Майра Кебіспаева: Алматты балуан болады деп ойламадық
Майра Кебіспаева: Алматты балуан болады деп ойламадық
413
оқылды

Құрметті оқырман! Газетіміздің бүгінгі санынан бастап «Алыптардың анасы» атты жаңа айдар бастағалы отырмыз. Қай салада болмасын өрге шауып, төске озған мықтының бойындағы бекзаттығы, дегдарлығы – анасының тәрбие­сімен, қасиетімен қалыптасады. Сондықтан биікке жеткен ер жігіттің жетістігінде анасының қосқан үлесі орасан. Осы ретте жақында ғана өмірден озған, ардақты ұстаз, аяулы ана Мәрзия Тұрлыханова есімізге түседі. Ал бүгінгі сұхбатымызды грек-рим күресінен Азия чемпионы, Әлем чемпионатының күміс, қола жүлдегері, Лондон, Рио олимпиадаларының қатысушысы Алмат Кебіспаевтың анасы Майра Кебіспаевадан бастадық.

– Алдымен өзіңізді таныстырудан бастасақ. Қай салада қызмет етіп жатырсыз?

– 1960 жылы Үржардың Қарамойыл деген ауылында өмірге келдім. Алматыдағы Құрманғазы консерваториясы мен Чайковский атындағы музыка училищесін бітіргенмін. Негізгі мамандығым – домбырашы. 1984 жылдан бастап музыка мектебінде домбырашы болып жұмыс істедім. Сол жерде 34 жылдай еңбек етіппін. Қазіргі кезде аудандық мәдениет үйінің директоры қызметін атқарудамын. Жолдасым, екі балам бар. Жолдасымның есімі – Қабдіраш. Мамандығы – мал дәрігері. Әлі күнге сол салада жұмыс істейді. Үлкен ұлым Сымбат та әу баста спортпен айналысқан. Әкесі де кезінде бокспен айналысқан соң, спортқа өте қатты жақын болды. Екеуін үйретіп, баулып, солардың шыңдалуы үшін аянбай тер төкті.

– Алматтың күреске деген қызығушылығы қалай басталды? Боз кілемге шықпай тұрып басқа спорт түрімен айналысып көріп пе еді?

– Алмат кішкентайынан әнге әуес болды. Өзі әжесінің тәрбиесінде өскен. Сол кісі оған көп нәрсе үйретті. Соның бірі – ән айту. Балабақшада жүргенде екі жасынан бастап ән айтып жүрді. Үржарда әлі күнге дейін өтетін «Жауқазын» деген фестиваль бар. Алмат соның ең алғашқы қатысушыларының бірі болды. Сол арқылы көпшілікке танылып, Ресей, Молдова еліндегі байқауларға, «Айгөлек» ән конкурсына қатысып, бақ сынады. 4-сынып оқып жүрген кезінде Сара Алпысқызының да алдына барып ән салған. Өзі музыка мектебінің фортепиано класында оқитын. Фортепианоны жақсы көрді, ұнатты. Музыка мектебіне қарама-қарсы спорт мектебі болды. Біртіндеп, сол спортқа барып жүрген балаларға қызыға бастаған екен. Сол кездерде біздің ауданымыздан Мәмбетбаев, Баяхметов деген мықты балуандар шыға бастаған еді. Соның бәрі әсер етсе керек, маған да айтпай, әкесіне де айтпай күреске қатыса бастапты. Бір күні «әке, мен күрестен жарысқа қатысайын деп жатырмын, келіп көріңіз» деп қарап тұр. Бәріміз аң-таң боп қалдық. Барса, баласы көп-көрім күресіп шығыпты. Содан бірден Жұмаш Имамбаев деген әйгілі бапкерге табыстап кеткен. Ақыры 6-сынып бітіргеннен кейін музыка мектебін тастап, біржола күреске бет бұрды. 8-сыныпқа көшкен жылы Марат Сүлейменов деген інімнің қолдауыман елордадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектебіне оқуға түсті. Содан бері спорт әлемінде келе жатыр.

WhatsApp Image 2019-07-19 at 10.40.32 (1).jpeg
Бала Алмат

– Алмат қатысқан турнирлерді тамашалап көрдіңіз бе?

– Жарысын ешқашан барып көрген емеспін. Жас кезімізде бір-екі рет барғанмын. Қалай күреседі екен деген қызығушылықпен. Кейін мүлде қарамайтын болдым. Жүрегім дауаламайды. Әкесі барады. Қай жерге жарысқа барса да әкесі үнемі қасында болып, қолдап жүреді. Биыл Нұр-Сұлтанда өтетін Әлем чемпионатына қатысады. Соған өзімді дайындап, барып көрсем бе деп отырмын. Спортта қауіп әркез болады ғой. Көз алдымда жарақат алып қалса, ана болған соң қиналасың. Осыған дейін де талай жарақат алып, қиналды. Жағы қатты сынды бір кездері. Санынан жарақат алып қалды. Спорттан кейінгі ғұмырын ойлайсың. Келінім Айжан шүкір, Алматты түсініп, жағдайын жасап келеді. Қазір екеуінің үш баласы бар. Екі қыз, бір ұл. Кішкентай немереміз алдағы қыркүйек айында бір жасқа толады.

WhatsApp Image 2019-07-19 at 10.40.29.jpeg
Бозбала Алмат

– Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді ғой. Жеңіліске ұшыраған сәттерде жасып, өз-өзіне ренжитін кездері бола ма?

– Балам жеңілсе де, жеңсе де, барынша сабыр сақтауға тырысады. Әкесі қатты қуанып, толқып кетеді. Жеңіліп қалса, іштей көңіліміз түсіп қалатыны да жасырын емес. Бірақ бірінші кезекте баламыздың амандығы керек. Аман болса, әлі талай биікке жетеді деп жұбанамыз. Жалпы, елордаға кетемін дегенше Жұмаш ағасының қол астында жаттықты. Бірақ өз басым Алматтың алғашқы бапкері кім дегенде әркез әкесін айтамын. Өйткені, әкесі үйде оны көп жаттықтырып, дайындап, атқа мінгізіп, әбден бабын жасап бақты.

photo_258490.jpg
Чемпион Алмат

– Боз кілемнен тыс жерде Алматтың мінезі қандай?

– Бала кезінде бұзық болды. Бірнәрсені айтқысы кеп, сөйлегісі келіп тұратын. Әжесінің тәрбиесінде өскен соң еркін, ерке болып өсті. Көршінің балаларымен төбелеспей қоймайтын. Әжесіне еріп тойға барса да, әйтеуір бір шу шығарып қайтатын еді. Кейін спортпен айналысқанның әсері ме, қазір өте сабырлы, ұстамды жанға айналды. Кейде тез ашуланып кететін мінезі бар. Бірақ артынша тоқтам жасап, сабырға келіп жатады. Жалпы, өзін байыпты ұстауға тырысады. Той-жиындарда ән де салады. Бір жарыста біздің еліміздің әнұраны ойнамай қалып, Алмат оны жанды дауыста өзі айтып бергені бар. Спортта биікке жеткенін қалаймыз. Алайда одан да маңыздысы – Алматымыздың аман-есен ортамызда жүруі.

– Әңгімеңізге рақмет!