Өзара пайда ғана одақты нығайтады
Өзара пайда ғана  одақты нығайтады
468
оқылды

Үкімет басшысы Асқар Мамин Армения астанасы Ереванда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес оты­рысына қатысты. Жиынға Ресей премьері Д.Медве­дев, Беларусь премьері С.Румас, Армения премьері Н.Пашинян, Қырғызстан премьері М.Абылғазиев және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Т.Саркисян да қатысты.

Отырыс күн тәртібіне одаққа мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақ­тастық, өзара сауда-саттықты ке­­ңейту, ЕАЭО ішкі нарығы аясын­дағы кедергілерді жою және өзге де 13 мәселе шыға­рыл­ды. Ша­ғын құрамда үкімет бас­шы­лары одақты дамытудың бірқатар тұжырымдамалық мәселелері жөнінде пікір ал­мас­ты. Цифрлық трансформациялау аясында транс­шекаралық өзара іс-қи­мыл­ды тереңдету, одақ­тас­тар ара­сын­дағы тауарайналым көлемін ұлғайту, кедендік әкім­шілендіруді жетілдіру тетіктері талқыланды.
Ал кеңейтілген келіссөздер «бірыңғай терезе» қағидаты бо­йынша сыртқы экономикалық қызметті реттеуді жетілдіру мәсе­лелеріне, ЕАЭО саудасының цифр­лық экожүйесін дамытуға жағдай жасау, өнеркәсіптік коопе­рацияны және техноло­гия­лар трансферін дамыту, эко­номи­ка­ның жекелеген сала­ла­рында интеграциялық әлеуетті одан ары арттыру мәселелеріне арналды.
Қазақстан Премьер-минис­трі А.Мамин әлемдік экономика­ның құбылып тұрған шағында даму­дың оң қарқынын сақтау үшін бар­лық күш-жігер салу қа­жет­тігі­не назар аудартты. Бүгінде одаққа мүше барлық елдермен өзара саудадағы кедергілерді жою үшін белсенді бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тәжірибе көр­сеткендей, жаңа кедергілер де туындауда, бұл өз кезегінде бұдан да тығыз эконо­микалық қатынас­тарды дамыту керегін көрсетеді.
– Біз қарқынымызды төмен­детпеуіміз керек. Қазіргі кедер­гілерді жою өзара сауда көлемін ұлғайтып, елдер арасындағы эко­номикалық байланыстарды ке­ңейтуге мүмкіндік береді, – деді Асқар Мамин.
Қазақстандық тарап ЕАЭО аясында сәйкестендіру құ­рал­дары арқылы тауарларды таң­балау бойынша интеграциялық ынты­мақтастық мәселелерін рет­теуді жетілдіру қажеттігіне, транзиттік тасымалдарды қада­ғалау жүйесін енгізуге, кедендік әкімшілендіруді күшейтуге, цифрлық сауданы дамытуға, одақ­тың деректер тран­зиті сала­сындағы транзиттік әлеуетін арттыруға мән берді.
– Өзара пайда, ымыраға келу және барлық тараптардың мүд­делерін ескеретін тиімді ше­шім­дер шығару қағидаттарының не­гізінде өзара қарым-қаты­нас­та­рымызды қалыптастыру Еура­зия­лық одақты одан ары нығай­туға септесетін болады. 2025 жыл­ға дейін еура­зиялық экономикалық интегра­цияны дамытуда біз үшін басты шарт – экономикалық құра­уы­шының болуы, – деді А.Мамин. 
Отырыс қорытындысы бо­йынша «Еуразиялық өнеркә­сіп­тік кооперация, субконтрактация және технологиялар трансфері желісі» жобасын іске асыру тура­лы; одақтың ішкі нарығы­ның жұ­мысы аясында кедер­гі­лерді жою бойынша жұмыстар барысы туралы; ЕАЭО-да цифр­лық сауда экожүйесін дамыту үшін жағдай­лар жасау туралы; сыртқы эконо­ми­калық қызметті реттеу жүйесін­де «бі­рыңғай те­резе» ұлттық теті­гінің эталондық үлгісін сипаттау туралы; тауар­ларды әкелу мен шығаруда шық­қан елін анықтауда бірыңғай тәсілдерді бекіту туралы бірқатар құжаттарға қол қойылды.
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің келесі отырысы биыл 9 тамызда Қырғызстанның Шол­пан ата қаласында өтпек.

Елдос СЕНБАЙ