ҚР Ұлттық банкі 2025 жылы екінші деңгейлі банктер мен жекелеген айырбастау пункттері арқылы жалпы салмағы 889,5 келі болатын 27 807 алтын құйма сатқан, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сатылымның басым бөлігі Алматыға тиесілі – 74% (20 526 дана). Астанада 1 650 дана (6%), Шымкентте 1 099 дана (4%) құйма сатылған. Алтынды Halyk Bank, Еуразиялық банк, Alatau City Bank, ЦентрКредит Банкі және айырбастау пункттері арқылы сатып алуға және кері өткізуге болады.
Кері сатып алуды қоса есептегенде, 2025 жылы халыққа жалпы салмағы 1,1 тонна болатын 40 799 құйма сатылған. Бағдарлама басталғалы бері 263 479 алтын құйма (9 тонна) айналымға шыққан.
Сұраныс бойынша ең танымал құйма – 10 грамдық (26%). Одан кейін 5 грамдық (22%), 100 грамдық (20%), 20 грамдық (19%) және 50 грамдық (13%) құймалар тұр.
Алтын бағасы да айтарлықтай өсті. 2025 жылы құн шамамен 2,8 мың доллардан 4,3 мың долларға дейін көтеріліп, 64% артқан. 2024 жылы өсім 40% шамасында болған. Биылғы жылдың екі айында баға тағы 17% жоғарылады.