Шаруашылықты қолдауға шақырды
Шаруашылықты қолдауға шақырды
548
оқылды

Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қабілетті агродержаваға айналуы керек. Ал, ауылды қолдау әлемнің жетекші елдерімен тең болуы тиіс. Президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбеков бағдарламасындағы осы және өзге де тетіктер бүгін Ақмола облысының жұртшылығына таныстырылды.

Еліміздің ауыл шаруашылығы саласында Ақмола өңірінің алар орны ерекше. Мәселен, Ақкөл ауданында мыңдаған гектар шаруашы­лық­қа жарамды жер бар. Енді оның әлеуетін толық пайдаланып, өңдеу өнеркәсібіне тың серпін беру керек. Осындай ұстанымды негізге алған Төлеутай Рақымбеков штабының басшысы өңірге сапарын шағын елдімекендер­ден бастады.

Серік Балғазыұлы – осы аумақтағы ірі шаруалардың бірі. Қожалығында жүздеген жылқы мен мыңнан аса қой бар. «Ауыл» пар­тиясының кандидаты Төлеутай Рақымбеков бағдарламасында осындай дәстүрлі шаруашы­лықты қолдауға шақырады.

– Ауылдан көшіп келген тұрғындардың қиындық көріп жатқаны сол қаланың мүмкіндігіне кейде сай келе бермейді. Көбісі баспанасыз, жұмыссыз жүр. Баласын балабақ­шаға беруге қиналады. Сондықтан қазіргі уақытта біздің кандидаттың бағдарламасында көрсетілгендей, ауылдың инфрақұрылымын дамыту керек, – деді президенттікке үміткер Т.Рақымбековтің Республикалық қоғамдық штабының төрағасы Әли Бектаев.

Степногорск қаласында өткен жиында үміткердің моноқалаларды дамыту, қала мен ауыл арасын жақындату және баспана мәсе­лесін шешуге қатысты бастамалары жан-жақты талқыланды.

Ал Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты базасында өткен кездесуде азық-түлік қауіпсіздігі жаһандық мәселеге айналып бара жатқаны сөз болды. «...Нарықтық экономикадағы кез келген мем­лекет азық-түлік қауіпсіздігін қорғау мәселесін алдыңғы орынға қояды. Отандық өнімдер мен экспорттық тауарлардың сапасы басты назарда болуы тиіс», – деді олар.

Дөңгелек үстел барысында ұлттық және аймақтық ерекшеліктерге қарай қазақстандық азық-түлік қауіпсіздігі стандарттарын әзірлеу жөнінде ұсыныстар айтылды.


Айдана БЕГІМ