Жасөспірімдердің құқығы қайтсе қорғалады?
Жасөспірімдердің құқығы қайтсе қорғалады?
©А.Ахметқазы
503
оқылды
Ағымдағы жылдың төрт айында Жамбыл облысында кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыс 49,2 пайызға төмендеп отыр. Алайда есепті кезеңде 2 денеге жарақат салу, 17 ұрлық, 4 тонау, 3 бұзақылық, 1 автокөлік ұрлау, 4 түрлі сипаттағы қылмыстық деректер тіркелген. Қылмыстардың дені Тараз қаласы мен Шу, Қордай аудандарында орын алған. Қылмысқа қатысқан оқушылардың саны 11 болса, 17 колледж білімгері де құқық бұзушылыққа барған. Алайда Тараз қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия бұған немқұрайды қараған. Бұл жайында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында айтылды. Облыстық комиссияның жауапты хатшысы Бақыт Жақсылықованың сөзіне сүйенсек, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің екі білімгері арасында төбелес орын алған. Алайда қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрағасы, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай бұл туралы мүлде ақпарат бермеген. Төбелестен кейін екі бала ойын кезде құлап қалдық деген көрінеді. Алайда екі студенттің бірі өткен жылы орын алған тонау фактісі бойынша қалалық полиция басқармасында есепте тұрса, екінші бала 2019-2020 оқу жылының бірінші семестірінде 126 сағат сабаққа қатыспаған. Осылай бола тұра аталған балалардың тәртібі қалалық комиссияда қаралмай, екеуара орын алған төбелес те жасырын ұсталған. Оған қоса, колледжге бекітілген инспектор екі баланың бірін оқу орнында үстемдік жасайтын бұзақы ретінде баянат бергенімен, бұған да полицияның оперативтік бөлімі мен комиссия көз жұма қараған екен. Тағы бір дерек, екі бала да толық емес, жайсыз отбасында тәрбиеленуде. Алайда бұл жайт та комиссия тарапынан тиісті тексерілмеген. Мұндай жағдай Талас ауданында да орын алуда. Облыстық комиссияның хаттамасымен аудан әкімі Бақыт Қазанбасовқа 10 наурыз күні №18-1752 нөмірімен аудандық комиссияның кемшіліктері тізіліп ұсыным жолданса да, аудан басшысы жауаптыларға ешбір шара қолданбаған. Ұсынымда аудандық білім бөлімінің басшысы К.Кожатаеваның тарапынан білім мекемелерінде тәрбие және құқықтық тәрбие жұмыстарының әлсірегені, Тамды ауылы Қойгелді атындағы орта мектептің екі бірдей оқушысы өз-өзіне қол жұмсауға әрекет еткені баяндалған. Осыны біле тұра аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлы көрсе де, көрмедім атты болып отырған. Аудан әкімі білім бөлімінің басшысы Кожатаеваны не себепті қызғыштай қорғап отырғаны түсініксіз. Тағы бір сұмдық – Қордай ауданында орын алуда. Ағымдағы жылдың сәуір айының 20 жұлдызы күні Қордай аудандық аруханаға 2003 жылы туылған қыз 7 апталық жүктілікпен қайырылып келеді. Сондай-ақ Қордай ауылының тұрғынымен зорланғаны туралы арызданады. Сол күні аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қолға түседі. Алайда тергеу амалдары барысында арызданған азаматша өткен жылдың сәуір айында да зорланғаны туралы дерек анықталады. Ол кезде жапа шеккен қызы үшін анасы шырыл қаққан көрінеді. Алайда зорланған қызды тексерген аудандық аурухана дәрігері полицияға хабар берудің орнына, Қордай ауылындағы №3 орта мектептің директорына қоңырау шалады. Мектеп басшысы да құзырлы органдарға хабарламай, оқушыны кешкі мектепке ауыстырып жібереді. Қазір осы екі факті бойынша да қылмыстық тергеу амалдары жүруде. Міне, Жамбыл облысында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің құқығы осылай қорғалып жатыр. Бірлері балалар арасындағы бұзақылыққа көз жұма қараса, енді екіншілері жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын елемеуде. Ал Қордай ауданының дәрігері мен мектеп басшысы тіпті қылмыстық істі жасырған. Жоғарыда аталған деректер бойынша жауапты азаматтар жауапкершілікке тартылады деп сенеміз. Әйтпесе, бұлай кете беретін болса былтырғы жылы Тараз қаласындағы дәретханада зорланған қыздың жағдайы қайталануы да бек мүмкін. Сондықтан өзгелерге сабақ болуы үшін, мұндайда қатаң шара керек. Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев жаза басқан аудан әкімдерінің орынбасарларынан жеке-жеке жауап алды. Және орын алған жайттар бойынша жауаптылардың жауапкершілігі қаралмайтын болса, аудан әкімдерінің орынбасарларының өздерінің жауапкершілігі қаралатындығын шегелеп тұрып ескертті.

Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы