Қарашада президент сайлауында жеңген Дональд Трамптың инаугурациясы 20 қаңтарға жоспарланған. Инаугурацияны өткізуге қаражат жинау басталды.
Марк Цукерберг жаңадан сайланған президенттің инаугурациясына 1 миллион  доллар берді
Марк Цукерберг жаңадан сайланған президентпен қарым-қатынасын жақсартқысы келеді. Фото kommersant.ru сайтынан алынды. Авторлығы: AP / Esteban Felix
542
оқылды

Financial Times басылымы жариялаған хабарламаға сүйенген Aikyn.kz президенттің инаугурациясына Meta неге ақша бергенін түсіндіреді.

Инаугурацияда президент пен оның мәртебелі қонақтарының қауіпсіздік шараларына көп қаржы жұмсалады. Фото wikipedia.org сайтынан алынды. Авторлығы: U.S. Department of Homeland Security (DHS) / Barry Bahler

АҚШ президентінің инаугурациясы көп қаржылай шығындарды қажет етеді. Инаугурация жаңадан сайланған президенттің 35 сөзден тұратын ант беру рәсімімен ғана шектелмейді. Салтанатты шара бірнеше күнге созылатын мерекелік шаралар, дәстүрлі шеру, гала-концерт, қабылдаулар мен кештерден тұрады. Және осының барлығына қатысатын президент пен оның мәртебелі қонақтарының қауіпсіздік шараларына көп қаржы жұмсалады.

Америкалық медианың есебінше, 2009 жылы Барак Обаманың ұлықтау рәсімі және онымен бірге өтетін іс-шараларына 170 млн доллар, 2017 жылы Дональд Трамптың алғашқы инаугурациясына 200 миллион доллардан астам қаржы жұмсалған.

2025 жылы 20 қаңтарда Дональд Трамптың екінші инаугурациясының қорына Meta 1 миллион доллар аударғаны белгілі болды. Бұл Марк Цукербергтің жаңадан сайланған президентпен қарым-қатынасын жақсартқысы келетінін көрсетеді.

Трамп Facebook желісін «оңшыл дауыстарды (Республикалық партия) цензуралады» деп айыптап, оның бас директорын түрмеге қамауға қорқытқан болатын. Фото whitehouse.gov сайтынан алынды. Авторлығы: Joyce N. Boghosian

Мұндай қайырымдылық көмек Facebook пен Instagram сияқты ірі әлеуметтік платформалардың иесінің алғаш рет инаугурация қорына қосқан үлесі екен. Бұған дейін Трамп Facebook желісін «оңшыл дауыстарды (Республикашыл партия) цензуралады» деп айыптап, оның бас директорын түрмеге қамауға қорқытқан болатын.

Meta-ның жаһандық коммуникациялар бөлімінің басшысы Ник Клегг өткен аптада компанияның пандемияға қатысты контентті модерациялауда «шамадан тыс құлшыныс танытқанын» мойындаған еді. Бұл мәлімдеме де жаңадан сайланған АҚШ президентінің ашуын басуға арналған қадам екені түсінікті.

Сонымен қатар Клегг «Американың технологиядағы, соның ішінде жасанды интеллект сияқты салалардағы көшбасшылығын сақтау туралы президенттің әкімшілігімен пікірталаста Цукерберг белсенді рөл атқаруға» дайын екенін де айтқан.

Осының бәрі Марк Цукербергтің 1 айдан кейін қызметіне кірісетін АҚШ президентімен бұрынғы келіспеушіліктерді жұмсарту екені анық. Бұрын демократиялық партияны (солшыл база) жақтайтын Калифорниядағы Кремний алқабындағы басқа да көшбасшылар Трамптың ықыласына ие болу үшін жарыса бастады. АҚШ-тың технологиялық бизнесі саяси желдердің бағытын өзгерткенін жақсы түсінген сияқты.

Илон Маск жаңадан сайланған президенттің жақын кеңесшісіне айналды. Фото rbc.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Andrew Harnik

Жетекші технологиялық қайраткерлер миллиардер Илон Маск үлгісімен Трамптың командасына жақындаудың әртүрлі жолдарын қарастыруда. Илон Маск жаңадан сайланған президенттің жақын кеңесшісіне айналса, оған жақын Силикон алқабының инвесторы Дэвид Сакс Ақ үй әкімшілігінде «жасанды интеллект пен криптовалюта патшасы» деген теңеуге ие болды.

Трамп пен Цукербергтің қарым-қатынасы бұрындары шиеленісті болды. Meta 2020 жылы сол кездегі президент Трамптың кейбір контентін белгілеп, алып тастағанда, 6 қаңтардағы Капитолий көтерілісінен кейін оның аккаунтын тоқтатқанда тіпті нашарлады.

Ал осы жылдың шілде айында Трамп егер сайланса, ол «сайлауда алаяқтық жасағандарды» жазалайтынын және оларды «ұзақ мерзімге түрмеге жабатынын» ескертіп, «ЦУКЕРБАКС-тер абай болыңыздар!» деген мәлімдеме де жасаған. Осыдан кейін ғана Meta Трамптың Facebook пен Instagram-дағы аккаунттарына қойылған шектеулерді алып тастады.

Осы жылдың басында Цукерберг Meta-ның саяси тұрғыдан «бейтарап» болуын қалайтынын және компания өз қолданбаларында саяси контенттің салмағын азайтқанын айтты.

Цукерберг Трампқа қарсы қастандыққа берген бағасында оны «мықты жігіт» деді. Фото ria.ru сайтынан алынды. Авторлығы: AP Photo / Evan Vucci

Сайлауға бірнеше ай қалғанда Цукерберг Трампқа қарсы қастандыққа берген бағасында оны «мықты жігіт» деп атап, республикалық партия басқаратын Өкілдер палатасының 0ұқық комитетіне «Байден әкімшілігі пандемия кезінде контентті «цензуралауды» талап етіп, Meta-ға бірнеше рет қысым жасады деген айыптау хат жазды.

Сайлаудың нәтижелері белгілі болған соң Трамптың Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясында жеңіске жеткен президентпен бірге тамақтанған. Кейін Meta Цукербергті шақырғаны үшін «рақмет» айтып, «бұл америкалық инновацияның болашағы үшін маңызды уақыт» деген мәлімдеме таратқан. Трамптың инаугурациясына қайырымдылық түрінде Meta-ның қаржы аударғаны туралы алғаш рет Wall Street Journ хабарлады, одан кейін Financial Times және басқа беделді басылымдар бұны растады.

Дональд Трамптың Библияға қолын қойып, ант беру рәсімі. Вашингтон, 20 қаңтар 2017 жыл. Фото usembassy.gov сайтынан алынды

Инаугурацияға қаржы қалай жиналады?

Инаугурация рәсімі ішінара АҚШ бюджетінен және ішінара президенттің Инаугурация комитеті жинаған жеке қайырымдылық қоры есебінен қаржыландырылады. Библияға қолын қойып, ант беретін ресми бөлімнен басқа инаугурация рәсімі Конгресс мүшелеріне және басқа да мәртебелі қонақтарға  дәстүрлі түскі ас берумен (федералды бюджеттен төленеді) жалғасады. 

Инаугурацияға бөлінетін шығындардың ең үлкен бөлігі қауіпсіздік шараларымен байланысты. Олардың құны шамамен 100 миллион долларды құрайды. 

Инаугурация күні полиция мен әскери күштерге, сондай-ақ осы күні жұмысқа бармайтын Вашингтондағы федералды қызметкерлердің жалақысына жұмсалады. Инаугурация шараларындағы қауіпсіздікке Ұлттық қауіпсіздік департаменті жауапты.

Ұлықтау рәсіміне қатысты ресми және мерекелік іс-шаралар Инаугурациялық комитет жинаған жеке ұйымдардың қайырымдылық қаражаты есебінен төленеді. Бұл негізінен жеке тұлғалар мен корпорациялардың жарналары. Обаманың инаугурация комитеті 2009 жылы 53 миллион доллар, ал 2013 жылғы екінші инаугурацияда 44 миллион доллар жинап, жұмсады.

АҚШ-тың 45-ші президенті Дональд Трамп: «Билікті халыққа қайтарамыз». Фото whitehouse.gov сайтынан алынды. Авторлығы: Shealah Craighead

Президент Трамптың 2017 жылғы 20 қаңтардағы бірінші инаугурацияда сөйлеген сөзі:

«Жоғарғы соттың төрағасы Робертс, президент Картер, президент Клинтон, президент Буш, президент Обама, қымбатты америкалықтар және бүкіл әлемдегі адамдар, сіздерге рақмет!

Біз, Америка азаматтары, қазір елімізді қалпына келтіру және оның халық алдындағы міндеттемелерін орындау үшін ұлттық күш-жігерімізді біріктіреміз. Біз бірге Американың және әлемнің көптеген жылдар бойына бағытын белгілейтін боламыз. Біз сынақтарға тап боламыз. Бізді қиындықтар күтіп тұр. Бірақ бұның бәрін орындаймыз.

Төрт жыл сайын біз билікті тәртіпті және бейбіт түрде беру үшін осы баспалдақтарға жиналамыз. Біз президент Обамаға және бірінші ханым Мишель Обамаға өтпелі кезеңдегі мейірімді ынтымақтастықтары үшін алғыс айтамыз. Олар бекзаттық танытты. Рақмет сіздерге.

Дегенмен бүгінгі салтанатты шараның маңызы ерекше. Бүгін біз билікті бір әкімшіліктен екіншісіне немесе бір партиядан екінші партияға жай ғана беріп жатқан жоқпыз. Біз Вашингтоннан билікті алып, оны сіздерге – халыққа беріп жатырмыз».

Көп саяси мағына жасырынған қандай сөздер! АҚШ президенті өзінің сөзін бүкіл әлемге, жаһандағы адамдарға қаратып сөйлейді, «билікті халыққа қайтарамыз» дейді. Сонда осыған дейін демократияның эталоны саналып келген Америкада билік Ақ үйде ғана болғаны ма?! Бұл жолы 47-ші АҚШ президенті Дональд Джон Трамп не айтар екен?

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.