Еуропалық байқаушылар оң бағалады
Еуропалық байқаушылар оң бағалады
406
оқылды

ЕҚЫҰ байқаушыларының миссиясы Қазақстандағы президенттік сайлауды табысты өтті деп бағалады. Бұл туралы сыртқы саясат ведомствосы хабарлады.

Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы­ның (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) директоры Ингибьёрг Гисладоттирмен, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының байқаушылар миссиясының басшысы – ЕҚЫҰ ПА Демократия, адам құқықтары және гуманитар­лық мәселелер жөніндегі комитеті­нің төрайымы Маргарет Кинер-Нелленмен және ЕҚЫҰ/ДИАҚБ бақы­лаушылар миссиясының бас­шысы Уршула Гацекпен кездесу өткізді.

Келіссөздердің басты тақыры­бы Қазақстан президентінің кезек­тен тыс сайлауын байқау жөніндегі ЕҚЫҰ миссиясының жұмысы болды. Кездесу достық пейілде және конструктивті ауанда өтті.

Министр тарихи өлшем бойынша аз уақыт ішінде еліміз көп­те­ген жетістікке қол жеткіз­ге­ніне назар аудартты. Экономика нығайып, халықтың табысы өсті. Қоғамымыз тұрақтылық пен төзім­ділік үлгісі ретінде қарасты­ры­лады. Республика саяси дамуының жаңа кезеңіне шықты. Азаматтардың өз ықтиярын білдіру үдерісі заңнамаға және қабылданған халықаралық міндеттемелерге толық сәйкес адал, ашық және әділ өтті.

Өз кезегінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ басшысы кезектен тыс президент­тік сайлаудың табысты өтуімен құттықтап, миссия жұмысы үшін барынша қолайлы жағдай жасал­ғанына алғыс білдірді. ДИАҚБ басшысының пікірінше, Қазақ­стандағы сайлау алдындағы науқан іс жүзінде салмақты бұзушылықсыз жүрді. Сонымен қатар ол қазақ­стандық билік өкілдерінің бай­қаушылар баяндама­сын конструк­тивті қабылдағанын және жүйені одан ары жетілдіру туралы жоспар­ларын атап өтті.

«Кейбір үкіметтер осындай есептерді қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартады. Исландияда мысалы, «Дос әрқашан саған шындықты айтады, ал жау бәрі жақсы дейді деген мақал бар», – деді ДИАҚБ директоры.

Осы орайда Бейбіт Атамқұлов қазақ тілінде «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген мақал бар екенін жеткізді. Ол ел Үкіметі сайлау қорытындысы бойынша еуропалық байқаушылар­дың мәлімдемесінде көрсетілген ескертулер мен ұсыныстарды назарға алатынын жеткізді.

«Біз жаңадан сайланған Прези­дент­ті сайлаудағы жеңісімен құт­тық­­таймыз. Ең бастысы, сіздің Үкі­­метпен арамызда диалог бар», – деді ЕҚЫҰ ПА бақылаушылар мис­сия­сының басшысы М.Кинер-Неллен. Оның айтуынша, бақылау­шы­­лардың жергілікті билікпен өзара іс-қимылы өте байыпты болды, сондықтан ол жемісті ынтымақ­тастықтың ары қарай жалғасаты­нына үміт білдірді.

СІМ дерегінше, сайлауды бақылауға 900-ден астам халықа­ралық байқаушы қатысты. Атап айтқанда, 9 халықаралық ұйымнан 866 байқаушы келді. Бұл ретте әлем­нің 40-тан астам елінен 227 шетелдік тілші мен журналист аккредиттелді, бұл – Қазақстандағы сайлау өткізу тарихында бұрын-соңды болмаған рекордтық көр­сет­кіш. Демек, шетелдік журна­листер­дің, халықара­лық қоғам­дас­тықтың республика­мыздағы пре­зи­­денттік додаға деген қызығу­шы­лығы зор болған.