Талондық жүйе ашықтықты қамтамасыз етеді
Талондық жүйе ашықтықты қамтамасыз етеді
419
оқылды

Биыл 1 қаңтардан бастап «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ клиенттерге қызмет көрсетудің талондық жүйесін енгізген болатын. Клиенттерге несие алу үшін өтінім тапсырған кезде жоспарланған несие бойынша негізгі мәліметтер көрсетілген талондар беріліп жатыр. Қазіргі уақытта бұл талондық жүйе шаруашылық бастауға өтінім берушілер үшін өте тиімді екенін көрсетіп отыр.

Бұл жүйе несиелеу өтінімдерін қарастыру ашықтығын қамтамасыз етеді. Талонда несиелеу шарттары, тапсырылған құжаттардың тізімі, өтінім берілген күні мен өтінімді қарастыру аяқталатын күн көрсетіледі. Өтінімді қарастыру бойынша бизнес-процесс толығымен сайтта көрсетіледі. Клиент өз өтінімінің жолын kazagro.kz порталына тіркеліп, көре алады. 
Талонда клиенттің аты мен несиелеу бағдарламасы, қаржыландыру көзі, сома, проценттік үстеме, негізгі борыш пен сыйақы бойынша жеңілдетілген мерзім, өтінімді қабылдаған менеджердің мәліметтері мен байланыс телефоны көрсетіледі.
Талон клиенттің қаржыландыруға қажетті құжаттар пакетін тапсырғанын дәлелдейді.
Талон басылғаннан кейін несиелеу өтінімі қарастыруға жіберіледі. Клиент kazagro.kz порталындағы жеке кабинетке кіріп, өз өтінімі бойынша жүріп жатқан процесті біле алады.
Биыл өтінім берген заемшылар алғаш рет талондық жүйені пайдаланып, оның артықшылықтарына көз жеткізді. Бұл жүйені бұрынғылармен салыстыруға мүлде келмейді. Алыс ауылдарда тұратын шаруалар жолға ақша шығарып, уақытын кетіріп сабылмайтын болды. Мұның алдында қосымша сұрақтар туындаса немесе кейбір талаптарды түсінбей жатса офиске келуге және онда кезекке тұрып қаншама уақыт жоғалтуға тура келетін. Ал, талондық жүйе – өтінімнің қаралу процесін ауылда отырып-ақ көруге мүмкіндік беретін қарапайым жүйе. Әсіресе шалғай ауылдарда тұратын азаматтар үшін өте қолайлы. Сондықтан, несие алуға өтінім беремін деушілер осы жүйені меңгеріп алғандары абзал. Ол үшін облыс орталықтарындағы, Нұр-Сұлтан, Алматы және Семей қалаларындағы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының филиалдарына хабарласу қажет немесе барып толық мәлімет алған дұрыс. Алдын ала кеңесті 8 800 080 3505 тікелей желі телефоны арқылы алуға болады.