"Астана" бапкері Еуропа лигасында неліктен екінші рет қатарынан жеңіліске ұшырағанын түсіндірді (видео)
"Астана" бапкері Еуропа лигасында неліктен екінші рет қатарынан жеңіліске ұшырағанын түсіндірді (видео)
5,264
оқылды

Үшінші турда 24 қазан күні «Астана» сырт алаңда «АЗ Алкмармен» ойнайды

«Астана» футбол командасы Еуропа лигасы топтық кезеңі аясында өз алаңында сербиялық «Партизанды» қабылдап, 1:2 есебімен жеңіліп қалды. 

Матчтағы есеп 29 минутта ашылды. Нигериялық шабуылшы Садик Омар қонақтарды ә дегеннен алға шығарған. Омар 73 минутта дубль жасап командасының басымдығын жоғарылата түсті. Сондай-ақ оның тағы екі голы офсайдтан салынды деп есепке алынған жоқ. Әйтпесе, «Партизанның» жалғыз Омардың күшімен-ақ «Астананы» ойсырата жеңердей қауқары болған. 

Ал «Астана» сапынан жалғыз голды 85 минутта исландиялық жартылай қорғаушы Рунар Мар Сигурьонссон соқты. 

Ал топтағы тағы екі ұжым «АЗ Алкмар» мен «МЮ» кеше тең есепке риза болысты. Осылайша, көш басында 4 ұпайы бар «МЮ» келе жатыр. Ол «Партизаннан» тек доп айырмашылығы бойынша алда тұр. «АЗ Алкмар» 2 ұпай жинады. «Астана» әзірге көш соңында. 

Үшінші турда 24 қазан күні «Астана» сырт алаңда «АЗ Алкмармен» ойнаса, «Партизан» өз алаңында «Манчестер Юнайтедті» қабылдайды. Екі ойын да Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 22:50-де басталады. 

Матчтан кейін «Астананың» бас бапкері Роман Григорчук журналистер сауалына жауап берді. Оның айтуынша, команданың басты көзірі Марин Томасов денсаулығына байланысты алаңға шықпаған. 

«Біз өзімізден күшті командадан жеңілдік. Сондықтан ешбір футболшыма айып таға алмаймын. Олар қолдан келгенін істеді. Екі фронтта қатар ойнау үшін мықты футболшылар жеткілікті болуы керек. Олай болмаған соң ойыншылардың күшін үнемдеп пайдалануға тура келеді. Егер негізгі құрам футболшылары қатардан шығып қалар болса бұл бізге ауыр тиеді» дейді маман.

https://youtu.be/pSKBZLE1HBM

https://youtu.be/bV7YQYqkDeI

https://youtu.be/lBQH7FoiKLk