресей спортшысы Анна Алексеева күміс жүлдені ие­ленді. Ал Қырғызстаннан келген спортшы Асель Садырова қолаға қол жеткізді.

Қазақ күресінен өткен бәсеке­лер Жақсылық Үшкемпіров атын­дағы Жекпе-жек сарайында ұйым­дас­тырылды. Бұл спорт түріне ерлер мен әйелдер әрқай­сысы төрт салмақ дәрежесінде сынға түсті. Қазақстандық балуан­дар екінші жарыс күні 4 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде иеленді. Айта кетсек, жарыстың бірінші күні боз кілемде күрескен 8 қазақстандық спортшының барлығы да жеңістің биік тұғырына көтерілген бола­тын. Ерлер және әйелдер арасын­дағы қазақ күресі аталған жекпе-жек сарайында өз мәресіне жетті. 41 елдің спортшылары 8 салмақ дәрежесінде бәсекеге түсті. Жарыс нәтижесі бойынша ерлер арасын­да Ерасыл Жаңатай (90 келі) қола медаль, Ерсұлтан Мұзаппаров (100 келі) мен Нұрдәулет Жарыл­ғапов (100 келіден жоғары) алтын ме­даль тақты. Ал әйелдер ара­сында қазақ күресінен Роза Ны­сан­тайқызы (70 келі) мен Зарина Сарипова (65 келі) бірінші орын­нан көрінсе, Зәмзәгүл Файзо­ланова (77 келі) күміс медальды мойнына ілді. Альбина Бақиева қоланы қанағат тұтты. Қазақ­стан­дық балуандар қазақ күресі­нен барлығы 15 медаль алды: оның ішінде 12 алтын, 1 күміс, 2 қо­ла.

«Алау» мұз сарайы аренасында кураштан ерлер және әйелдер ара­сындағы бәсеке аяқталды. Ұлттық құрама бұған дейін өзбек күресін 13 жүлдемен (1 алтын, 6 күміс 6 қола) қорытындылады. Бәсекенің соңғы күні әйелдер бір салмақ, ал ерлер үш салмақ дәрежесі бойын­ша жеңіс тұғырына таласты. Ерлер арасындағы таласқа түскен алтын медаль Өзбекстаннан келген Отабек Касановқа бұйырды. Отан­дық спортшы Айбек Қазақ­баев (66 келі), Ернұр Сүлейменов (60 келі) және Шаймерден Нұрдин (74 келі) күміс медальға ие болды. Ал әйелдер арасында 57 келі салмақ дәрежесінде қазақстандық Толғанай Әбенова екінші орын тұғырынан, Алтынай Нұрханова үшінші орыннан көрінді.

10 қыркүйек күні Саха халқы­ның ұлттық спорты – мас-рес­тлинг (таяқ тарту) бойынша бә­секе өз мәресіне жетті. Жүлделі орын­дар ерлер мен әйелдер ара­сында 2 салмақ дәрежесі бойынша сарапқа салынды. Мас-рестлинг­тен ерлер арасында 105 келі салмақ дәрежесінде Еркебұлан Ерлан мен 75 келі салмақ дәре­жесінде Ольга Душаева қола жүл­дегер атанды. 

«Қазанат» ипподромында өтіп жатқан көкпардан іріктеу кезеңін­де Қазақстан командасы АҚШ ков­бойларын 12:4 есебімен жеңсе, Қырғызстан спортшылары Түр­киялық әріптестерін 15:1 есебімен басып озды.

Көкбөрі сайысына келер бол­сақ, Түркия командасы АҚШ ойыншыларын 2:1 есебімен ұтты, ал ресейлік шабандоздар Өзбек­стан командасынан 3:2 есебімен басым түсті. 

10 қыркүйек күні өткен тоғыз­құмалақ сайыстарының нәтижесі бойынша 23,5 ұпаймен Қазақстан командасы көш бастаған. Кешегі жарыс қорытындысы бойынша Мөлдір Серікқызы, Бексұлтан Бостандықов тоғызқұмалақтан көшпенділер ойындарының чем­пионы атанса, Аңсаған Қожанәсіп пен Ерсұлтан Әуелбай жарыстың қола жүлдегерлері атанды. 

Көшпенділер ойындары бағ­дар­ламасында қызық әрі аса қы­ра­ғылықты талап ететін ойынның бірі – жамбы ату. «Қазанат» иппо­д­­ромы маңындағы этно­ауылда өткен жамбы ату спорты­ның Түр­кі стилінен алтын жүлдені Ералхан Айкөз, ал қола жүлдені Айтбек Са­рыбай жеңіп алды. Күміс жүл­дені түркиялық Керем Игит енші­леді. Жарыстың екінші күнінде ұлттық құраманың үш бірдей спортшысы Азия стилінен жүлделі орындарға ие болған еді. Ел намысын қорғап, бәсекеге түскен спортшылардың қоржынға салған жалпы медаль саны әзірге 54-ке жетті, оның 24-і – алтын, 12-сі – күміс, 18-і – қола.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушылар 21 спорт түрінен 97 медаль жиын­тығын сарапқа салып жатыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 250 млн теңге. Төрткүл дүние көз тіккен дүбірлі доданың жабылу салтанаты «Көшпенділер ғаламы» этноауылында 13 қыркүйекте өтеді. 

Бет қатталып жатқанда: Бес асықтан Қазақстан қыздар құра­масы және асық атудан ерлер құра­масы V Дүниежүзілік көшпен­ділер ойындарының жеңім­пазы атанды.

Арқан тарту бойынша Қа­зақстан Ресейден кейін екінші орынға тұрақтады.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ