Мемлекеттік кеңесші облыс әкімі Ермек Көшербаевтың, қала және аудан әкімдерінің, мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен ішкі саясат мәселелері бойынша жиналыс өткізді. 
Мемлекеттік кеңесші Шығыс Қазақстан облысында қоғам белсенділерімен кездесті
449
оқылды

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің және Ұлттық құрылтайдың бір топ мүшесінің қатысуымен Шығыс Қазақстан облысында кездесулер өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Атап айтқанда, Мемлекеттік кеңесші облыс әкімі Ермек Көшербаевтың, қала және аудан әкімдерінің, мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен ішкі саясат мәселелері бойынша жиналыс өткізді. Жиында азаматтық қоғамды дамыту, ел бірлігін нығайту, ономастикалық жұмысты үйлестіру, жастарды қолдау салаларындағы Президент бастамаларын жүзеге асыру барысы және идеологиялық жұмыстың басқа да маңызды бағыттары талқыланды.

Сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың мүшелері жергілікті сарапшылармен жүздесіп, Шығыс Қазақстан облысында жүргізіліп жатқан талдау және зерттеу жұмыстарына қатысты өзекті мәселелерді қозғады. Басқосуға қатысушылар өзара бірлескен іс-қимылдың форматын талқылап, өңірдегі қазіргі қоғамдық-саяси ахуал жөнінде пікір алмасты.

Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың мүшелерімен бірге Шығыс Қазақстан облысының Қоғамдық кеңес өкілдерімен жүздесті. Іс-шарада Мемлекеттік кеңесші Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында мемлекеттік саясат жүргізу ісінде экономикалық реформаларға басымдық берілгенін атап өтті.

Өткізілген кездесулер барысында Ерлан Қарин еліміздің өсіп-өркендеуі үшін өндірістік әлеуетімізді толық пайдалануға ықпал ететін жүйелі шаралар қажет екенін айтты. Сондықтан энергия қуатының жаңа көздерін дамыту, атап айтқанда атом электр стансасын салу өте өзекті мәселе екеніне назар аударды. Ерлан Қарин атом электр стансасы экономикалық өсімнің маңызды шарты ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның энергетикалық дербестігін қамтамасыз етуге жол ашатын тамаша мүмкіндік екенін айрықша атап өтті.

Өңірлерде кездесу өткізу жергілікті жұртшылықпен диалогті нығайтуға, сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың қызметі аясында бірлесіп бастамалар мен ұсыныстар әзірлеуге септігін тигізеді.