«Балалардың жәрдемақысына алған үй құстары Ленгір өзенінің тасыған суына ағып кетті» – Төтенше жағдайдағы ана зары
«Балалардың жәрдемақысына алған үй құстары Ленгір өзенінің тасыған суына ағып кетті» – Төтенше жағдайдағы ана зары
478
оқылды
Түркістан облысының Төлеби ауданы тау етегінде жайғасқан. Кешелі бері тосыннан жауған нөсерлі жаңбыр төлебиліктерді де әбігерге салып жатыр. Кеше түстен кейін, нөсер жаңбырдың салдарынан Қаратөбе ауылдық округі аумағындағы Нұр-ата өзенінің су деңгейі бірден көтеріліп, Майбұлақ елді мекенінің орталық көшесінде орналасқан көпірді шайып кете жаздады. Шамадан тыс жауған жаңбырдың әсерінен ағаштар көпірдің тіректеріне кептелісіп, жиналған су көпір бетіне асып-тасыған. Одан бөлек, сол аумақтағы бірқатар үйдің ауласын да су алып кетті. Ал бүгін түстен кейін тағы да ауа-райы нілдей бұзылып, 2 сағаттай тоқтаусыз жауған нөсердің салдары аудан орталығы Ленгір қаласы тұрғындарын әбіржітті. Айта кетейік, мұнда да қаланың ортасын кесіп өтетін Ленгір өзені бар. Осындай нөсерлі жауын-шашын кезінде өзен суының арнасынан тасу жағдайы жылда кездеседі. Оның үстіне Ленгір қаласы жазық жерде емес, ойлы-қырлы аймақта орналасқан. Сол себепті әсіресе нөсерлі жауынның зардабын төменгі жақта тұратын тұрғындар тартады. Сонымен бірге бұған өзеннің қысымен күл-қоқысқа, ағаш қиындыларына толып қалу жағдайы да әсер етеді. Бүгін де Ленгір өзенінің деңгейі өзінің суды өткізу мүмкіндігінен бірден үш есе көтерілуі салдарынан өзен жағалауы бойында орналасқан Көкжиек, Өркен, С.Сейфуллин көшелеріндегі бірнеше тұрғын үйдің аулалары мен қораларына су кірген. Биіктігі 30-40 см шамасында болған лай  су  кейбір үйдің құстарын ағызып та кетіпті. Ленгір су Сегізінші баласын босанғанына 10 күннен енді асқан Өркен көшесінің тұрғыны Фатима Мамедова бүгінгі нөсерлі жауынның бұл отбасыға едәуір шығын алып келгенін айтады. «Аулаға толып қалған суды көргенде бала-шағамызбен жыладық. Көршілерді көмекке шақырдық. Балаларды киіндіріп жатқанда құдайға шүкір жаңбыр да тоқтады» дейді ол. Жұмыртқа басып жатқан 80 үндік пен қаздар, шөжелері сумен ағып кетіпті. Әсіресе есіктің алдында батпақта өліп жатқан бірнеше шөжені көргенде көңіліміз құлазып қалды. «Мемлекеттен ешқандай да жәрдем алмаймыз. Балаларға берілетін жәрдемақы мен осы құстарды өсіріп нәпақа табатын едік. Мұндай жағдай жыл сайын нөсерлі жауында болып тұрады. Үйіміз әбден ескірген, құлаудың сәл алдында.  Қабырғалары ылғалданып, намданып тұрады. Әкімшілікке өтінішпен шыққанымен көмек ала алмаймыз. Карантин кезінде дым болмаса азық-түліктен көмек бермеді» дейді көпбалалы ана. Тосыннан келген табиғат апатына не дейміз? Дегенмен, бұл зардаптарға «Ленгерка» өзенінің үнемі құл-қоқыстан арылмай жатуы да бірден бір себеп болатыны рас. Аудан әкімінің баспасөз қызметі әкімдік тарапынан шығындарды анықтау тобы құрылғанын айтады. Ол тізімге көпбалалы отбасы Мамедовалар ене ме, енбей ме, ол әзірге белгісіз… Ленгір су P.S.: Төлеби аудандық баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жедел штаб аталған өзен бойындағы Жамбыл көшесіндегі 2 үйге су кіргенін анықтаған.  Сонымен қатар Жамбыл, Сейфуллин, Төлеби, Сәулембаев, Таскешу көшелеріндегі 6 сарай мен 16 ауланы, 1 гараж, монша және  1 жазғы асхананы да су шайып өткен. Одан бөлек, аталған өзен бойындағы Жаңаұйым елді мекеніндегі Бекбауов, Ленгір қаласындағы Қырықбаев, Энергетика, Күмістөбе көшелеріндегі газ құбырына зақым келуіне байланысты 121 тұрғын үй газ жүйесінен уақытша ажыратылған. «Көктерек» су жинау имаратының жұмысы тоқтатылуы себебінен Ленгір қаласының шығыс бөлігіндегі 3200 абонент «Александровка» су жинау имаратындағы №1, 3 скважиналар арқылы уақытша ауыз сумен қамтамасыз етілуде.

Назгүл НАЗАРБЕК