Зеленский Саакашвилиге Украина азаматтығын қайтарып берді
Зеленский Саакашвилиге Украина азаматтығын қайтарып берді
193
оқылды

Оның 2021 жылға дейін ел аумағына кіруіне тыйым салынған

Украина президенті Владимир Зеленский Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилиді Украина азаматтығы берілуін тоқтатқан тізімнен шығару туралы бұйрыққа қол қойды.

Бұған рахметін айтқан Саакашвили Зеленскийге алғысын білдіріп, 29 мамыр күні Киевке ұшып келетінін мәлімдепті. Мемлекеттің шекара қызметі де Одесса облысының экс-губернаторының елге кіруіне кедергі келтірмейтінін жария еткен.

«Президент Зеленскийге рахмет! Украина жасасын! Ертең күннің екінші жартысында Киевке ұшып келемін. Онда менің көптеген таныстарым – армияда бірге болған құрдастарым, бірге оқыған достарым бар» депті Саакашвили грузиялық «Рустави-2» телеарнасына берген сұхбатында.

Зеленскийдің ұлықтау рәсімінен кейін Одесса облысының бұрынғы басшысы өзінің Украина территориясына кіруіне мүмкіндік беруін сұрап, президентпен хабарласқан.

«Мен оны жеке танимын. Порошенко мен оның мафиялары бейнелегендей ол соншалықты тым қарапайым адам емес. Ол өте терең ойлайды және Украинаны сүйеді. Қазір оның қолында жаңарған Украина мемлекетінің негізін салушы адам атанатын мүмкіндік бар» депті Саакашвили.

Бұған дейін Зеленскийдің өзі де Саакашвилиге қатысты жақсы ойлайтынын, оның Грузияға кең көлемді реформа жасап, жемқорлықпен күрескенін үлгі ететінін айтқан еді.

Еске салсақ, Саакашвили 2015 жылы Украина азаматтығын иеленіп, Одесса облысының басшысы лауазымына тағайындалған еді. Сосын екі жылдан соң Порошенконың бұйрығымен азаматтықтан айырылды. Кейінірек оның 2021 жылға дейін ел аумағына кіруіне тыйым салынды.