Экологиялық таза әрі әлемдегі ең сапалы саналатын қазақ бидайының Өзбекстанның ұн өндірісіне аса ірі көлемде «үлес» қосып, көршіміздің әлемдегі көшбасшы ойыншылардың қатарына енгенін өткен сандарымызда жазғанбыз.
Күнбағыс та кетті көршіге
2,717
оқылды

Көршіміз ендігі кезекте қазақ елінің май өңдеу саласының құлдырауын ұтымды пайдалануға көшкені байқалады. Климаттық жағдайы майлы дақылдарды өсіруге қолайлы болмағанымен, олар майлы дақылдар оның ішінде Қазақстаннан таза шикізат күйінде экспортталатын күнбағысты қайта өңдеуге күш сала бастаған...

Ауыл шаруашылығында астықты дәнді-дақылдардан кейінгі кезектегі  май­лы да­қылдар өндірісі – ел экономика­сына айтарлықтай аса қомақты табыс беруге қабілетті ауқымды әрі қажеттілігі мол сала. Тіпті, білікті экономист ғалымдар соңғы уақытта әлемдік нарықта мұнайдан гөрі кәдімгі тамаққа пайдаланатын өсімдік майларын сатудың әлдеқайда тиімдірек бола бастағанын дәлелді фактілерімен келтіріп отыр. Майлы дақылдарды көбірек өндіргенімізбен кейінгі жылдары аталған саладағы аграрлық шаруашылықтардың алға басқан қадамы кері кете бастағаны байқалады. Бұған отандық майлы дақылдарды қайта өңдеудегі кедергілер кері ықпалын тигізген. 

Қоңыр күздің ортасына таман майлы дақылдарды оратын науқан басталатын уа­қыт та жетті. Қазақ еліндегі майлы да­қыл­дар өсіретін шаруашылық серік­тестіктер мемлекеттен бөлінетін субси­дияның арқасында май-шелпекке батып жатқанымен, ел экономикасына қосар үлесі аса төмен көрсеткішке түскен. Мұны Парламент депутаттары Үкіметке жолдаған сауалдарында да ашық көтерді. Халық қалаулылары Үкіметтен елдің майлы дақылдарды қайта өңдеу саласын тоқыраудан алып шығатын аса шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін қадап айтты. 

– Елдің аграрлық саласын қолдау мақсатында мемлекеттік бюджеттен тек соңғы екі жыл ішінде ғана аграрлық өнер­кәсіп кешеніне бағытталған суб­сидиялық қаражат сомасы 929,2 миллиард теңгені құрады. Алайда бәріміз көріп отырғандай бұл салада ешқандай нақты алға жылжушылық жоқ. Экономикадағы ауыл шаруашылығының үлесі небәрі 5 пайыздық межеден аса алар емес. Экспорт­тың көлемі де басқа салалардың өнімдері­мен салыстырғанда тым төмен деңгейде ор­на­ласқан, – делінген Премьер-Министрге жолданған депутаттық сауалда.

Мәселен, ондаған жыл бойы астық экспортындағы қалыптасқан саясаттың салдарынан қазақ елі әлемдік нарықта өзінің көшбасшылық позициясынан айырыла бастаған. Тек соңғы он жылдың өзінде ғана 63 елге шығарылатын Қазақ­стан­ның астықты және майлы дақылдар экспорты 44 елге дейін төмендеп кеткен.

Түйткілдің түйінін анықтамақ болып, алдымен «Қазақ майлы дақылдар қайта өңдеушілерінің ұлттық ассоциациясы» төрағасы Ядыкар Ибрагимовты әңгімеге тарттық. Майлы дақылдар айналасындағы өзекті мәселені ол бүге-шігесіне дейін айтып берді. Ассоциация төрағасының мәліметінше, 2023 жылы үлкен күрестің арқасында күнбағыс дақылына салынған экспорттық 20 пайыздық баж салығы майлы дақылдардың шикізат күйінде шы­ғуын тоқтата алмаған. Салдарынан, май­лы дақылдардың кемінде 20-25 пайызы тек шикізат күйінде сыртқа шығарылып жатыр. Бұл өз кезегінде Орта Азиядағы Өзбекстан, Тәжікстан сияқты өздерінде майлы дақылдарды өндіре алмайтын елдерде май өңдеу кәсіпорындарын ашуға мүмкіндік берген. 

– Қазіргі қазақ май зауыттарының 3,6 миллион тонна майлы дақылдарды өңдеуге қуаты бар. Бірақ іс жүзінде тек 32 пайыз қуатымен ғана жұмыс істеп тұр. Өйткені өнімнің неғұрлым мол бөлігі сыртқа шикізат күйінде шығарылуынан саладағы жағдай аса құлдырап кетті. Мұны біз Ауыл шаруа­шылығы министрлігі­не жылдар бойы түсіндіріп келеміз. Экспортқа 20 пайыз баж салығы жеткілік­сіз. Бізден 15 есе көп майлы дақылдар шы­ғаратын Ресей, мемлекеттік бажды 50 пайызға дейін көтеріп отыр. Яғни, рубльмен са­на­ғанда 32 мың, ал еуромен есептесек 310 еуроға шығады. Осыдан кейін Ресейдің барлық шикізат өнімі өзінде қалып, өзінде өңделеді. Әрі бізге өңделген өнімдерін шығарып, пайда­сын көріп отыр. Өзіміз өңдемесек, іс осы­лай жалғасып кете береді. Қазір тә­жік­тер мен өзбектер де қазақ шикізатын алып өздерін­де өңдеу кәсіпорындарын салып алған. Қазақ соясының да көп бөлігі экспорт асып кетеді. Қытай күн­бағысты импорт­таушы ел саналады. Бірақ 9 пайыз қосымша құн салы­ғы және 9 пайыз басқа салықты қосқанда біздің мемлекеттік бажбен теңе­сіп кетеді. Қазір май шикізаты үшін біздегі 50 шақты май зауыттары бір-бірімен бәсекелесіп жатыр. Елімізде өңдеу ісіне назар аударылмаса өз өндірісіміздің жағдайын түземесек жағдай одан сайын құлдырай береді. Біздегі жағдайды анық аңғарған өзбектер бағаны да тым төмен­детіп қойған. Өйткені басқа амалдың жо­ғын жақсы біледі, – дейді Ядыкар Ибрагимов. 

Салыстырмалы түрде статистикаға жүгінсек, 2018 жылы қазақ елінің өсімдік шаруашылықтары 10 миллион тоннадан ас­там өнімін сырт елдерге экспортқа шығарған. Ал арада алты жыл өткенде экспортқа шығарылатын қазақ майлы дақылдарының өнімі 4 миллион тоннаға дейін азайып шыға келген. 

Өз кезегінде майлы дақылдар өсіретін шаруалар да күнбағыс өсірудегі қиын­дықтарын бөлісті. Олардың айтуынша, майлы дақылдарды егуден жердің құнар­лығы төмендеп кетеді. Табысты болып көрінгенімен машақаты көп. Сондай-ақ өндірілген майлы дақылдарды сатудың өзі үлкен қиындықтарға толы. Мұндай уәжді Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қарасты «Лавровка» ЖШС басшысы Самат Қошанов жеткізді. 

– Майлы дақылдарды өсіру көпшілікке табысты болып көрінгенімен шын мәнінде аса шығынды болып отыр. Қазір өнімді тасуға вагондар тапшы. Элеваторлардың бәрі Азық-түлік келісімшарт корпорация­сының бидайымен толып тұр. Майлы дақылдан бұрын бидайды қабылдата алмай жатырмыз. Баға өте төмен. Осы көктемде 250 мың теңгеге дейін барған рапстың құны қазір небәрі 175 мыңнан ғана болып тұр. Бұл біздің жұмсаған қара­жатымызды да қайтара алмайды. Күнбағыс, лен сияқты майлы дақылдарды өсіргеннен кейін жердің құнары да кетеді. Келесі жылы міндетті түрде парға қалдыру қажет болады. Техникалары да қымбатқа түседі. Бидай биыл мол шық­қанымен сапасы төмен. 3 класты би­дай жоққа тән. Тек 4-5 сыныпты бидай ғана бар. Оны 45-50 мың теңгеге ғана ба­ға­лап жатыр. Элеваторлар майлы дақыл­ды мүлде қабылдамай жатыр. Өнім алғаннан кейін қайда жіберерімізді де білмей дағдарған жағдайдамыз, – дейді Самат Қошанов.

Үкімет саладағы құлдырап кеткен жағ­дайды оңалту мақсатында биылғы жылы көктемгі егіс науқанына бұрынғыдан қарағанда екі еседен астам қаражат бөлген. Алайда аграрлық өнеркәсіп кешендеріне бөлінген барлық қаражаттың 70 пайызы әлі де болса мемлекеттің қазынасынан бөлін­гені анықталып отыр. Депутаттар ома­қаса құлап, берекесі кеткен саланың бойына қайтадан қан жүгірту үшін ком­мерциялық банктердің қаржысын тарту қажет деп санайды. 

– Фермерлерге өсімақысы төмен несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау және алдыңғы қатарлы аграрлық елдердің банктерге қатысты тәжірибесін қолдану қажет, – деді Парламент Сенатының депутаты Сұлтан Дүйсембинов. 

Қазір елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі күрделі көп жақты міндеттердің жүзеге асыруын қажет етеді. Оның өзектілігімен қатар экономикалық, әлеуметтік және саяси аспек­тілері бар екенін естен шығармаған жөн. 

Күнделікті әр отбасы тағамға қосып тұтынатын күнбағыс майын өндіру зор жауап­кершілікті қажет ететін сала екені рас. Ресми деректерге сенсек, соңғы үш жыл­дың ішінде күнбағыстың егістік алқаптары 40 пайызға дейін өскен. Жыл сайын қазақ елі 1 миллион тоннадан астам күнбағыс дәнін жинайды. Өнім көлемі осындай болғанымен Қазақстандағы майлы дақылдарды қайта өңдейтін зауыттар жылы­на 3,3 миллион тонна өңдеуге қауқарлы. Яғни, елде майлы дақылдардың егістік алқабын кеңейтіп, өндірісті ұлғай­туға мол мүмкіндік бар. Майлы дақылдарды өсірудің артық­шылығын халық қалаулы­лары да баса айтты. 

– Май өндірісі – еліміздегі едәуір қар­қын­ды дамып келе жатқан әрі барлық бағыт бойынша айтарлықтай жетістікке қол жеткізген саланың бірі. Май­лы дақылдарды өндіру және қайта өңдеу басымдыққа ие болуға тиіс. Ішкі және сыртқы нарықтарда да саланың өте үлкен әлеуеті бар екенін естен шығармау қажет, – дейді Сенатор Сұлтан Дүйсем­бинов.

Парламент депутаттарының мәлі­метінше, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз­стан сияқты Орталық Азия елдері егістік алқаптарының тым аздығына әрі табиғи-климаттық жағдайларының қолайлы болмауына байланысты майлы дақылдарды жеткілікті көлемде өсіре алмайды. Сондық­тан қазақ елі Орталық Азиядағы 90 пай­ыз­дан астам үлесі бар күнбағыс өндіруші ел болып табылады.

Бұл орайда әлемде халқының саны жөнінен көш бастаған қытай елінің жыл сайын 36 миллион тонна өсімдік майын тұтынып, 11 миллион тоннаға жуығын сырт­қы елдерден импорттайтынын ескеру қажет. 

– Егер Қытай нарығын қарастырсақ, біздің экспорттық әлеуетіміз жоғары. Бізде экспортқа салынатын мемлекеттік баж салығы бар. Өндірісті ынталандыру үшін біз шикізатты шекарадан шығаруды бұғаттап амалдаған боламыз. Бірақ мұның саланың дамуына әрі үздіксіз жұмыс іс­теуіне көмегі мәз емес. Мемлекеттік баж салын­ғанымен көрші елдерге майлы дақылдардың шикізат күйінде экспорт­талуы тоқтар емес, – дейді халық қалаулы­лары.

Тағы да статистикалық деректерге жүгінсек, 2018 жылы қазақ елінің күнбағыс экспорты 1 миллион тоннадан асса, 2019 жылы одан 26,9 пайызға ұлғайып, бір жылда көрші елдерге жөнелтілген майлы дақылдардың көлемі 1 миллион 270 мың тоннадан асып жығылған. Ал қазіргі жағдай, тіпті  ақылға сыйымсыз мүшкіл күйге жеткен. Елде жеткілікті көлемде май­лы дақылдар шикізаты өндіріліп, әрі оны қайта өңдеуге зауыттардың қауқары жеткенімен өнеркәсіп орындарының жүктемесі небәрі 32 пайыздан аспаған. Отан­дық кәсіпорындардың өндірістік қуатының төмендеуі өз кезегінде елдегі барлық салаға айтарлықтай кері ықпалын тигізетіні айтпаса да түсінікті. 

Мәселен, салыстыру үшін тағы да сол күнгейдегі көршіміз – өзбек елін алсақ, мұнда майлы дақылдардың шикізатын экспорттау мүлдем жабық. Өзбектер май­лы дақылдарды толықтай қайта өң­деуге әлдеқашан көшіп алған. Ал өнім көлемі ішкі нарықтан асып бара жатса басы артығын дайын өнім түрінде сыртқа экспортқа шығарып жібереді. Саладағы түйт­кілдің түйіні тым шиеленісіп жатқанын депутаттар ашық көтерді. 

– Өзбекстан бидайды қайта өңдеу кәсіп­орындарын ұлғайтқаны соншалық қазір әлемдегі ұн экспорттаушылардың ең ірі үштігінің қатарына енді. Енді міне астық нарығымен қоса, көршіміз майлы дақыл­дардың нарығын да жаулап ала бастағанын көзіміз көріп отыр. Өзбекстанда қазір күнбағысты қайта өңдеу кәсіпорын­дарының қуаты жылына миллион тоннадан асып кетті. Елімізде майлы дақылдардың қайта өңделген өнім өндірісінің көлемін барынша өсуін қамтамасыз ететін қорғаныс шаралары ауадай қажет, – дейді Сенатор Сәкен Арубаев.

Өкініштісі сол – елімізде тіпті генетика­лық түрлендірілген ағзаларды (ГТА) қолдана отырып, өнім айналымын реттейтін заң да болмай шықты. Мұнымен қоса, өсімдік майын өңдеу саласының даму­ының тежелуіне логистикалық жол­дың, яғни теміржол инфрақұрылым­ы­ның тозуы, маневр локомотивтерінің, платфор­ма­лардың, жабық вагондардың, цистерна­лардың жетіспеушілігі, шекаралық өт­кел­дегі үнемі болатын кептелістер мен басқа да кедергілер кері ықпалын тигізген.

Майлы дақылдарды ору науқанына да санаулы күндер қалған. Осыған бай­ланысты халық қалаулылары жүйелі әрі түбегейлі шаралар қабылдамаса, саланың қайтадан орнынан тұрмастай омақаса құлауына әкеліп соғуы әбден мүмкін деп шамалайды. 

– Ауылшаруашылық өнімдерін қайта өң­деу саласын қолдау арқылы ұсынылған шараларды жүзеге асыру еліміздегі отандық кәсіпорындарды сапалы шикізатпен қамтамасыз етіп қана қоймай өнеркәсіп орындарының өндірістік қуат жүктемесін ұлғайтып, саладағы экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Яғни, ауыл шаруашылығы өнімдері бекітілген ғылыми негізді нормаларға сәйкес қолданылып, бұл майлы дақылдардың өнімділігінің ұлғаюына және отандық ауыл шаруашы­лығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігінің жоғарылауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар елдің экономикалық-әлеуметтік дамуына да оң ықпалын тигізіп, жаңа жұмыс орындарының құрылуына халықтың кірісін арттыруға салық түсімінің көбеюіне әрі елдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді. Жоғарыда аталған мәселелер шаруаларға қолжетімсіз бол­мауға тиіс. Тиісті министрліктерден өзекті мәселелерді жан-жақты қарастырып алдын ала болжап тиісті нақты шаралар қабылдауды өтінеміз, – дейді халық қалаулысы.

 

P.S. 

Қысқасы, отандық өндірістің, оның ішінде ауыл шаруашылығының шикізат күйде өнім шығарудан арылып, алынған өнімді өңдеуге баса назар аудармаса, ел экономикасының кежегесі кейін тартып, көршілердің «сауын сиыры» ғана болып қала бермесіне кім кепіл?! Ел экономикасының түзеліп, төрт аяғын тең басып, отандық нарықты да қамтамасыз етумен қатар шетелдерге де бәсекеге қабілетті өнім шығаруы үшін қазірден бастап әрекет ету қажеттігі сұранып тұр. Сондықтан түйткілдің түйінін тарқату үшін Үкіметтен бастап құзырлы министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар тиісті шешімді ертерек қабылдағаны жөн екенін ескерсе дейміз...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы