Сербия әскері соғыс жағдайына өтті
Сербия әскері соғыс жағдайына өтті
234
оқылды

Әскерилер жақындаған аумақтың қауіпсіздігін МиГ-29 сербиялық әскери әуе күштері қадағалауда

Сербия президенті Александр Вучич елдің қарулы күштерін толықтай соғыс дайындығына өткізу туралы жарлық етті. Әскери жағдай Косово және Метохияның солтүстігінде Косово полициясының 13 серб азаматын тұтқынға алуынан кейін орнап отыр.

Бұл туралы кеше жергілікті РТС телеарнасы хабарлады.

Телеарна мәліметінше, өз-өзін тәуелсіз деп жариялаған Косово Республикасының арнайы қарулы күштері сейсенбі күні таңға жуық Сербия территориясына кіріп, ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар деп күдікке ілінген 13 сербиялықты тұтқындаған.

Бұған дейін Сербия президенті парламенттің алдында сөйлеген сөзінде "өтірік пен өз-өзімізді алдауды доғару керек" деп мәлімдеп, Сербияның бұдан әрі қарай Косовоны бақыламайтынын жеткізген еді.

Еске салсақ, Косово Сербиядан тәуелсіздігін 2008 жылы алды. Ресей, Қытай, Израиль, Иран, Испания, Грекия, тағы да басқа бірнеше ел Косовоның тәуелсіздігін мойындаған жоқ. Ал Сербия Косовоны әлі күнге автономиялық өлке деп санайды. Белград пен Косово арасындағы келіссөздер 2017 жылдың наурыз айында тоқтатылған.

Соңғы деректерге сүйенсек, Сербияның бронотехникасы мен авиациялық күштері ішінара мойындалған Косово елінің шекарасына жақындатылған. Әскерилер Сербияның Кралево қаласынан шығып, елдің оңтүстігіндегі Рашка бекетіне келген. Сондай-ақ әскерилер жақындаған аумақтың қауіпсіздігін МиГ-29 сербиялық әскери әуе күштері қадағалауда. Әскери операция басталардан бұрын казармаға қорғаныс министрі Александр Вулин де келген.