Бокстан Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Тайландтың Чангмай қаласында Қазақстан құрама командасының қыз-жігіттері жалпы есепте 2 орынға тұрақтады. Ал көршілеріміз Өзбекстан құрамасы көш бастады.
Жүйрікте де жүйрік бар
717
оқылды

Бокстан 2024 жылдың ең ірі турнирі аяқталды. Қазақстан құрамасы бұл додаға ең мықты боксшыларын алып барғанына қарамастан, жалпы есепте 2 орынмен тәмамдадық. Ал жарыстағы басты қарсы­ласымыз Өзбекстан өз құрамасына біршама өзгерістер енгізіп, жаңа боксшыларын паш етті. Жалпы, Өзбекстан құрамасы бұл турнирде тамаша өнер көрсетті десек артық емес. Салыстырмалы түрде айта кетсек, ерлер арасында Өзбекстанның 10 бірдей боксшысы финалға шығып, оның 7-і алтын алса, біздің құраманың 9 бірдей бокшысы финалға шығып, оның 5-і алтын медаль иеленді.

Соңғы әлем чемпионаты алдыңғыдан әлдеқайда өзгеше болды. Барлық ұлттық құ­рамалар мықты спортшыларын шығара ал­мады. Көптеген көшбасшылар Олимпиа­да­дан кейін демалуға шешім қабылдады. Сон­дай-ақ Украина құрамасы да турнирге қа­тысып, қатысушылар санын арттырды. Олар 2 күміс, 11 қоламен жарысты аяқтады. 

Қазақстан құрамасында жазда Париж Олимпиадасында өнер көрсеткен бокс­шылар да болды. Бірақ Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай, Қамшыбек Қонқабаев жарақаттан айығуына байланыс­ты бұл турнирге қатыспады. Шымбергенов желтоқсан айындағы ел чемпионатында рингке оралуды жоспарлап отыр. Нұрбек өз жаттығуларын келесі маусымнан бастайтынын хабарлады. Ал Қонқабаев аз үзілістен кейін рингке оралады деп жоспарлануда. 

Есесіне, жаттықтырушылар кәсіби бокс­шылар Абылайхан Жүсіпов пен Бекзат Нұрдәулетовке өздерін көрсетуге мүмкіндік берді. Чемпионат алдында Айбек Оралбай салмақ санатын ауыстырып, енді 92 келіден жоғары салмақта елімізді таныстырады. Ол Тайландта өткен сында еш сүрінбей өтіп, алтын медальді жеңіп алды. Баһоджир Джалоловтың мирасқоры болуы тиіс жас Зохон Жағыркиров (Өзбекстан) Айбекке қарсы тұра алмады. 

Сайысқа Қазақстан құрамасынан 13 спортшымыз қатысып, оның 10-ы жүлде­лі орындармен елге қайтты. Ал Сәкен Би­­бо­­сынов, Бейбарыс Жексен және Мұхам­медсабыр Базарбайұлы медальсыз қалды.

Ал қыздарымыз бұл турнирде Өзбек­станды шаң қаптырып кетті. Біздің бокс­шыларымыз жолдама алған бес финалдың бәрін алтынмен аяқтады. Олардың қата­рын­да Елдана Талипова (81 келіден жоға­ры), Виктория Графеева (60 келіге дейін), Аида Әбікеева (63 келіге дейін), Наталья Богданова (70 келіге дейін), Гүлсая Ержан (81 келіге дейін) бар. 

Құрлықтық біріншілікті Айгерім Саттыбаева (48 келіге дейін), Жазира Орақбаева (52 келіге дейін), Ұлжан Сәрсенбек (57 келіге дейін), Милана Сафронова (66 келіге дейін), Диана Мағауияева (75 келіге дейін) қола медальмен қорытындылады. 

Біздің команда финалдық раундты жеңіліспен бастады. Жеңіл салмақта (48 келіге дейінгі) финалдық жекпе-жекте Санжар Ташкенбай Шадияржан Меликузиевке (Өзбекстан) есе жіберді. Еске сала кетейік, өткен жылғы Ташкент төріндегі әлем чемпио­натында алтын алған еді. Жас спортшымыз үшін бұл жақсы нәтиже деп айта аламыз. Алдағы ірі турнирлерде топ жарады деген сенімдеміз. 

Ұлттық құрамаға алғашқы алтынды (54 келіге дейін) Махмұд Сабырхан әкелді. Ол үш раундта да керемет жекпе-жек өткізді. Ол мықты боксшылардың бірі Шахзұд Мұзафаровтан (Өзбекстан) бір бас жоғары тұрды. Былтыр Махмұд Әлем чемпионатында жеңіске жеткен еді. Енді ол Азия чемпионатының алтын медалін жеңіп алды. 

– Бүгінгі кездесу өте тартысты өтті. Өзбек боксшысымен бұған дейін 2 рет кез­дескен болатынмын. Ол көбінесе орнында тұрып жұдырықтасатын, бұл жолы көп қоз­ға­лыс жасап ыңғайсыздық туғызды. Бұл ал­тын­мен тоқтамаймыз. Қазақ еліне әлі талай жеңістер сылайтын боламын, – деді Махмұд Сабырхан.

Өзінің финалын 57 келіге дейінгі салмақта Оразбек Асылқұлов жарысты күміс жүлдемен қорытындылады. Ол атақты Миразизбек Мирзахалиловпен (Өзбекстан) қолғап түйістіріп 5-0 есебімен жеңіліп қалды. 

Тағы бір күміс Дулат Бекбауовқа бұйырды. Ол 67 келіге дейінгі салмақта Мужибилло Турсуновтан (Өзбекстан) ұтылып қалды. Бұл жекпе-жекте де өзбек боксшысы басым түсті.

Кәсіби боксшы ретінде командаға орал­ған (71 келіге дейін) Абылайхан Жүсіпов пен Хавасбек Асадуллаевтың (Өзбекстан) арасындағы ұрыс дауға айналды. Жарыс күні өзбекстандық боксшы жеңімпаз атанып күміс медальды біз еншілеген болатынбыз. Алайда Қазақстан бокс федерациясы осы кездесуге қатысты шағым тастады. IBA өкілдері Хавасбек Асадуллаевтың жекпе-жек кезінде жерлесімізді тістегенін растап, төрешілер шешімін өзгертті. Солай жеңіс Абылайханға берілді. Ал тәртіпті өрескел бұзған боксшы бокстан шеттетілді.

Диас Молжігітов 75 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Джавохир Умматилиевпен алтынға таласқан-тын. Қарсылас алғашқы екі раундта үлкен басымдықпен көзге түсіп, отандасымызды жеңіп кетті.

Одан бөлек, Бекзат Нұрдәулетов қор­жын­ға 2-ші алтынды салып берді. Ол (86 келіге дейінгі) салмақта өзбекстандық Жасұрбек Юлдошевке қарсы жекпе-жек өткізді. Бекзат шайқас бойы белсенді, дәлірек және көбірек соққылар жасап төрешілер шешімімен жеңіске жетті. 

 Сағындық Тоғамбай (92 келіге дейін) еш қиындықсыз Паруиз Каримованы (Тә­жікстан) жеңіп, алтын медаль иеленді. Кез­де­суде қарсыласын үш рет нокаутқа түсірген­нен кейін қазақстандық мерзімінен бұрын жеңіске жетті.

Аса ауыр салмақта капитанымыз Айбек Оралбай Азия чемпионатының алтынын 2 мәрте алды. Оның қарсыласы Ремула Абудурексити (Қытай) болды. Бұл боксшымен Айбек 2019 жылы Астанада өткен Президент кубогында Айбек пен Ремула жартылай финалда кездескен. Сол кезде де Айбек жеңісін тойлаған еді. 

– Жаңа салмаққа ауысқаныма көп уа­қыт болған жоқ. Жекпе-жек барысында қытайлық боксшыдан басым түссем де, бір­неше қателіктер жібердім. Алда осы қате­ліктермен жұмыс істеймін. Осы салмақта әлемде бірінші болуға мақсат қойып отырмын. Барша қолдаған жанкүйерлерге алғы­сым шексіз! – деп өз ойымен бөлісті Айбек Оралбай.

Жалпы алғанда, біздің ерлер құрамасы бес алтын, төрт күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Медальдар саны бойынша жалпы есепте Қазақстан (он алтын, төрт күміс және алты қола) екінші орынға тұрақтады. Көршілеріміз Өзбекстан (он алтын, алты күміс, үш қола) чемпионатта топ жарды. Тәжікстан бір алтын, бір күміс және үш қола медальмен үздік үштікті жапты. 

Әсет ҚАЛИ