Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақта әлемнің бұрынғы чемпионы Геннадий Головкин британиялық Карл Фрочпен жекпе-жекке шығуға ниетті.
Негізі бұл нұсқаны Головкиннің промоутері Том Леффлер ұсынған. Леффлер екінші орта салмақта әлемнің экс-чемпионы Карл Фрочтың өзінің ескі қарсыласы Джордж Гроувзбен емес, қазақстандық Головкинмен жұдырықтасқанын қалайды. Әсілінде, Головкин мен Фроч кездесуі сонау 2016 жылы талқыланған екен. Алайда Фроч 2014 жылы кәсіби мансабын аяқтайтынын жариялап, бұл келіссөз аяқсыз қалған. Ал қазір ол өзінің бірнеше сұхбатында Гровузбен үшінші рет айқасуға дайындалып жатқанын ресми мәлімдеп үлгеріпті. Еске салсақ, 2014 жылы олардың екінші жекпе-жегі атақты «Уэмбли» стадионында өтіп, 80 мың көрермен жинаған еді.
«Біз бұл жекпе-жекті Головкиннің қатысуымен өткізуге тырыстық. Ал қазір жаңа экономикалық жағдай аясында Фрочқа қалаған сыйақысын беруге болады. Егер Головкин «Уэмблиде» Карл Фрочқа қарсы шығатын болса, бұл керемет болушы еді», – дейді Леффлер.
Головкин өзінің келесі жекпе-жегін 8 маусым күні Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында канадалық 35 жастағы Стив Роллсқа қарсы өткізеді. Бұл кездесу – Головкиннің DAZN стримингтік сервисімен келісім жасасып, Джонатан Бэнкс есімді бапкермен жаттыққалы шығатын алғашқы жекпе-жегі болмақ.
Айтпақшы, жуырда Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) жаңартылған рейтингті көпшілік назарына ұсынды. Ол бойынша орта салмақтың көшін Геннадий Головкин бастап тұр. Мейірім Нұрсұлтанов – 24, Жәнібек Әлімханұлы 26-орында. Екінші орта салмақта Әли Ахмедов – 18, Айдос Ербосынұлы – 32-орынға тұрақтапты. Жастар арасындағы чемпион Садриддин Ахмедов – 31, бірінші орта салмақтағы Батыр Жүкембаев 21-орынға жайғасқан.