Бүгінгі кездесу Қазақстандағы тұрақты туризмді дамытудың ағымдағы сын-қатерлері мен келешегін талқылауға арналған бірегей платформаға айналды.
400 миллиард теңгеге 61 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр – Бақытжан Темірболат
584
оқылды

Дүниежүзілік туризм күнін мерекелеу аясында ҚР ПІБ Президенттік орталығында «Қазақстандағы тұрақты туризм» тақырыбында Fishbowl-пікірталас өтті.

Іс-шараны «Атамекен» ҰКП қолдауымен ҚР Президенттік орталығы, Еуразиялық туризм қауымдастығы, Қалалық туризмді дамыту орталығы (Астана қ.) бірлесе ұйымдастырды.

Fishbowl-пікірталас Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі басымдықтарды ескере отырып, тұрақты туризм қағидаттарын ілгерілетуге және осы маңызды саладағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды. Мемлекет басшысы еліміздің басты туристік нысандарындағы инфрақұрылымды жаңғыртудың, туристік жобаларды іске асыру кезінде экологиялық тепе-теңдікті сақтаудың және табиғатқа зиян келтірудің алдын алудың маңызын атап өткен болатын.

Бүгінгі кездесу Қазақстандағы тұрақты туризмді дамытудың ағымдағы сын-қатерлері мен келешегін талқылауға арналған бірегей платформаға айналды және еліміздің туристік секторын жаңғыртуға бағытталған ҚР Президенті Іс басқармасы мен БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік туристік ұйым (UNWTO) арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою аясында ерекше өзектілікке ие болды.

Қазақстан Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат өзінің құттықтау сөзінде, туризм әлемдік экономиканың серпінді дамып келе жатқан салаларының бірі екенін, оның өсу қарқыны көптеген басқа салалардан екі есе дерлік жылдам екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің туристік әлеуетін дамытудың стратегиялық маңызын атап өтті. Әсіресе туризмді дамыту қоршаған ортаны қорғау және мәдени мұрамызды сақтаумен қатар жүруі керектігін айтты. Тәжірибе жүзінде бұл туризм саласына құйылған инвестицияның биыл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе артып, 390 миллиард теңгеден асқанынан көрінді. Бүгінде ҚР Туризм және спорт министрлігі арқылы жалпы құны шамамен 400 млрд теңгеге 61 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр», - деді Б.Темірболат.

«Атамекен» ҰКП Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Юлия Якупбаева өз сөзінде біздің еліміздің бірегей табиғи аумақтары және  туристерді тартатын бай мәдени-тарихи базасының болғаны Қазақстан үшін туризмнің негізгі бағыттары эко- және мәдени туризм болып табылатынын атап өтті. 

«Тұрақты туризм – экономикалық өсуді, қоршаған ортаны қорғауды және әлеуметтік-мәдени байланыстарды дамытуды үйлесімді үйлестіруге мүмкіндік беретін Қазақстан үшін стратегиялық даму жолы. Тұрақты туризм қағидаттарын енгізу Қазақстанға халықаралық туристер мен инвесторлардың назарын аударып, аймақтағы көшбасшы болуға көмектеседі», - деді Ю.Якупбаева.

Өз кезегінде Қалалық туризмді дамыту орталығының президенті Әйгерім Есеналиева халықаралық туризмді дамыту, оның ұлттық экономиканы өркендетуге, халықтың көп бөлігін жұмыспен қамтуға қосқан үлесі, сондай-ақ отандық туристік салаға инвестициялар тарту құралдары туралы айтып берді. 

Өз баяндамасында Еуразиялық туризм қауымдастығының президенті Рысты Қарабаева Дүниежүзілік туристік ұйым, Дүниежүзілік саяхат және туризм жөніндегі кеңестің, Euromonitor International және басқа да ірі халықаралық ұйымдардың зерттеулеріне негізделген Қазақстандағы қалалық туризмді дамыту тақырыбын қозғады. 

«Қала туризмі бойынша VI жаһандық саммитте тұрғындар – қала қонақтары, ал туристер уақытша тұрғындар екені айтылды. Қазіргі таңдағы өзекті мәселе – қалалық туризмді дамыту үшін жалпы қалаларды жаңғырту қажет. Бұл урбанизацияның сын-қатерлеріне жауап беретін «Ақылды қала» тұжырымдамасымен тығыз байланысты. Қазірдің өзінде көптеген дестинациялар туристік индустрияға әсер ететін «ақылды қала» технологияларын енгізіп жатыр», – деп сөзін түйіндеді Р.Қарабаева.  

Іс-шараға Астана қаласы мәслихатының депутаттары, Қазақстанның туристік саласының сарапшылары, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, қазақстандық жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен қоғам қайраткерлері қатарынан 60-қа жуық адам қатысты.

Ашық пікірталас барысында қатысушылар қазақстандық туризм саласындағы өзекті мәселелер мен мүмкіндіктерді талқылады, сондай-ақ отандық туристік инфрақұрылымды жақсартуға, инвестициялар тартуға, елдің табиғи және мәдени мұрасын сақтауға, озық цифрлық технологиялардың тиімді құралдарын пайдалана отырып, республикада туристер үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған ұсынымдар әзірленді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram   арнасынан таба аласыз.