TikTok жұлдызына айналған батыстың әжесі желі арқылы қомақты қаражат жинағанын жасырмады.
Өмірімнің көп бөлігі көше тазалау, еден жуумен өтті: Батыстың әжесі өзі туралы айтты
383
оқылды

«Батыстың әжесі» — Хадиша Аймұхамбетова TikTok-та стримге шығып, 1 жылда 10 миллион теңге тапқан, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл туралы ол журналистерге берген сұхбатында айтты.

«Өзім ауылдан көшіп келген кемпірмін. Жасым 70-ке таяп қалды. Бір түйір балам бар, үш немерем бар. Қырық жыл бойы көше тазаладым. Оқи алмадым, себебі бір кемпірдің жалғыз қызы болдым, әкем бес жасымда қайтыс болды. Мектеп бітірген соң бірден Алматыға келдім. Бірақ оқуға түсе алмадым. Оқымаған кісіге не жұмыс бар. Өмірімнің көпшілік бөлігі көше тазалау мен еден жуумен өтті. Жолдасымнан 26 жасымда айырылдым. Анаммен және кішкентай баламмен қалдым», — дейді батыстың әжесі.

TikTok-қа кіргеніне бір жыл болған екен. Былтыр қараша айында баласы үйде бос отырған анасына әлеуметтік желіге тіркелуге кеңес беріпті.

«Үйде отырдым ғой, немерелеремді бағып, тәрбиелеп отырдым. Ойбай, шығайын, маған да ермек керек дедім. Қалаға келгелі әңгімелесетін үлкен адам жоқ. TikTok-ты шайқап жатырмын. Мені қолдайтын қазақтар, әжелерін сағынады, «әжеге болсын» деп қолдау білдіріп келеді. Үлкен кісі деп сыйлайды, — дейді әже қуанып.

TikTok-та «Батыстың әжесіне» 87 000 адам жазылған.