Ата-ананың баласына вакцина салдырудан бас тартуға құқы бар – Біртанов
Ата-ананың баласына вакцина салдырудан бас тартуға құқы бар – Біртанов
Фото: Интернеттен алынды
278
оқылды
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Парламент Мәжілісінде қабылданған «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасына қатысты пікір білдірді. Министр Facebook парақшасында: «Кеше Парламент Мәжілісінің депутаттары «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Бірақ біз жолдың жартысын ғана басып өткенімізді айтқым келеді. Жұмыс әлі аяқталған жоқ, әлі де көп іс тындыру керек. Бірақ қазірдің өзінде Мәжілістегі Кодекс жобасын қарау барысында вакцинация, донорлық, трансплантация, психикалық және репродуктивті денсаулық, скрининг, жеке медициналық мәліметтерді жинау және темекіні тұтынуды реттеуге қатысты нормалар туралы консенсус табылды», – деп жазды. Елжан Біртанов вакцинация мәселесіне ерекше назар аударылатынын айтты. «Кейінгі кезде әлеуметтік желілелерде Кодекске, оның ішінде міндетті вакцинация, сапасыз вакцина мен сатып алу міндетін дұрыс орындамайтындар, вакцинаны дұрыс тасымалдамайтындар мен вакцинадан кейінгі қиындықтар туралы әңгіме жиі көтеріліп кетті. Бұл – қоғамдық сананы ашық манипуляциялау. Қазақстанда вакцинация – мәжбүрлі емес! Бүкіл әлемдегі секілді біздің елде екпе жасату – ерікті және міндетті болады. Бірақ әрбір жағдайда ата-аналардың ақпараттық түрде келісім беруге немесе вакцианциядан бас тартуға құқы бар! Екпе жасалмаған балалардың құқығын шектейтіндей ешқандай норма жоқ. Ұжымдық иммунитетті қамтамасыз ететін, яғни балабақшаға баратын барлық баланың денсаулығын қорғайтын тек бір норма бар», – деп сөзін жалғастырды Біртанов. Министр келтірген мәліметке сәйкес 2019 жылы 4 841 334 екпе жасалып, 6003 жағдайда екпе жасатпайтындарын айтып, бас тартқан (тек 0,12 пайызы). Осы 4 841 334 адамның ішінде тек 143-і екпеден кейін жайсыз күйді (температураның көтерілуі, терінің қызаруы) сезінген (0,003 пайызы). Ал былтыр Қазақстанда вакцинадан қайтыс болған дерек тіркелмеген. «Қазақстандағы әрбір вакцина қауіпсіздік, тиімділігі мен сапасы бойынша көпсатылы тексерістен өтеді. Ол тексерістің бәрі де өндірістік тәжірибенің (GMP) халықаралық стандартына сай келеді», – деді министр. Қазақстанда вакцинаның сапасын қадағалау – оны тіркеу кезеңінен басталады. Алдымен вакцинаның құжаттар тізімінің толыққанды анализі жүргізілсе, Дәрі-дәрмекті сараптаудың ұлттық орталығының сарапшылары өндіріс алаңына барып, алгоритмге сәйкес олардың стандарттарын тексереді. Екінші аналитикалық кезеңде вакциналарға лабороториялық зерттеу жүргізіліп, клиникалық зерттеу тарихы мен вакцинаның эпидемиологиялық тиімділігі қаншалықты екені тексеріледі. Тіркелгеннен кейін вакциналардың әрбір партиясы – қауіпсіздік пен сапа бойынша тағы бір сынақтан өтеді. Егер вакцина халықаралық ұйымдар арқылы сатылып алынса, оның қауіпсіздігі мен сапасы ДДСҰ деңгейінде тексеріледі. Елжан Біртанов өз жазбасында заң жобасын қараған Мәжіліс төрағасы мен депутаттарға, сарапшыларға алғысын айтты. «Кодекс халықтың денсаулығы үшін қазіргі заманның тегеурініне жауап берер деген сенімдемін. Кодекс заманға сай әрі дамыған денсаулық сақтау жүйесін құруға бағытталған, осы бағыт біздің медицинаның деңгейін жаңа белеске көтерер деген сенімдеміз», – деп түйді Елжан Біртанов.