Мәжіліс депутаты Максим Рожин референдум жайында ойымен бөлісті.
Халық референдум арқылы өз таңдауын жасады – Максим Рожин
951
оқылды
  – Референдум бойынша алғашқы exit poll нәтижелері шықты. «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институты жүргізген сауалнама бойынша дауыс бергеннің 72,3 пайызы «иә» десе, 27,7 пайызы «жоқ» деген. Ал Еуразиялық интеграция институтының зерттеуі бойынша сауалнамаға қатысқанның 71,8 пайызы «иә» десе, 28,2 пайызы қарсы болған. Бұл тек сауалнамалар нәтижелері, алдағы уақытта Орталық сайлау комиссиясының соңғы нәтижелері жарияланады. Бірақ осы exit poll нәтижелеріне қарасақ, сайлаушылардың төрттен үш бөлігі АЭС мәселесіне қатысты қолдау білдірді.
     Халықтық қолдау штабы жүргізген жұмыс нәтижесі деп білемін. Өзім сол штабтың мүшесі ретінде Жанарбек Әшімжан ағамен бірге Алматы облысын түгел аралап келдім. Жер-жерде азаматтармен көп кездесу өткіздік. Әрине, жұртшылықта АЭС мәселесіне қатысты уайым бар болғанымен, оның басым бөлігі ақпараттың жоқтығынан екенін байқадым. Халыққа өзекті ақпаратты жеткізу мамандар тарапынан аз болды.
    Азаматтар алаңдаған сұрақтарына жауапты Халықтық қолдау штабы мүшелерінен алды. Сонымен бірге өзекті ақпараттың жоқтығына халық налыды. Десе де, осы тұрғыдан Халықтық штаб мүшелері аумақта жұмыс жүргізіп, соның арқасында референдумның өтуіне орасан еңбегі тиді. Қазақстан халқының осындай референдум арқылы өз қалауын айтқаны дұрыс шешім деп білемін. Алдағы уақытта елімізде болатын маңызды бастамаларға, саяси мәселелер халықтың таңдауымен шешілетініне сенемін.