400-ден астам студент жалақы алады
400-ден астам студент жалақы алады
578
оқылды
Білім және ғылым министрлігі «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамымен бірлесіп мұнай құбыры саласы үшін инженер-техник кадрларды даярлау жөніндегі жобаны іске қосты. Бүгін тараптар Нұр-Сұлтандағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. «Білім және ғылым министрлігі Жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, еліміздің жетекші кәсіпорындарында студенттердің кәсіби тәжірибесін ұйымдастыру  шараларын қабылдайды.  Меморандум жоғары білікті және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған», – деді Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова. Жоба шеңберінде «мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша 400-ден астам студент және бейінді жоғары оқу орындары мен колледждердің оқушылары мұнай тасымалдау компаниясының кәсіпорындарында ақылы өндірістік тәжірибеден өте алады. Жоғары оқу орындарының студенттері үшін төлем мөлшері 100 000 теңгеден 120 000 теңгеге дейін болады. Колледж оқушылары практикадан өту аймағына байланысты 70 000-нан 80 000 теңгеге дейін жалақы алады. «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Димаш Досановтың айтуынша, компанияның өндірістік бөлімшелері базасында мұнай-газ ісінің болашақ мамандары мұнай құбыры көлігі қызметінің ерекшеліктерімен  таныса алады. «Тәжірибе қорытындысы бойынша үздік нәтижесі бар түлектер компаниядағы бос лауазымдарға орналаса алады. Біз өндірістегі бос орындар резервін жоспарлаймыз. Жобаға еліміздің 12 аймағында өз қызметін жүргізетін 10 өндірістік бөлімше қатысады», - деді компания басшысы. Инженер-техник кадрларды даярлау жөніндегі жоба бес жылға есептелген. Оған 11 жоғары оқу орны мен 10 колледж қатысады.