Энергетикалық жүйе орнықты
Энергетикалық жүйе орнықты
621
оқылды

Қазақстанда жаңғыратын қуат көздері одан ары дамытылады. Бұл мәселе Мәжілісте өткен Үкімет сағатында көтерілді. Жиынға Елбасы Н.Назарбаевтың Nur Otan партиясының ХVIII съезінде берген тапсырмаларын орындау бойынша шаралар және электр энергетикасы салаларын дамыту тақырыбы арқау болды.

Үкімет сағатын ашқан Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева Қазақстанның Тұңғыш Президенті Nur Otan съезіндегі сө­зінде қазақстандықтардың тұр­мыс сапасын арттыруға бағыттал­ған шұғыл шаралар қабылдау қа­жетіне ерекше назар аударғанын ес­ке салды. Соның ішінде елді газ­­дан­дыруға және электр қуа­ты­мен жабдықтауға 190 миллиард тең­ге көлемінде қосымша қаражат бөлу туралы тапсырма – зор әлеу­мет­тік және экономикалық мәнге ие.

Осыған байланысты алдағы үш жыл­дық кезеңге арналған рес­пуб­ликалық бюджетте энергетика ны­сандарын салуға және реконс­тру­кциялауға жалпы сомасы 30,9 мил­лиард теңге қарастырылып отыр.

Осы саладағы реформаларды заң­намалық қамтамасыз ету жайы­на тоқталған вице-спикер Пар­ла­мент кейінгі жылдары осы үшін қа­жетті барлық заңды қабыл­даға­нын баса айтты. Олар қуаттылық на­рығын құруға, «бірыңғай опе­ра­тор» енгізуге, энергия таратушы ұйым­дарды ірілендіруге, балама энер­гетиканы қолдауға бағыт­тал­ған.

– Бір қуантарлығы, біздің де­пу­таттар таяуда қабылдаған, жо­баларды іріктеудің аукциондық те­тігін ендіру туралы түзетулер қа­зірдің өзінде жаңғыратын қуат көз­дері нысандары өндіретін электр қуатының құнын төмен­де­тіп, оң нәтижие беруде. Елбасы Н.Назарбаевтың тиісті тап­сыр­малары арқасында тарифтерге қатысты жағдай соңғы уақытта елеулі түрде тұрақтанды, – деген Г.Исимбаева енді осы жұмыс те­ліміне жауапты мемлекеттік ор­ган­дар электр энергиясы құнының негізсіз қымбаттауына жол беріл­меуін қатаң қадағалауы керегін нықтады.

Қазақстандағы энергетика сек­торының жай-күйі туралы де­путаттарға баяндаған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бүгінде еліміздің бірыңғай энергетикалық жүйесі «орнықты жұмыс жасап тұр­ғанын» мәлім етті. Оның дере­гінше, бұл жүйенің сенімділігі то­лы­ғымен қамтамасыз етілген. Эко­номика мен халықтың электр қуатына деген қажеттілігі қанағат­тандырылған.

Министр сонымен бірге, қайта қалпына келетін қуат көздерін дамыту жайын да сөз етті. Саланың перспективаларына тоқталған ол қазіргі кезде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың электр энергетикасы мәселелері бойынша тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі «операциялық жоспар» бекітілгенін хабарлады.

Бұдан бөлек, жаңа газды-тур­биналы электр стансаларын салу, сондай-ақ Шүлбі және Қапшағай ГЭС-терінің контрреттеуіштерін тұрғызу мәселелері қарастырылуда екен.

Шымкент жылу-электр орта­лы­ғы алаңында жаңа бу-газды электр стансасының құрылысы жо­басын жүзеге асыру басталған.

Қ.Бозымбаевтың байламынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы ая­сын­да «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» 500 Кв өңіраралық желісін салу жо­басын іске асырудың табысты тәжірибесі бірқатар жаңа жобаны қолға алуға мүмкіндік бермек.

Мәжіліс төрағасының орын­басары Г.Исимбаева отырыстағы талқылаулар қорытындысын шығарғаннан кейін депутаттар ұсыным қабылдады. Ол Үкіметке, бірқатар министрліктерге, өңір әкімдіктеріне бағытталатын бо­лады.