«Ауыл» партиясы сайлауалды үгіт-насихат науқанына ресми түрде ерекше форматта бастау берді.
«Ауыл» партиясы республикалық сайлауалды штабын ашты
603
оқылды

Науқанның алғашқы қадамы қазақ халқының дәстүрлі баспанасы – киіз үйді тігуден басталды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Науқанның алғашқы қадамы қазақ халқының дәстүрлі баспанасы – киіз үйді тігуден басталды. Бұл таңдау кездейсоқ емес. Киіз үй – қазақ халқының бірлігі мен қонақжайлығының, ұрпақтар сабақтастығының айқын белгісі ғана емес, сонымен қатар «Ауыл» партиясының ресми логотипінің негізіне айналған басты нышан. Сондықтан партия өз науқанын оның идеологиясы мен құндылықтарын бейнелейтін символдан бастады жөн көрді.   

Бүгін партияның брендтік үлгіде безендірілген киіз үйлері бір мезетте Астана және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Түркістан, Қарағанды және Жетісу облыстарында есігін айқара ашты.

Бұл киіз үйлер ұлттық мұраны дәріптейтін көрнекі нысан ғана емес, азаматтармен ашық әрі еркін пікір алмасуға арналған қоғамдық диалог алаңына айналады. Мұнда әрбір тұрғын партияның сайлауалды бағдарламасымен танысып, сайлау штабтарының өкілдерімен кездесіп, өз сауалдарын қойып, ұсыныстары мен пікірлерін білдіре алады.

«Ауыл» партиясы үшін киіз үй – жай ғана сәндік элемент немесе кездейсоқ таңдалған белгі емес. Ол – халқымыздың қасиетті қара шаңырағының бейнесі, маңызды шешімдер қабылданатын, ұлттық дәстүр сабақтастығы сақталатын және ел бірлігі нығая түсетін ортақ үйдің символы. Сол себепті біз де сайлауалды бағдарламаны осыдан бастадық. Бүгін міне, жұмысымызды бастап жатырмыз. Бізде жаңа 7 бағыт бағдарлама. Жиырма өңірді аралап шығамыз. Шалғай аудандарға, ауылдарға барамыз. Қазақстан бойынша барлық аймаққа барады, - деді «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов.

Бұған дейін партия Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысу үшін 69 кандидат тіркеген болатын. Үміткерлердің басым бөлігі 35 пен 55 жас аралығындағы саясаткерлер. Олардың жартысына жуығы - ауыл шаруашылығы саласының мамандары. Партия аймақтардағы шаруа қожалықтарының дамуына жағдай жасап, тұрғындардың әл-ауқатын көтеруді көздеп отыр.