Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы жолдасы өмірден өткенде қиын кезеңді бастан өткергенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ләйлә Сұлтанқызы сұқбат барысында жолдасын еске алып, көзіне жас алды. Ол отағасы денсаулығына қатты қарағанын атап өтті. Оның өмірден өткенін қабылдай алмай қиналғанын жасырмады. Тележүргізуші сол сәтте ұлдары Сағадат пен Сардарға қолдау көрсеткен мектеп ұжымына алғысын білдірді.
"Қайреке сияқты денсаулығын күткен адамды мен көрген емеспін. Жылына екі рет толық тексерістен өтіп, қажет вакциналарды алып тұрды. COVID-19-ға қарсы екпені де алды. Бірақ бұл дерт вакцина салғаннан кейін де жеңіл түрде өтуі мүмкін екен. Одан кейін ағзаның көп нәрсеге иммунитеті төмен болады екен. Жолдасымның өліміне дайын болмадым. Алдымен қабылдауға жету жолында Құдайдың ісіне қарсы шығып, ашуланасың. Бұл күйзеліске толы кезеңнен өту үшін біраз уақыт кетеді. Әкелері қайтыс болғанда екі ұлы да үйде болды. Мен болмадым. Сол кезде балалар қатты қорқып қалған. Баламның мектебінің директорынан бастап, психологтарына дейін үйге келіп, көңіл айтты. Мен өзім ештеңені түсініп жатпадым, күйзелісте жүрдім. Сол кезде “Ләйлә ханым, балаларға алаңдамаңыз. Олар психологпен жұмыс істеп жатыр. Мына кезеңнен өту үшін балаларға біз көмектесеміз” деді. Қатты таңғалып, алғысымды білдірдім. Өйткені менің әкем дүниеден өткенде олай мектептің психологтары келіп, бізбен жұмыс істемеген”, – деді Ләйлә Сұлтанқызы.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.