Тоқаев Алматы жетістіктерімен танысты
Тоқаев Алматы  жетістіктерімен танысты
468
оқылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасына барды. Мемлекет басшысы кітапхана тынысымен танысып, алда өтетін форум жайында ойымен бөлісті.


«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастардың зияткерлік ор­талығы болып қайта құрылған Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы Оpen space форматы бойынша жұмыс істейді. Орталықта электронды ресурс­тармен, кітап және мерзімді басылым­дармен жұмыс істеу, фильм көрсету, таныстырылым, тренинг пен кон­ференция өткізу қызметі қамтылған. Қаланың бірыңғай кітапханалар жүйе­сіне кіретін кітапханада 1,8 миллион­нан астам кітап қоры бар. 
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев жастар мен еріктілер қозғалысының өкілдеріне өзінің өмірі мен еңбек жолы туралы әңгімеледі.
– БҰҰ Бас хатшысының орынба­сары болып жұмыс істеген кезімде волонтерлік жұмысқа көп көңіл бөлдім. Біз көптеген елдің еріктілерін жинап түрлі форум ұйымдастырдық. Қазақстан Парламентінде қызмет істегенде волонтерлік туралы заң қа­былдадық. Мемлекет тарапынан бұл қозғалысқа қолдау көрсетіп, дамыту үшін барлық жағдай жасалып жатыр, – деді Қазақстан Президенті. 
Сол күні Мемлекет басшысы «Ба­қытты отбасы» аналар орталығына бар­ды. Орта­лықта Мемлекет басшы­сына көп­балалы және тұрмысы төмен отбасыларды әлеу­меттік қолдау жө­ніндегі Тұңғыш Прези­дент – Елбасы тапсыр­маларының орын­далу барысы туралы мәлімет берілді. 
Қасым-Жомарт Тоқаев «бір терезе» қағидаты бойынша әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен көпбалалы аналарға қызмет көрсету мақсатында ашылған еліміздегі алғашқы мекеме «Бақытты отбасы» аналар орталығының жұ­мысымен танысты. Мұнда мамандар көпбалалы аналарға психо­логиялық, құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді. Сонымен қатар жаңа маман­дықтарға баулып, компьютерлік сауат ашу­ға көмектеседі. Орталық қызметі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың өмір сүру сапасын арттырып, олардың экономикалық дербестігін нығайтуға бағытталған.
Мемлекет басшысы мұнан кейін Алма­ты қаласының урбанистика орталығында болды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа цифрлық геоақпараттық орталықтың, «Алматы бас жоспары» ғылыми-зерттеу институтының, Алматы даму орталығының және Open Almaty қоғамдық қабылдауының жұмыс­тары туралы ақпарат берілді. Қасым-Жомарт Кемелұлы қаланы одан ары абат­тандыру жоспарымен танысып, шаһардың 3D көрінісіндегі голографикалық пішінін қарады. 
Қазақстан Президентіне Алматы индустриялық аймағындағы негізгі ин­фра­құрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы туралы баяндалды. Мұнда жапон, корей, қытай, неміс және басқа да шетелдік ин­вестициялар есебінен 5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген, құны 144 млрд теңге болатын 39 жоба іске асырылуда. Индустриялық аймақта бірнеше жоба орналастырылған. Атап айтқанда, Hyundai Trans Kazakhstan жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, электр автобустарын шы­ғаратын Falcon Euro Bus жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі, Tokyo Rope Almaty жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, өңдеу, тамақ және жеңіл өнеркәсібі, қалдықтарды сұрыптау кешені сияқты кәсіпорындар. 
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Алматы қаласын дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.


Айша ЕРСҰЛТАН