ТҮРКІСТАН ЖАСЫЛ ЖЕЛЕККЕ АЙНАЛАДЫ
ТҮРКІСТАН ЖАСЫЛ ЖЕЛЕККЕ АЙНАЛАДЫ
558
оқылды
Түркістан қаласын суландыру мақсатында жарамсыз болып қалған 150 жуық тік ұңғымалар қайта қалпына келтірілмек. Сондай-ақ, Кентау қаласы аймағынан келетін каналдың бөлігін бетонмен қаптау арқылы мол мөлшерде ағын су үнемделеді. Түркістан магистральды каналын дариядан суға толтыру үшін 3 көтермелі насос қою және машиналық канал салу арқылы қосымша 80 млн. м3 ағын су жеткізіледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының қатысуымен өткен «Суармалы жерлерді тиімді пайдаланудың өзекті мәселелері» атты көшпелі жиынында айтылды. Түркістанда ҚР Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің «Суармалы жерлерді тиімді пайдаланудың өзекті мәселелері» атты көшпелі отырысы өтті. Отырысқа ҚР Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің депутаттары, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облысы әкімдерінің орынбасарлары мен ауыл шаруашылығы саласының басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты. Шарада Көксарай су реттегіші мен Бөген су қоймасының жұмысымен және шаруа қожалықтарының суармалы жерді тиімді пайдалану аясында өсіріп отырған бау-бақшалары таныстырылды. Сондай-ақ, суармалы жерді ұлғайту жобалары мен жерді тиімді пайдаланудың өзекті мәселелері талқыланды. Көшпелі отырыс 2 күнге жоспарланды. Бірінші күні су нысандарының жұмысымен және суармалы жерді тиімді пайдаланып отырған шаруа қожалықтарымен танысса, ал екінші күні 100-ден аса ауыл шаруашылығы қызметкерлері мен тауар өндірушілері қатысумен отырыс өтті. Жиында Түркістан аймағындағы 63,3 мың га суармалы жерді сумен қамтамасыз ететін жалғыз су нысаны «Бөген» су қоймасы арқылы жеткізілетін, ұзындығы 145 шақырым құрайтын Түркістан магистральды каналдың жағдайы қаралды. Сонымен қатар, Түркістан магистральды каналын толығымен ағын сумен қамтамасыз ету үшін, Сырдария өзенінен су өткізу қабілеті 20м3/сек, 3 көтермелі насос станциясы, ұзындығы 53,2 шқ (о.і. 20,7 шқ – жер арық, 17 шқ – труба,15,5 шқ бетонды) болатын машиналық канал салу нәтижесінде, қосымша 80 млн. м3 ағын су жеткізіледі. Бұдан басқа, сыйымдылығы 16 млн.текше метр құрайтын «Кеңсай-Қосқорған 2» су қоймасын салу ұсынылды. Сонымен қоса, Кентау қаласының аймағында ұзындығы 54,8 шақырым болатын Түркістан магистральды каналдың бөлігін бетонмен қаптау жұмыстарын жүргізу арқылы 60 млн. м3 фильтрациялық ағын суды үнемдеу күтілуде. Айта кетейік, Түркістан қаласын сумен қамтамасыз етуде жер беті суларымен қатар, жер асты суларының маңызы зор. Қазіргі таңда, жарамсыз болып қалған 145 дана тік ұңғымаларды қайта қалпына келтіру арқылы 34,7 млн. м3 ағын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берілмек. Нәтижесінде, жылына қосымша 3755,0 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, 1500 жаңа жұмыс орны ашылады. 189,7 млн. м3 ағын су тапшылығын шешуге қол жеткізіледі.