Қазақстан құрамасы соңғы минутта гол жіберіп ұпайды уыстан шығарып алды
Қазақстан құрамасы соңғы минутта гол жіберіп ұпайды уыстан шығарып алды
348
оқылды

Алғашқы ойында Ресей құрамасы 4:0 есебімен жеңіске жеткен

Еуро-2020 іріктеу кампаниясы аясында футболдан Қазақстан құрамасы сырт алаңда Ресей құрамасымен кездесті. Матч Калининград стадионында өтті. 

Ресей мен Қазақстан матчы аса тартысты басталды. Мамандар мен сарапшылар бұл ойында сөзсіз Ресейді фаворит санаған. Дегенмен Черчесов шәкірттері жылдам гол соғу және ойын тізгінін қолға алу жоспарын іске асыра алған жоқ. 

Қазақстан құрамасы сәтті қорғанды және жылдам қарымта шабуылға шыға білді.

Екінші таймның орта шенінен бастап Ресей құрамасы қарқынды шабуылдай бастады. Ақыры ойынның 89 минутында ресейліктер өз дегеніне жетіп тынды. Головин асырған айып добына бірінші жеткен Марио Фернандес біздің қақпадан саңылау тауып кетті. 

Еске салсақ, елордада өткен алғашқы кездесуде Ресей Қазақстан қақпасына жауапсыз 4 гол соққан болатын. 

Осыдан 3 күн бұрын болған ойында Қазақстан сырт алаңда Кипр құрамасымен тең (1:1) ойнады. 

Қазақстан келесі кездесуін 10 қазан күні өз алаңында Кипрмен өткізсе, 13 қазан күні Бельгиямен күш сынасады. Іріктеу циклі Сан-Марино және Шотландия құрамаларына қарсы кездесумен аяқталады. Бұл ойындар қараша айында өтпек.

I тобында турнир кестесін 18 ұпаймен Бельгия бастаса, Ресей құрамасы 15 ұпаймен екінші орында тұр. Үздік үштікті Кипр түйіндеп тұр. Оларда да, бізде де 7 ұпайдан бар. Бірақ қосымша көрсеткіштер бойынша кипрліктер алда. Шотландия 6 ұпай жиса, Сан-Марино ешқандай ұпайсыз.