Бүгінде Шымкент қаласындағы денсаулық сақтау саласында оң өзгеріс көп. Соңғы кездері бірқатар игі жаңалықтың куәсі болып жүрміз. Жуырда үшінші мегаполисте алғаш рет аурухана базасында госпиталдық фармация бөлімшесі ашылды.
Халық саулығы – басты назарда
414
оқылды

Қалалық балалар клиникалық ауруханасы базасында ашылған жаңа бөлімше қажетті медициналық жабдықтармен, медициналық және ламинарлық шкафтармен, ротациялық орау машинасымен жабдықталған. Бөлімшенің басты міндеті – дәрілік заттарды уақытылы, сапалы дайындау және пневматикалық пошта арқылы медициналық ұйымның клиникалық және параклиникалық бөлімшелеріне жеткізу. Сонымен қатар қала ауруханаларында госпитальдық фармация бөлімшесін ашу нәтижесінде дәрілік заттарды тиімді пайдалану есебінен бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге болады. Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков қала әкімі Ғабит Әбдімажитұлының тапсырмасы аясында дәріні және бюджетті тиімді, ұтымды пайдалануға тапсырма беріліп отырғанын атап өтті. Аталған тапсырма аясында биыл 6 медициналық ұйым госпитальдық фармация бөлімімен қамтамасыз етілмек.

– Шымкент қаласында балалар ауруханасы бойынша үлкен жетістіктерге жеттік деуге болады. Біз мұны көптен бері жоспарлап жүргенбіз. Бұл бөлімше дәріні тиімді рационалды пайдалануға өте қажет. Дәрігерлер дәріні әр баланың салмағына қарай тағайындап береді. Ал тағайындаған дәрінің өлшемі 20 мл немесе 50 мл болуы мүмкін. Өкінішке қарай, бұдан бұрын белгіленген мөлшерден қалып кеткені пайдаланылмайтын. Себебі дәріні стерильді препарат болғаннан кейін пайдалануға болмайды. Ал енді қазіргі енгізіп жатқан жүйе ашылған дәріні тиімді пайдаланып, бір емес, екі балаға, тіпті үш балаға дейін тиісті құрамын сақтай отырып пайдалануға жол береді. Мұнда адамның араласуы азайып, пневмопошта арқылы қажетті дозалар шприцке құйылады. Мұндай әдіс-тәсілдің берері көп, – деп атап өтті басқарма басшысы.

Сонымен қатар №1 қалалық клиникалық ауруханасына 60 жастағы ер кісі түнгі сағат 04.00-де жедел жәрдем көлігімен ауыр халде түскен. Жағдайының ауырлығына байланысты науқасты дәрігерлер реанимациялық залға кіргізіп, шұғыл көмек көрсетті. Науқаста пульс анықталмай, есінен танып, жүрек соғысы болмаған.

Медицина қызметкерлері жедел түрде реанимациялық шараларды бастап, қатарынан бірнеше анализ алынып, УДЗ түсірілген. Жүрек ритмі қалыптастырып, анализі гемоглобин 57 г/л. УДЗ іш қуысында 1000 мл-1200 мл қой сұйықтық берілді.

Жүрек соғысы қалыпқа келген науқасқа хирургтер мен анестезиологтер шешімімен жедел түрде ота жасалды. Ота кезінде іш қуысына 4 000 мл дейін қан болған. Жүрек тағы бір рет тоқтап, қалпына қайта келтірілді және қан құю процесі қатарынан жүргізілді. Операцияда бауыр мен асқазанаралық байлам жыртылғаны анықталып, хирургиялық жолмен байланды. Дәрігерлер отаның сәтті өткенін айтып, екі тәуліктен кейін науқасты жансақтау бөлімінен хирургия бөлімшесіне ауыстырған. Осылайша, пациент клиникалық өлім және ауыр ота жасалғанына қарамай тез айықты. Бір айға жуық медицина қызметкерлерінің бақылауында болған науқас сауығып, бүгінде ауруханадан үйіне оралды.

Жуырда Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков Еңбекші ауданына қарасты Қаратөбе елді мекеніндегі тұрғындармен кездесу өткізді. Қаланың бас дәрігері кездесуде жергілікті халықтың пікірін тыңдап, медицина саласындағы тұрғындардың көкейде жүрген мәселелерін талқылады. Жергілікті тұрғындар тарапынан бекітілген халық тіркелімі бойынша «Дария-медикус» ЖШС-на тіркеп беруін сұранды. Басқарма басшысы медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына жеке тұлғаларды бекіту қағидаларын бекітуі бойынша қордың бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде 1 қыркүйектен бастап 1 қараша аралығында бекіту науқаны жүргізілетінін түсіндірді. Аталған науқан аясында әрбір азамат өз қалауы бойынша емханаға тіркеле алады.

Одан бөлек, шымкенттік дәрігерлер трансплантация жасау бойынша елімізде алдыңғы қатарда тұрғанын айта кеткен жөн. Мәйіттен алынған жүрек трансплантациясы Шымкентте екінші рет жасалды. «Жүрек» орталығының қызметкерлері ағза алмастыру отасын өз күшімен жасайды. Мұндай жоғары технологиялық операциялар мемлекет тарапынан тегін жасалады.

Осыдан біраз уақыт бұрын дәрігерлер шымкенттік 58 жастағы азаматқа жол апатынан қайтыс болған 18 жасар жігіттің жүрегін сәтті қондырып берді.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы