Дария кеуде, тау мүсін, қарттарым, қазір бармысың?
Дария кеуде, тау мүсін, қарттарым, қазір бармысың?
447
оқылды

Қаттырақ айтуға тура келді. Қашанғы жауырды жаба тоқып, жарамсақтанамыз? Бүгінгі қоғамда ақсақалдарға деген бұқараның өкпесі қара қазандай. Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Алайда көзге шыққан сүйелдей көрініп тұрған кемшіліктерін айтпасақ, аза­маттығымыз қайсы?! «Үлкеннің алдын кеспе, елеусіз қала­сың, кішінің жолын кеспе, көмусіз қаласың» деген тәмсілді де санамызға түйіп жүрміз. Үлкен атына сай болса дейміз ғой баяғы. Бірақ аға буынның аузынан сөзі, үстінен бөзі түскен өкілдерінің өкінішті қылықтары мен өткінші сөздері өзегемізді өртеп жүр.

Жақында Алматы облысы Көк­су ауданында Балпық би баба­мыздың 325 жылдығына орай ұйым­дастырылған «Бабалардың ерлігі – Тәуелсіздіктің тірегі» атты мерейтойлық шаралар қатарында батагөй қарттардың «Бата сөзі – ата сөзі» атты сайысы өтті. Балпық әулиенің ғана емес, ел ісінде жат­талып қалған даналары­мыздың баталары, ел бірлігіне қатысты айтқан ұлағатты сөздері мен па­йымды пікірлері айтылған, бүгінгі үлкендеріміздің жастарға жөн сілтеуі мен бата беруі сынаққа түскен оңтүстік өңірлік (Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент және Алматы қалалары атынан) батагөй қариялар арасында болған бай­қаудан басымыз төмен салбырап қайттық. Аймақтық жарыс болған соң тайлы-таяғы қалмай жина­лып, жан дүниесін байытып қай­туға құлшынған, дуалы ауыз ақ­сақалдар бата беруден, ғибратты сөздер айтып, елді аузына қа­ратады деген үмітпен жиналған жұрт­тың көңілі су сепкендей ба­сылды. «Байқау байқау болмады, миды шайқау болды».

Республикамыздың түкпір-түкпірінен сауын айтып, алысқа хат жіберіп, жақынға ат шапты­рып, атан түйедей қалап шақырған «ақсақалдарымыз» «мақтаған қыз тойда бүлдіріпті» дегеннің керін келтірді. Қоржынға салынған таң­баланған асықты алып, кезек-кезек сахна төріне көтерілген­дердің аттарын атап, түстерін тү­гендеуге дәтіміз бармайды. Аузы дуалы, батасы бәтуәлі дейтіндей бір қарияны көрмедік.

Осы мақаланы оқығандар «ел ішінде небір айтқыштар бар ғой» дейтіні хақ. Бірақ біз көрген үлкен қариялар ақсақал деген аттың жалаң шапанын жамылып жүр­гендер ғана болып шықты. Көзі ашық, көкірегі ояу, жазу-сызуды білетін, ақ самайлы, сары тісті шал­дарымыз тым құрыса, жаны­нан шығармаса да тұшымды бата жаттап алмағанына қарнымыз ашты, көңіліміз жасыды. Халық батыры Бауыржан Момышұ­лы­ның жасы үлкен қарттарды «шал, қария, ақсақал, абыз» деп төртке бөлгені осындайда еріксіз ойға оралады. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатынды шал, өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізе бі­летінді қария, тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа мінгізіп, айдынын асырып отыратын қартты ақсақал, бүкіл елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау-дамайын шешіп, арғы-бергі та­рихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді мо­лынан сіңірген қартты абыз деген екен бұрынғылар. Ал батагөйлер жарысына келген 13 қарияны Бауыржан бабамыз теліген төрт топтың қайсысына жатқыза­ры­мызды білмедік. Байқауға кел­гендердің арасында сақал-мұрт жапсырып алғандарды да көрдік. Залда отырған көрермендердің: «Бұлар кешегі кеңестің шек­пенінен шыққан шал-шауқандар ғой, қандай кінә арта аласың? Баяғының шалдарындай болу қайда?!» деп ақтауға тырыс­қан­дарын да, күйінгеннен не күлерін, не жыларын білмегендерін де көр­дік. Расында кеңес кезінде өмір сүріпті, бірақ заманнан кінә іздеген жөн емес. Тәуелсіздік ал­ға­нымызға отыз жыл болса да, өзге тілде шүлдірлеп, ұлттық құн­дылығымызды жоғалтып, жаһан­дану деген жалмауыздың өңе­шінде жұтылып барамыз.


Әу баста әмин деп қайта-қайта қол жайып, қарық боламыз, Оңтүстік, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы об­лыс­тары мен Шымкент, Алматы қалаларынан небір айыр көмей қариялар келетін шығар деген дә­ме­міз Мәдениет үйінің дәлізін­де қалды. Бата жарысынан бөлек, салт-дәстүрге байланысты сұ­рақ­тарға кейбір ақсақал­дарымыз «білмейді екем» деп «ағынан» жа­рылды.

Көріп жүргеніміздей, той-то­малақта, ас-жиындарда жары­тып бата беретін қариялар жоқтың қасы. Ас-жиында батаны молда­лар қайырып жүр. Олардың жас шамалары да әртүрлі, ақсақал­дарға немере болатындар да бар арасында. Кейбір тойларда, ке­шегі партократ шалдар бата бере алмай, кемпірлер бата бер­генін де шыққыр көзіміз көруде. Көрер­менді жинап алып, драмалық көрініс қоятын осындай жасан­дылықты қашанғы қайталап, елді алдап-арбай береміз. «Жастар бұзылып барады, үлкенді сый­лауды қойды, әбестік істерге үйір» деп жазғырамыз. Соларды тезге салатын, тентегіне тек дейтін, сөзі мірдің оғындай, айбарынан ауыл-аймақ ыққан, керек кезде би-болысты алдына жүгіндірген, елдің іс-әрекетіне нақты баға берген, арғы-бері тарихты қозғап, ұлттың рухын аспандататын абыздар жоқ бізде. Шөп арасына түсіп кеткен инедей іздесең де, таппайсың. Керісінше, әкім-қа­ра­ларды мақтап, солардан шапан киіп, теріс қылығын көрсе де көрмегендей болып, қызметінен кеткенде, «өзі де бір оңбаған еді» деп ауыл арасына саясат соғып жүретін шал-шауқандар қамқа тонға сірескен биттей өріп жүр.

Батагөйлер байқауында шал-шауқандарымыз Төле бидің он бес жасында:

– Ақты ақ деп бағалар!
О, игі жақсы ағалар!
Өзегі талса ел біткен,

Өзен бойын жағалар, – деген даналық сөзін бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай қайталаумен болды. Тіпті, Балпық бидің асына келіп тұрып бабаның нақылдарын, ғибратты сөздерін айтқандар жоқ­тың қасы. Ол – ол ма, өздері туған өңірдегі би-шешендердің ел ау­зын­да қалған сөздерін де білмей­тін болып шықты. Қазылар құра­мының төрағасы Нұртілеу Иман­ғали да көңілі толмағанын жа­сырмады. «Баталы ұл арымас, батасыз ұл жарымас» де­гендей, батаға жарымай, салы­мыз суға кетті. Әу баста әмин деп қайта-қайта қол жайып, қарық боламыз, Оңтүстік, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы об­лыс­тары мен Шымкент, Алматы қалаларынан небір айыр көмей қариялар келетін шығар деген дә­ме­міз Мәдениет үйінің дәлізін­де қалды. Бата жарысынан бөлек, салт-дәстүрге байланысты сұ­рақ­тарға кейбір ақсақалдарымыз «білмейді екем» деп «ағынан» жа­рылды. Өткен тарихымызды, сол кезеңдерде өмір сүрген ата-бабаларымыздың би-шешен­деріміздің ғибраттарын бүгінгі қариялар білмесе, кімге кінә артқандайсың. Сол бабаларымыз, оқу-сызу жоқ дәуірде даланың заңымен жүріп, ауыздан-ауызға тараған аңыз-дастандарын, қис­са-жырларын, шешендік өнер­лерін кімге мұра етіп қалдырды сонда? Бүгінгі қариялардың көзі ашық, көкірегі ояу, жазады-сыза­ды, тіпті интернеттің құлағында ойнайды. Тым құрыса, бабалары­мыз шайнап, ауызға салып беріп кеткен баталарды жаттап алуға болады ғой.

Батаның да түр-түрі бар. Дас­тарқанға, мал сойылғанда, отау құрған жастарға, тағы басқа да ырым-жоралғыға байланысты беріледі. Жетісу өңірінде, «Тақия­лы періште» аталып кеткен ­Әбіл­ғазы Райымбеков ақсақа­лымыз – батагөй. Сол кісі оқыған, көңілге тоқыған баталарын айтып оты­рады. Әкім-қаралар да жиын-ме­реке бола қалса, сол кісіні арнайы шақыртады. Батаны Әбілғазы атадан сұрайды.

«Даланың дара ділмарлары» қалдырған аталы сөздерді оқысаң, арқаң қозып, қаның тулап, па шіркін бабаларым-ай, «ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген» деп тамсанасың да, солардың бүгінгі жалғасын көргенде, қарадай тү­ңілесің. Қашанғы бабала­ры­мыз­дың бір кездегі даңқын айтып, мақтана береміз? Егер сол құн­дылықтарды ретімен жал­ғас­ты­рып отырсақ, мақтанайық, на­сихаттайық. Бірақ оны наси­хат­тайтын ақсақалдарымыздың түрі анау, ақсақ қой ұқсап түстен кейін маңырап тұрса не дауа? Талай ға­сырдан бері келе жатқан баталар, мақал-мәтелдерде, аталы әрі ба­талы сөздерде халқымыздың қан­шама таусылмас асыл қазынасы жатыр. Соған сай бүгінгі жастар жүрісіне қарап үлгі алып, аузына қарап сөз құдіретін түйсінер қариялардың көкірегі кең дария болса, қанеки... Күні бүгінге дейін сынын бұзбай жеткен қасиетті құндылықтарды жастарға ама­наттап тапсырар ақсақал таппай састық. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, отбасы-ошақ қасынан аса алмаған бүгінгі шал­дарға қарап, жер орта жасқа келгенде, бала-шағасын бағудан арыға аса алмағанына қатты на­лисың. Ықылым заманнан қанық бояуын жоғалтпаған, талайларды бақ пен таққа жеткізген уәлі бата­ларды, семсерлесе де жігін бұз­байтын аталы сөздерді, шира­тылған шешендік орамдарын, қорыта айтқанда, уақыттың ек­шеуінен, елеуінен өткен сөз өне­рін меңгере алмаған қарттарға қарап, қарнымыз ашты. Тіл бас­қар­масын Ахмет Кендірбек бас­қарып тұрғанда Алматы облы­сын­да батагөйлер жарысы өтіп тұрған. Одан кейін бұл шара жал-құйрығы күзелген жылқыдай сойысқа кет­ті. Мүлдем тоқтады. Соның кесі­рін батагөйлер байқауында көр­дік. Десек те, бәрі адамның өзіне байланысты. Мүмкін нағыз дария кеуде қариялар ауылда қалып, пысықайлар жиналып қалды ма деген күдік те көңілді кеміреді.

Данышпан Абай атамыз айт­қан: «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел!» деген. Бірақ біздің қа­зақтың сөзі әлі түзелер емес. Сөз маржанын санамызға сіңіріп, сақ­тағанды айтпағанда, бүгін­гілердің дастарқан басында бата бере алмайтынынан соны аңға­рамыз.

     

Айтақын БҰЛҒАҚОВ