Ақордаға ағылған ақ тілектер
Ақордаға ағылған ақ тілектер
394
оқылды

Қазақстанның Президенті болып сайлануына орай, Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде.

Ресей президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент сайлауындағы айқын жеңісі Мемлекет басшысының отандастары арасындағы беделінің жоғары және Қазақстанның орнықты әлеуметтік-экономикалық да­муына бағытталған бағдарды жал­­ғастыруға, оның сыртқы саяси мүд­делерін қорғауға, екі ел арасындағы стра­тегиялық серіктестік пен одақтастықты жан-жақты нығайтуға ниетті екенін көрсетеді.

«Екіжақты байланыстарды нығайту үшін Сізбен тығыз жұмыс істеуді жал­ғастыруға, сондай-ақ Ресей мен Қазақстан­ның достас халықтарының игілігі үшін еуразиялық кеңістіктегі өзара тиімді ин­теграциялық үдерістерді ілгерілетуге дайын екенімізді растағым келеді» делінген жеделхатта.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев дауыс беру қорытындысы бауырлас қазақ халқының Қасым-Жомарт Тоқаевқа толық сенім артқанына және кең көлемде қолдау көрсеткеніне тоқталды. Оның пікірінше, бұл Мемлекет басшы­сының еліміздің орнықты дамуы мен ха­лықаралық беделін арттыруға, саяси бағдар мен маңызды әлеуметтік-экономикалық реформалардың дәйекті жалғасуына деген сенім болып саналады.

«Елдеріміз бен халықтарымыздың мүддесі үшін өзара күш біріктіре отырып, өзбек-қазақ стратегиялық серіктестігін одан ары дамытып, нығайта беретінімізге сенімдімін» делінген жеделхатта.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон құттықтау хатында Қазақстан халқының еркі мен ықыласы Мемлекет басшысының қызметіне деген зор сенімнің көрінісі болып саналатынын айтқан.

«Бүгінде стратегиялық серіктестік аясында табысты дамып келе жатқан екі елдің көпқырлы қатынастарының дәйекті кеңеюінің берік жақтаушысы ретінде біз Сізді білеміз әрі құрметтейміз. Тәжік-қазақ ықпалдастығын одан ары жан-жақты тереңдетуге мүдделіміз. Өзара күш біріктіре отырып, екі ел арасындағы ынтымақ­тастықты халықтарымыздың игілігі үшін жаңа деңгейге көтере алатынымызға сенім білдіремін» делінген құттықтау хатта.

Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков жеделхатында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент сайлауындағы айқын жеңісі Қазақстанның одан ары орнықты дамуына, бауырлас екі халықтың достығы мен тату көршілігіне, сондай-ақ елдеріміз арасындағы стра­тегиялық әріптестікті кеңейтуге септігін тигізетініне сенім білдіреді.

Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев құттықтау хатында: «Әзірбайжан-қазақ қатынастары халықтарымыздың ортақ тарихына, ұлттық және дүниетанымдық тамырына негізделеді. Берік негізге сүйен­ген мемлекетаралық байланыста­рымыз бен стратегиялық серіктестігімізді одан ары дамыту және берік қарым-қатынас­тарымыз бен көпқырлы ынтымақтас­ты­ғымызды тереңдете түсу үшін бірге күш жұмылдыратынымызға сенемін» деп жазған.

Сербия президенті Александр Вучич елінің Қазақстанмен достық байланыстарға зор мән беретінін және берік қарым-қатынастар мен кең ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін айтты. «Сіздің саяси тәжірибеңіз бен идеяңызға зор сенім артқан Қазақстан азаматтарының арқа­сында Сіз еліңізді даму жолына жетелейсіз» делінген Сербия президентінің жедел­хатында.

Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан Мемлекет басшысын Қазақстан президенті лауазымына сайлануымен құттықтады және ол өз Үкіметімен бірлесіп, мажар және қазақ халықтарының арасын­дағы достықты тереңдету үшін аянбай еңбек ететініне сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаевты БҰҰ-ның сегізінші Бас хатшысы, Ёнсэ универси­те­тінің жанындағы Жаһандық іс-қимылдар институтының құрметті төрағасы Пан Ги Мун жауапты мемлекеттік лауазымға сайлануымен шын жүректен құттықтады.

Жеделхатта Мемлекет басшысының БҰҰ Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры қызметін атқарған кездегі жұмыс тәжірибесі, әртүрлі мүдделі тарапты келісімге келтіру қабілеті Қазақстанды өркендетуге септігін тигізетініне сенім білдірген.

«Қазақстан – қазіргі уақытта орнықты дамуы мен инклюзивті өсімін айқын көрсетіп келе жатқан бірегей мемлекет. Сіздің дипломатияны терең түсінетініңіз еліңіздегі мемлекеттік құрылыс пен әлеуметтік-экономикалық дамуға ықпал етеді деп ойлаймын. Алдағы уақытта әлем­нің болашағын жарқын қылу мақсатында күш-жігер біріктіріп, ынтымақтас­тығымызды жалғастыра бергіміз келеді» делінген жеделхатта.

БҰҰ Өркениеттер альянсының жоғары өкілі Мигель Анхель Моратинос Қасым-Жомарт Тоқаевты президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтап, альянстың Қазақстанмен ықпалдастығы жақсы екенін атап өтті. Сонымен бірге, өзара әріптес­тіктің одан ары кеңейе түсетініне үміт­тенетінін айтты.

Америка-Қазақстан іскерлік ассоциа­циясының атқарушы директоры Сара Никель Президент Тоқаевтың Қазақстанда бизнесті қолдауға қажетті экономикалық өсім мен реформаларды ілгерілету ісіндегі тәжірибесі бай екенін атап өтті.

«Сіздің Президент болып сайлануыңыз бен «Астана» халықаралық қаржы орта­лығы сияқты маңызды бастамалардың жалғасуы инвесторлар үшін мемлекеттің ұзақмерзімді даму, гүлдену және халық­а­ралық әріптестік бағытындағы ұстанған жолына беріктігі туралы белгі болып саналады» делінген жеделхатта.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев­тың атына құттықтауларын Мажарс­тан президенті Янош Адер, Грузияның президенті Соломе Зурабишвили, Молдова Республикасының президенті Игорь Додон, Грузияның премьер-министрі Мамука Бахтадзе, Болгария Республика­сының бұрынғы президенті Петр Стоянов жолдады.