Торонто төріндегі 4 күн
Торонто төріндегі 4 күн
644
оқылды
Сәуірдің тамаша күндерінің бірінде мұхит асып, ақ-қызыл туы бар Канада еліне сапарлап қайттық. Мақсатымыз – қазақ сахарасының көгінде жолаушыларды тасымалдау үшін арнайы құрастырылып жатқан жаңа ұшақтарды тамашалап, дайын біреуін елге жеткізу. Сапарымызды ұйымдастырған Qazaq Air әуекомпаниясы ангарындағы Q400 NexGen ұшақтарының Bombardier зауытында қалай құрастырылып, қолданысқа берілетінін көрсетті. Торонто

Еуразия кіндігіндегі Қазақ­стан Солтүстік Америкадағы Кана­дадан 1 тәуліктік қашық­тық­та жатыр. Кеш бата біз мінген ұшақ Торонтоға ертеңіне кешке жетті. Жолда Германиядағы Майне өзені бойында орналасқан Франкфурт қаласына аялдадық. Себебі, қос мемлекеттің арасын тікелей байланыстыратын рейс әлі ашылмаған. Ондай бағытты іске қосу үшін алып лайнерлер қажет. Boeing 747-400 не болмаса Airbus A380 секілді алып ұшақ­тар­ды ұстап тұру қыруар қаржыны талап етеді.

Еуразия құрлығында қазақстандық әуекомпаниялар жақсы танылғанымен, құрлықа­ра­лық бағыттарда бәсіміз әлі биік емес. Жолаушылар тасымалы ұлғайған уақытта Канада, АҚШ, Аустралия секілді алыс елдерге тікелей рейстер ашылып қалар. Ал әзірге ішкі нарықты қанағат­тан­дырып, аймақтағы жетекші орыннан көрінуге талпынуымыз керек.

Qazaq Air әуекомпаниясы осы тұрғыда тиімді шараларды қолға ала бастады. Компания флотында 2015 жылдан бері үш Q400 NexGen ұшағы қызмет етеді. Біздің сапарымыздан соң тағы бір ұшақ келіп қосылды. Маусым айының соңына дейін бесінші ұшақ та қатарға қосылады. Бүгінде Bombardier Q400 NexGen ұшақтары Қазақстанның 80 пайыз аумағын бір-бірімен байланыстырып отыр. Алда жаңа ұшақтардың қосы­­луымен Ұлы дала шаһар­ла­ры­ның бір-бірімен байланысын 100 пайызға жеткізу жоспарланды. Сонымен қатар танымал бағыт­тарда ұшу жиілігі артады.

Енді қайта үйеңкі жапырақты елге оралайық. Көкке көтеріліп Канаданы көріп, траптан түсіп Торонтоны тамашалаған бізде қандай арман бар дейсіз?.. Жердің үсті де, асты да байлыққа толы. Таби­ғаты тамылжып тұр. Орман мен өзен-көлдерінде сан жоқ. Ел­дің жартысынан астамын әлі қар басып жатыр екен. Оңтүс­ті­гін­де ғана күн райы жылынып, тұрғындар егіншілігін бастап кет­кен. Жалпы, үлкен шаһар­лары­ның басым бөлігі оңтүстік белдеу­де орналасқан. Ең үлкені біз аял­даған – Торонто. Онтарио көлі­нің жағасындағы әсем қала­ны 3 миллионға жуық халық мекен­дейді. Мұнда кімдер жоқ дейсіздер: жапон мен қытайың, үнді мен арабың, орыс пен украи­ның, африканың түгел ұлты осы жерді паналағанға ұқсайды. Ал елдің тізгінін ұстап, негізін қала­ған британдықтар мен француздар болғандықтан, ағылшын мен француз тілдері ресми тіл болып бекітілген. Мұншама көп ұлтты татулық пен бірлік, еңбек пен талпыныс, мәдениет пен сый­лас­тық біріктіріп отыр. Толерант­ты­лықтың шынайы үлгісі Канадаға қонақтағандай.

Торонто Қазаққа қандай ұшақ қажет?

Алғашқы күнімізді авиа­ция­дағы айтулы компаниялардың бірі Bombardier зауытының жұмысы­мен танысуға арнадық. Қызметін 1942 жылы бастаған ұжым бүгінде коммерциялық авиацияда, бизнес авиацияда және транспорт саласында қыз­мет көрсетеді. Әлемнің 28 елінде өндірісі бар. Мәселен, ұшақ қана­ты Қытайда өндіріледі. Қозғалт­қышы басқа қалада. Сол секілді жүздеген компоненттер әлемнің түкпір-түкпірінен тасымал­да­на­ды. Өкініштісі, Қазақстан бұл тізімде жоқ. Біздің ғалымдардың авиа­цияға арнап дайындаған дүниелеріне қызықпаса керек-ті немесе сатып алу тиімсіз. Бізде ұшақтың корпусы мен қанатын дайындауға үлкен мүмкіндік бар, шикізат жер қойнауында, тек соны жүзеге асырып беретін бас болса. Осынау үлкен брендтің қалтқысыз жұмыс істеуіне әлем бойынша 68 мың қызметкер тартылған.

Компания бизнес ұшақтың 3 түрін өндіреді: Global, Chellenger, Learjet. Бұлардың ең үздігі – Learjet 7500 Нью-Йорктен Сингапурге дейін тоқтамай жете алады. Әлемде Bombardier компаниясы өндірген 2 000-ға жуық әуе кемесі ұшады. Компания стратегтерінің болжамы бойынша алдағы 20 жыл­да 5 750 ұшақ құрастыру жоспар­ланған. Әлемде әрбір 3 секунд сайын, ал Қазақстанда әрбір 30 секунд сайын Bombardier-дің бір ұшағы ұшып-қонады екен. Бүгінге дейін Q400 NexGen мар­калы ұшақтың 600 данасы өнді­ріліп, әлемнің 60 компания­сына сатылды. ТМД аумағында 14 әуекомпанияға тиесілі 77 ұшақ бар. Жалпы, Q400 NexGen ұша­ғын құрастыру жарты жыл уақыт­ты қажет етеді. Осылайша, 1 жыл­­­да 27 данасын әзірлей ала­ды.

Торонто

Тапсырыс берушінің тал­ға­мы­на байланысты орындардың саны 37 мен 96 арасында жасақ­та­лады. Qazaq Air 86 орындықты лайнерге тапсырыс берді. Бұл ал­дыңғы­ла­ры­на қарағанда 8 орын­­ға артық. Салон­дағы жүк жи­нақ­тайтын орын­­ның бо­са­ты­луы­ның арқа­сын­да сыйымдылық артты. Нәти­же­сінде, билет бағасы да төмен­дейді. Соңғы технологиялардың арқа­сында салондағы сыртқы ды­быс естілімі төмендеп, жайлы­лық артты.

Сонымен қатар ұшақ -54 градусқа дейінгі температурада ұшып-қона алады. Қазақстанның солтүстік аймағындағы ауа райын ескерсек, біз үшін таптырмас әуе кемесі екеніне дау жоқ. Жарты күнімізді зауытқа ар­нап, оның технологиялық мүм­кін­діктерімен танысып болған соң, Қазақстанға тиесілі ұшақты қабылдауға бардық. Bombardier ме­кемесінің өкілдері сән салта­на­ты келіскен ангарда мерекелік аурада табыстауды жөн көріпті.

Торонто

Ресми шараға Канададағы Қазақ­стан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Ақылбек Камаладинов келді. Мәртебелі қо­нақ өзімен бірге Торонтодағы Қа­зақстан консулын да ерте келген. Сонымен қатар елден барған бір топ журналист те қуанышты сәттің куәсі болды. Qazaq Air әуекомпаниясы бас­қар­ма төрағасының міндетін уа­қыт­ша атқарушы Әділ Дәулет­бек жаңа ұшақты қабылдау кезін­де қуанышын жасырмай, бола­­шақта бұл иллюминатор­лар­дан қазақ­стан­дық жолаушылардың жар­қын жүздерін көретінін жет­кізді.

– Мамыр айында MSN 4598 серия­сымен тағы бір ұшақты қабылдаймыз. Нәтижесінде, әуеф­лотымыз биыл екі ұшақпен толы­ғады. Осылайша, Қазақ­стан­дағы ұшу бағытымызды кө­бей­тіп, жиілігін арттырамыз және жақын маңдағы көрші ел­дер­ге де ұшуды көздейміз, – деді Әділ Дәулетбек. Q400 NextGen ұшақтары әлем­де үлкен сұранысқа ие және аймақ­тық авиацияда өзінің жақ­сы қырымен танылғандығы жайын­да Bombardier Commercial Aircraft компаниясының вице-президенті Росс Митчелл жеткіз­ді. Шара соңында екі тарап ұшақ­ты өткізіп-қабылдау құжатына қол қойып, әуелайнер қазақ­стандық техникалық мамандар мен ұшқыштарға табысталды.

Айта кетейік, FLY(MSN 4595) нөмірлі борт алғашқы рейсін сәуір айы­ның соңында орындайды. Тур­бо­винт­тік қозғалтқышы бар ұшақ Қазақстанға төрт рет аялдап жетеді.

Торонто Торонтода не қызық бар?

Алыстан ат терлетіп барған соң, басқа да қызықтарды көрмей кету жур­налиске жараспас қылық. Кеш­кілік бос уақытты қаланы ара­лау­ға арнадық. Мегаполисте көк­пен таласқан ғимарт та, бірінің үсті­не бірі мінгескен жолайрықтары да, ескерткішке толы саябақтары да жетерлік. Тіпті әлемдегі ең үлкен океанариумдардың бірі де осында. Алайда Торонтоның басты мақта­ны­­шы – CN Tower. Бұл биіктігі 553,3 метр болатын телемұнара. Салыстырмалы түрде айта кетейін, Алматыдағы Көктөбе мұнарасының биіктігі – 371,5 метр. CN Tower құры­лысы 1975 жылы аяқталған. 2009 жылға дейін әлемдегі ең биік мұнара болып саналған. Осындай ғасыр құрылысының ішіне еніп, танысу Канадаға келген турис­тердің басты мақсаты.

Ғимараттың ортасынан жоғарғы тұсында, шамамен 380 метр биіктікте қаланы тамаша­лайтын алаңқай мен айналмалы мейрамхана бар. Мұнда көтерілу құны – 27 доллар. Сағатына 22 шақырым жылдамдықты ала­тын лифт сізді 58 секундтың ішін­д­е биікке бір-ақ көтереді.

Торонто

Адамзаттың ойы мен қолы­нан туындаған әсем шаһарға көз тойдыртқан соң, табиғаттың тылсымынан пайда болған өзен-көлдер мен даланы тама­ша­лауға ұмтылдық. Себебі, Торонтодан 130 шақырымдай жер­де Солтүстік Американың жойқын сарқырамасы Ниагара­ны көруге болады. Ниагара өзені бойында орналасқан сар­қырама Канада мен АҚШ-ты бөліп тұр. Байқа­ға­­нымыздай, сарқырама АҚШ тұсы­на қара­ғанда Канада жағы­нан ана­ғұрлым әдемі көрінеді. Содан болар, АҚШ тұрғындары­ның басым бөлігі шекара асып үйеңкі жапырақты елден тама­ша­­лауға асығады.

Торонто мен Ниагара Фолс қала­ларының арасын байланыс­ты­рып жатқан 130 шақырымдық жолдың бойында ине шаншар орын жоқ. Жүзімдік алқабының көп­тігінен көз сүрінеді. IT тех­но­­логия парктерінің, шағын өн­діріс ошақтарының сан алуан түрін байқайсың. Елдің эконо­ми­калық күші, халқының әл-ауқа­ты, міне, осы өндіріс орын­дары­ның көптеп салынуынан төмендеген емес. Қазақстан қа­ла­л­арындағы жүздеген тойха­наның қожайындарын осында әкеп, қаржыны өндіріске құйса, қан­дай жетістікке жетуге бола­ты­нын көрсеткің келіп тұрады. Кластерлік бизнестің класси­ка­лық үлгісі осы жерден көруге болады. Жалпы, Канада сапарында уақытымыз аз болғанмен, алар дүние­міз көп болды. Біздің ел­дің көрер белесі әлі алда екенін ұғындық. Үйретуді ысырып қойып, үйреніп алатын жастан ас­па­ғанымызды білдік. Тау ба­ла­сы тауға қарап өседі демекші, бізге осындай дамыған елдер бағдар болу керек…

Алматы – Торонто – Алматы