Жарқын Тұрсынов, Саматбектің жеке бапкері: Саматбекті чемпион қылған – спортқа деген құлшынысы
Жарқын Тұрсынов,  Саматбектің жеке бапкері: Саматбекті чемпион қылған – спортқа деген құлшынысы
331
оқылды

Кеше ғана Болгария қаласы Софиядан сүйінші жаңалық жетті. Грек-рим күресінен 45 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесетін балуанымыз Саматбек Ізімғали кадеттер арасында әлем чемпионы атанды. Спортшымыз финалда Өзбекстан елінен келген Асадбек Бахрамовты таза әдіспен жеңіп, алтын медальды өңірінде жарқыратты. Дүниенің дүйім жұртына Қазақстанның әнұранын тыңдатты. Ол осыдан бір ай бұрын ғана елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өткен Азия чемпионатында топ жарған. Спортшы қазір Алматыдағы «Шаңырақ» шағынауданындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде білім алып жатыр. Біз де сол жерде кездесіп, чемпионмен және бапкерімен сұхбат құрдық.

– Саматбекті алғаш қашан көрдіңіз? Қанша уақыттан бері бірге жұмыс істеп келе жатырсыздар?

– Алғаш рет жарысқа кетіп бара жатып пойызда кездестіріп қалған едім. Ол кезде бұл бала 5-сынып оқиды. Біздің мектепке 7-сыныптан бастап келді. Бірлесіп еңбек етіп жатқаны­мызға биыл төрт жыл толып отыр. Күресін, қабілетін көрмей жатып-ақ бірден қызығушылық оянды. Қасымда Нұртай деген жігіт болған. Ол да ә деген­нен ойын айтып, Саматбектің бойынан чемпионға тән қасиеттерді байқаған. Өзі де елгезек, жылдам қозғалады. Қасында Айбек деген ағайы бар, Аягөзге жарысқа бара жатқан беті екен. Балалардың ішінде ерекше көзге түсіп, қолды аяққа тұрмай қызмет қылып, шай қойып көмектесіп жүрді. Әңгімесін де айтып үлгеріп жатты. Содан Нұртай бастап әңгімеге тартып, тез тіл табысып кеттік. Айбекпен сөйлесіп, Саматбекті өзіміздің спорт мектебімізге шақырдық. Бапкері де жіберемін деп келісімін берді. Мен қабылдаймын деп уәде бердім. Шүкір, қазір сол уәдеміздің жемісін жеп жатырмыз.

– Күніне қанша уақыт дайын­даласыздар? Жаттығу процесі қалай жүреді?

– Күн тәртібіміз осы спорт мекте­бінің бағдарламасына сай жүреді. Таңертең жеті жарымда және кешкі бесте екі уақыт жаттығу болады. Осы ретте біздің алаңсыз жаттығу жасауы­мыз­ға, түрлі жарыстарға барып-қай­туы­мызға қолдау білдіріп отырған мектебіміздің басшылығына, сондай-ақ Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиевке ерекше алғыс білдіре кеткім келеді. Самат өзіне берілген тапсырманы тыңғылықты, мұқият орындауға тырысады. Бір жақсы жері – қай уақытта болмасын жарыстарға дайын тұрады. Менің туған күнім еді немесе үйге барып қайтуым қажет еді деген сылтауларды айтпайды. Бар ойымен, жанымен спортқа құлай берілген. Шынын айтсақ, былтыр қыркүйек айында келгеннен бері үйіне барған жоқ. Сарбаздар секілді бір жыл болды, әке-шешесін әлі көрген жоқ. Әрине, өзінің оңай жолды таңдамаға­нын, шыдау керегін, төзе білу керегін бала жақсы түсінеді. Осы спорттың арқасында өзінің біраз дәрежеге жететінін де түсінеді. Ол үшін, әрине, біраз қызықты құрбан етуге тура келеді. Сол үшін тынбай еңбек етіп жатыр.

– Осы 45 келіде кадеттер арасында ел ішіндегі бәсекелестік қалай? Негізгі қарсыластары кімдер?

– Аз уақыт бұрын Венгрияның Будапешт қаласында бүкіләлемдік оқушылар ойыны болды. Сол жерде шығыс қазақстандық Хамит Оңдасын деген жігіт екінші орын алған. Негізі биыл Қазақстан чемпионатында біз сол баладан жеңіліп, үшінші орын алып қалған едік. Бірақ ары қарай іріктеу жарыстары өтіп, екеуі Түркияда кездесіп, ол жолы Саматбек жеңіске жетті. Сол арқылы Саматбек Азия чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Азия чемпионаты қарсаңында оның әлем чемпионатына қатысу-қа­тыспауы белгісіз болды. Себебі, жақсы күрессе ғана әлемдік додаға жіберетін. Ал Саматбек құрлықтық сайыста алтын алды да, әлем чемпионатына абыроймен бара алатынын дәлелдеп берді.

– Енді кешегі жарысқа келейік. Әлемдік додаға дейінгі дайындық қалай жүрді және жарыс кезінде қарсыластарға қарсы тактика қалай қойылды?

– Жалпы, әлем чемпионатына дейін Азия чемпионаты, Еуропа чемпионаты, Панамерика ойындары сияқты құрлықтық жарыстар өткен. Оның видеолары интернетте бар. Көп қарсыластармен Түркияда да кездес­кенбіз. Ол жерде де Саматбек чемпион болған. 45 келі салмақта әлем бойынша 17 адам болды. Соның он төртінің күресін жатқа білдік. Әрбірін жіті қа­дағалап, қай жаққа қарай қандай тәсіл қолданарына дейін зерттедік. Құрама командамыздың бас бапкері Ербол Қонысбек деген ағаларымызбен бірге анализ жасап, толыққанды зерделеп шықтық. Соның арқасында әлем чемпионатына дайын болып бардық. Бәрінен де жарысты бастау қиын. Саматбектің алғашқы қарсыласы – Еуропа чемпионы атанған, ешкімді шақ келтірмей жүрген Әзірбайжан балуаны еді. Сол белдесу қиынға түсті. Соған дейін аздап қобалжып, қалай болар екен деген ой болған. Ал оны 15:4 есебімен жеңгеннен кейін сенімділік арта түсті, ары қарай алаңдаған жоқ­пыз. Финалға дейін Азия чемпиона­тында кездескен үндістандық балуанды 8:0, ал ирандық спортшыны 7:0 есебі­мен жеңіп финалға шықты. Финалда өздеріңіз көрдіңіздер, өзбек балуанына еш айла қалдырған жоқ. Ә деген­нен жеңісті жұлып алды.

– Осыдан кейін ұлттық құрама да Саматбекті назарда ұстайтын шығар?

– Әрине, ұлттық құрама жасөс­пірімдер мен кіші жасөспірімдерді әркез назардан тыс қалдырмайды. Басы жаман емес. Саматбек алда өседі, әлі де жетіле түседі. Ересектер арасына қадам басады. Сол кезде де қасында болып, аяғына дейін бірге еңбек етеміз деп ойлаймын.

– Алдағы уақытта салмақ ауыстыруы мүмкін бе?

– Бұлар жас балалар ғой. Салмағы да, бойы да өседі. Оны тоқтату қиын. Олай істеуге де болмайды. Қинамау керек. Қай салмаққа тоқтайды, сол салмақ бойынша күре­седі. Жарыс алдында сал­мағы аздап көбейіп кет­ті. 48 келі болды. Сол себепті, әлем чем­пионаты алдында нан жеуді азай­тып, диетаға отыр­ды. Уа­қы­тына дейін сал­мақ қуып үлгердік.