Зидан мен Бэйлдің арасы неге суыды?
Зидан мен Бэйлдің арасы неге суыды?
357
оқылды

Екі жыл бұрын бәрі басқаша еді. «Реалға» келген бетте Зидан бұл ойыншыны тәуір көрді

Алдымен Бэйлдің осы жаздағы жағдайы туралы бірер сөз:

  • «Реал» ойыншыны бірнеше топ-клубқа ұсынған. Алайда олардың ешқайсысы Уэльс құрамасының ойыншысына лайық жалақыны төлей алмайтынын (жылына 17 млн еуро) айтқан;
  • Футболшының агенті Джонатан Барнет трансфер үшін тиісті күш жұмсап жатқан жоқ деп клубты айыптайды;
  • Бэйлге Қытайда ойнау үшін жылына 25 млн еуро жалақы ұсынылған, алайда ол бас тартқан;
  • Бірқатар басылымдар «Реал» Неймарды алу үшін оның орнына ПСЖ-ға Бэйлді жіберуі мүмкін деп жазуда;
  • Бэйл басқа жазғы демалыстан басқа ойыншылармен бірге шықты. Бірақ жолдастық кездесуде бой көрсеткен жоқ.

Биылғы маусымды «Реал» 19 мамырда аяқтады. Бірақ жарақаты жоқ екеніне қарамастан Бэйл маусым аяқталардан бір ай бұрын мүлде алаңға шықпады. Ойыннан кейін ол жанкүйерлерге алғыс білдірместен киім ауыстыру бөлмесіне бірден кіріп кеткен. Сөйтіп командаластарына: «Менің келісімшарт бойынша әлі үш жылым бар. Егер олар менің кеткенімді қаласа онда әр маусым үшін 17 млн еуро төлеп тұруы тиіс. Әйтпесе, мен осында қаламын» деп айтқан.

8 шілде күні жазғы демалыстан оралған Бэйл командаластарымен маусым алдындағы дайындыққа кіріскен. Алайда ол жаттығуға қатысқанымен «Баварияға» қарсы ойынды трибунадан тамашалады. Зидан болса «Бэйл құрамға кірген жоқ, себебі ол жақында клубтан кетеді. Ертерек кетсе жақсы болар еді» деп ашық мәлімдеді.

Ал екі жыл бұрын бәрі басқаша еді. «Реалға» келген бетте Зидан бұл ойыншыны тәуір көрді және маңызды футболшылардың бірі санады. Жылдан астам уақыт бойы Бэйл негізгі құрамдағы орыны үшін алаңдаған жоқ. Сол кездегі Бэйл, Бензема, Криштиану (BBC) үштігі кез-келген команданың зәре-құтын қашырған болатын.

maxresdefault.jpg

2017 жылдың көктемінде «Барселонаға» қарсы матч қарсаңында Бэйл жарақатынан жаңа айыққан болатын. Сол кезде ол кездесуге толықтай дайын екенін мәлімдейді. Бірақ 39 минутта ауысуын сұрап, алаңнан кетеді. Бұл «Эль-Классикода» мадридтік клуб 2:3 есебімен жеңіліп қалады. Зиданның ойынша Бэйл команданы қиын жағдайға қалдырып, эгоизмге ұрынған. Осыдан бастап екеуара өзара қайшылық басталады. Зиданға ойыншының бірбеткей мінезі ұнамаған секілді.

Маусымның қалған бөлігінде жарытып жасыл алаңға шықпаған футболшы үлкен футболға тек Чемпиондар Лигасының финалында «Ювентуске» қарсы матчта ғана оралды. Оның өзінде соңғы 13 минут доп тепті. Осыдан соң Зиданның тактикасы 4-4-2-ге ауысып, Бэйл автоматты түрде негізгі құрамдағы орнынан айырылды.

Соның өзінде уэльстік футболшы арагідік алаңға шығып (26 матчта 16 гол соқты) жүрді, бірақ бірқатар маңызды кездесуде қосалқы құрамда қалып та қойды. 2017/18 жылғы маусымдағы ЧЛ 1/8 финалында ПСЖ-ға қарсы қос кездесуді қосалқы құрамнан бастап, ширек финал мен жартылай финалды қоса есептегенде 86 минут ғана өнер көрсетіпті. Осыдан кейін Бэйл командадар іргесін аулақ салып, өзін бөлек ұстай бастайды. Тіпті командаластарымен де ара-қатынасы нашарлаған. Марсело бір сұхбатында оның әлі күнге дейін испан тілін үйренбегенін, ал қақпашы Тибо Куртуа болса Бэйлдің мерекелік дастарханға келмейтінін айтқан еді.

2482705-51552810-2560-1440.jpg

Ал 2017/18 ЧЛ финалында Бэйл сөзсіз матч қаһарманына айналды. 61 минутта алаңға шығып, 63 және 83 минуттарға екі ғажайып гол соққан футболшы «Реалға» үшінші рет қатарынан қалқан құлақ кубокты алып берген еді. Осыдан соң ол Зиданға: «Мені не құрамға қосасың, не мен кетемін» деген талап қойған. Бірақ іле-шала Зидан бас бапкерліктен кетіп, мәселе шешілгендей көрінеді. Бірақ араға тоғыз ай салып ол қайта оралды. Келгеннен кейін де Бэйлдің жолын бірден жапқан жоқ. Бір жарым айдай футболшыға мүмкіндік берген сыңай танытты. Тіпті Зидан қайта оралғаннан кейінгі алғашқы матчта да Бэйл гол соққан еді.

Бірақ дәл қазір француз маманының бұл шабуылшыға қатысты түпкілікті шешім шығарып қойғанын аңғару қиын емес. Ендігісі – Бэйлдің карьерасын қай клубта жалғастыратыны ғана. Ол да алдағы 2-3 күн шамасында белгілі болуы тиіс.

Мақала авторы: Павел Тихонов

Аударған: Абай Аймағамбет