Гарет Бэйл карьерасын Қытайда жалғастырмақ
Гарет Бэйл карьерасын Қытайда жалғастырмақ
353
оқылды

Қазір оның «Реалдағы» жалақысы жылына 20 миллион еуро

Мадридтік «Реал» мен Уэльс құрамасының жартылай қорғаушысы Гарет Бэйл кәсіби мансабын Қытай чемпионатында жалғастыруы мүмкін.

Әзірге аты ресми айтылмаған қытайлық клуб Бэйл үшін 120 миллион еуро ұсынуға дайын көрінеді. Бұл орайда футболшының жылдық жалақысы 30 миллион еуроны құрайды.

«Реалдың» бұл футболшыдан құтылғысы келетін туралы ақпар біраз уақыт бұрын тараған. Футболшы мен клуб басшылығы арасында келіспеушіліктер бар екені де жиі айтылады. Соңғы дерек көздерге сүйенсек бас бапкер Зиданның өзі ойыншыны келесі маусымда командадан көргісі келмейтінін ашық мәлімдепті.

Әзірге Бэйлді анық сатып алуға дайын клубтар жоқтың қасы. Себебі оның трансферлік құны мен жалақысын төлеуге топ-клубтардың өзі тәуекел ете бермейді. Қазір оның «Реалдағы» жалақысы жылына 20 миллион еуро.

Биыл 29 жастағы футболшы Испания чемпионатында 29 ойынға қатысып 8 гол соғып, 3 нәтижелі пас шығарды.

Футболшы Мадридке 2013 жылы «Тоттенхэмнен» 100 миллион еуроға ауысып келген еді.

Осы уақытқа дейін корольдік клуб сапында барлық турнирлерде 224 матчқа қатысып, 102 голдың авторы атаныпты.