Диас Ахметшәріп Қытайдан оралған қазақстандықтардың денсаулығы туралы айтты
Диас Ахметшәріп Қытайдан оралған  қазақстандықтардың денсаулығы туралы айтты
© inform.kz
453
оқылды
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп 6 қаңтардан кейін Қытайдан елге оралған қазақстандықтардың денсаулығы туралы айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. «6 қаңтардан бастап, бүгінге дейін Қазақстанға Қытай мемлекеттік шекара пункттері арқылы 30 394 адам келді. 6 қаңтардан 4 ақпанға дейін Денсаулық сақтау министрлігі мамандары Қытаймен мемлекеттік шекара арқылы өтетін әуежайлар мен теміржол бекеттерінде 21 838 адамды, оның ішінде 20 084 жолаушы мен 1 814 экипаж мүшелерін тексерді. 29 жолаушыдан дене қызуы мен ЖРВИ белгілері анықталды. Олардың 28-і ауруханаға жатқызылды», - деді Диас Ахметшәріп Қазмедиа орталығында өткен брифингте. Қазіргі уақытта пойыздардың қозғалысы, әуе қатынасы және Қытаймен жеңіл автокөлік тасымалы тоқтатылды. Медициналық ұйымдар тұрғылықты жері бойынша Қытайдан келген азаматтардың денсаулығын бақылауды жалғастырып отыр. «5 ақпанға дейін ЖРВИ белгілері бар 104 адам ауруханаға жатқызылды, 71 адам ауруханадан шығарылды. 33 пациент стационарда қалды. Науқастардың жағдайы жақсы. Коронавирус анықталған жоқ. Барлық ауруханадан алынған сынамалар қосымша бақылау үшін Алматыдағы Ұлттық ғылыми ерекше жұқпалы аурулар орталығына жіберіледі. Бұл орталық жаңа коронавирусты Полимеразды тізбекті реакция әдістемесін меңгерген», - деді Д. Ахметшәріп. Әлем бойынша, жаңа коронавирус салдарынан қаза тапқандар саны бүгін 490-ға жетті.