Қос титанның қақтығысы
Қос титанның қақтығысы
341
оқылды

24 қазан – Қазақстанның теннис жанкүйерлері үшін ерек­ше күн. Өйткені аста­на­мызға теннис тарихында ат­тары аңызға айналған спорт­шылар келді. Әлемнің нө­мі­рі бірінші ракеткасы Новак Джокович пен екінші ракет­касы Рафаэль Надаль қайы­рым­дылық матчын өткізді. Дәл осы кездесу екі жыл бұ­рын жоспарланған бола­тын. Алайда серб Новак Джоко­вич­тің жарақатына байланысты кейінге шегерілген еді.

Бір ғана күнге келген теннис жұлдыздарының бағдарламасы өте тығыз болды. Жергілікті БАҚ өкіл­дерімен өткен баспасөз кон­ференциясында Қазақстан теннис федерациясының президенті, Халықаралық теннис федерация­сының (ITF) вице-президенті, бизнесмен Болат Өтемұратов Новак пен Рафаэльге алғысын білдіріп, іс-шараны ұйымдастыруға кеткен қаржының тек жеке сек­тордан келгенін айтты. Сонымен қатар Федерация президенті өз сөзінде билеттерден түскен барлық қаражаттың қайырымдылыққа жұмсалатынын алға тартты.

Қазақстанға алғаш рет келіп отырған серб Новак Джокович тілшілермен қазақша және орысша амандасып, баспасөз конферен­циясының қатысушыларының ықыласына бөленді. Испан тен­нисшісі елімізге 2014 жылы келген еді. Бекер келмей, амандасуды үйреніп қайтқан екен.

ТМД территориясында алғаш ұйымдастырылып отырған іс-шараның негізгі себепкерлерін Елбасы Н.Назарбаев пен Прези­дент Қ.Тоқаев арнайы қабылдады.

– Бұл – қазіргі заманның даңқты теннисшілерінің ойынын Қазақстанда көруге керемет мүм­кіндік. Аталған матчтың қайырым­дылық мақсатта өтіп отырғаны аса маңызды. Сіздердің астанамызға келгендеріңіз Қазақстанда дамып келе жатқан тенниске үлкен қолдау екені даусыз. Бүгінгі балаларға көрсететін шеберлік сабақтарыңыз оларға жақсы үлгі болады және шабыттандырады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бағдарламаға сәйкес, қос тен­нисші Нұр-Сұлтан қаласында жаңа теннис орталығының ашылу салтанатына қатысып, Қазақстан­ның түкпір-түкпірінен келген жас теннисшілермен және Astana Tennis Club әуесқойлар клубының мүшелерімен кездесті. Испан­дық­тар өнер көрсеткен орталықты GreenSet компаниясы жасаған. Жаңа теннис орталығында 36 адамға арналған қонақүй, 8 жабық, 5 ашық корт, 2 тренажер залы, 2 тамақтану орны, 6 киім ауыстыра­тын бөлме бар. Корттың сапасы өте жоғары. GreenSet – испан фир­масы. Надаль өзін еркін сезінген болар. Не дегенмен орталықта ис­пан мамандары қолының табы бар емес пе?

 

КӨП КҮТТІРГЕН КЕЗДЕСУ

Көптен күткен кездесу кешке қарай қызды. Әлемнің қос мық­тысы Барыс аренада кездесуге орай ұйымдастырылған Қазақстан Теннис турнирінің 6-14 жас ара­лы­ғындағы жеңімпаздарына шеберлік сабағын өткізді. Одан кейін 12 мыңнан астам көрерменнің ал­дында тартысты матч болды. Атал­ған қайырымдылық кездесудің нәти­жесінде испан теннисшісі ше­шу­ші тай-брейкте 11:9 есебімен қарсы­ласынан басым түсті. Бұл – теннисшілердің алтыншы бейрес­ми кездесуі. Матч нәтижесінде жал­пы есеп теңесті: 3:3.

Қазақстанда бірінші рет үлкен аренада ұйымдастырылып отырған ойынды Елбасы Н.Назарбаев пен Ресей теннис федерациясының президенті Ш.Тарпищев тама­шалады. Елбасы жанкүйерлермен бірге перфоманс жасап, ойын қы­зығына берілді.


Матч барысында аренадан Джоковичтің жанкүйерлері көп екенін байқайсыз. Өзі де риза бол­ды ма екен, Новак Джокович қы­зықты әрекеттерімен есте қал­ды. Атап айтқанда, ойын кезінде допты ұрудың түрлі әдістерін қолданып, болбойлардың көмегіне жү­гінді. Үзіліс кезінде көрер­мендерді ортаға биге шақырып, әзіл­деп төрешіге наразылық біл­дірді.

Ескере кететін жайт, Қа­зақ­станда Новак Джоковичтің Іnstagram желісінде @novakdjokovic_kz ресми фан-клубы ашылған болатын. Ресей, Орта Азия және Қазақстан аумағын қамтитын алғашқы фан-клубтың арқасында Барыс аренаға жанкүйерлер ағылды. #nolefam хэштегі аясында 200-ге жуық жанкүйер Нұр-Сұл­танға келді. Кумирлерінің ойынын өз көздерімен көрген фанаттар автограф алып, суретке түсіп, тен­нисшіден сыйлық алу мүмкіндігіне ие болды.

2 сағатқа созылған көрме мат­чын тамашалауға жиналған көрер­мен сүйікті спортшыларын жібер­гісі келмей, кортқа жүгіріп, аэро­порт­қа дейін шығарып салды. Қимайды, әрине. Елімізге Надаль мен Джокович күнде келіп жатқан жоқ. Мұндай теннис тойы, жан­күйер қуанышы көпке дейін есте қалары анық.

Надаль мен Джокович кім?

Новак Джокович Сербияда дүниеге келген. Соңғы он жыл­дық­тың ең мықты теннисшісі. Теннис тарихындағы аңызға айналған үш теннисшінің біреуі. Үлкен шлем турнирінің 16 рет жеңімпазы бол­ған. Ол 4 үлкен шлемді қата­ры­нан ұтқан, 9 ATP MASTERS тур­нирінің барлығын жеңген жалғыз спортшы. Қазіргі таңда Монакода жаттығады. 5 тілде еркін сөйлейді. Вегетариан, яғни ет жемейді.

Рафаэль Надаль – грунт королі. Испанияда дүниеге келген. Үздік үштіктің құрамдас бөлігі. Үлкен шлем турнирін 19 рет ұтқан. Пекин Олим­пиадасында жеңіске жетіп, Андрэ Агассиден кейінгі барлық теннис турнир түрін жеңген екінші ер теннисшісі атанды. Надаль 12 рет Роланд Гаррос турнирінде топ жарған.

Қос спортшы өзара 54 рет кездесу өткізген. Джокович 28 рет, ал Надаль 26 рет жеңіске жеткен.

Әлемнің 1-ші және 2-ші тен­нис­­шілері матчтан кейін, Нұр-сұлтан әуежайынан Парижде өте­тін ATP Masters турниріне ұшып кетті. Алда оларды тағы бір бәсеке кү­тіп тұр. Ол жақта да құшақ жая қар­­сы алатын жанкүйер бар. Бәрін бірік­тіретіні тенниске, қос спорт­шыға деген махаббат.


Ерік ИЛЬЯСОВ,
теннис блогері