Мәжіліс депутаты Максим Рожин Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Ата Заңға енгізілетін бірқатар өзгерісті қолдайтынын білдірді, – деп хабарлады Aikyn.kz.
Оның айтуынша, бүгінгі Конституциялық комиссияның отырысы – ел дамуына тікелей ықпал ететін маңызды алаң. Онда елдік мәселелер ашық әрі жан-жақты талқылануда.
– Өйткені қабылданатын әр шешім біздің болашағымызға әсер етеді. Әрқайсымыздың ойымыз бен пікіріміз – еліміздің тағдырында салмақты рөл атқарады. Сондықтан халықтың сұранысына нақты жауап беретін, қоғамдық мүддеге сай шешімдер қабылдау – біздің басты міндетіміз, – дейді ол.
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Максим Рожин жобада ұсынылған нақтылаушы нормаларға тоқталып өтті.
– Біріншіден, еліміз – аумақтық тұтастығы мен шекаралық бүтіндігі сақталған, тәуелсіздігі берік мемлекет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тақаев айтқандай, әлем елдері бізді «орта державалы ел» ретінде мойындайды. Екіншіден, этностар арасындағы татулық пен келісім берік сақталған. Сонымен қатар, діни төзімділік – қоғамымыздың бірлігін қамтамасыз ететін маңызды артықшылығымыз болып отыр. Бұл құндылықтар еліміздің маңызды артықшылықтың бірі болып табылады. Әрбір қазақстандық егемендігімізді жоғары бағалайды.
Сондықтан оның тұтастығына қол сұғуға, қоғамдық тәртіпті бұзуға, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ, соғысты немесе қарулы қақтығысты насихаттауға жол берілмейді. Бұл – тек заң алдындағы міндетіміз емес, жүрегіміздегі адалдық пен жауапкершіліктің көрінісі. Президент айтқандай, «Заң мен тәртіп» – әрбір азаматтың өмірінде ұстанатын берік қағидаға айналуы тиіс. Бұл қағида қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етеді, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғайды, сондай-ақ еліміздің біртұтастығы мен даму жолын бекітеді.
Конституциялық өзгерістерде осы баптардың нақты айқындалуы – ел бірлігін және қауіпсіздігін қорғаудағы маңызды кепіл болып табылады. Ұсынылып отырған норма жаңа шектеулер енгізуге бағытталмаған. Ондағы мақсаты – қорғалатын құндылықтарды нақты белгілеу және олардың сақталуын қамтамасыз ету. Заңға бағыну тек құқық бұзғандарды жазалау емес, сондай-ақ құқық бұзушылыққа жол бермеу және қателіктердің алдын алу арқылы жүзеге асады. Өйткені әрқайсымыздың жүрегінде еліміздің тұрақтылығы мен егемендігін сақтауға деген борыш сезімі және болашаққа деген сенім бар, – дейді Максим Рожин.