Головкиннің ізбасары
Головкиннің ізбасары
334
оқылды

Кәсіпқой бокстағы GGG жа­саған керемет карьера кім-кімді де қызықтырады. Әсіресе, Головкинді өкшелеп келе жатқан қазақстандық кәсіпқой боксшыларды.

Қазір біраз қазақстандық бокс­­шы орта және бірінші орта сал­­мақта өнер көрсетіп жүр. Же­тіс­­тіктері де жаман емес. Көбі жеңі­ліп көрмеген. Бірақ әлі ешбірі ти­тулдық жекпе-жекке шыққан жоқ. Әрине, біз бұл ретте екінші деңгейлі чемпиондық атақтарды есепке алып отырған жоқпыз. Осы ай басталғалы бірнеше бокс­шы­мыз жекпе-жек өткізіп үлгерді. Со­ның бірі – бірінші орта сал­мақ­та жұдырықтасатын Мадияр Әш­кеев. Ол аргентиналық Ро­до­ль­­фо Мартинесті үш рет нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен жеңді. «Эгис Климас (менеджері) жақсы жаңалықпен қуантуға уәде берді. Қазір біраз демаламын. Ал келер жылы тек топ-боксшылар­мен кездесуге шығамын» дейді Әшкеев. Ол кәсіпқой рингте 14 кез­десу өткізіп, барлығында же­ңіс­ке жеткен.

Орта салмақтағы Жәнібек Әлімханұлы бірер күн бұрын ғана кана­далық Альберто Онолуносені же­ңіп, BoxRec рейтингінде 55-орын­ға көтерілді. Жәнібек те 8 кез­­десудің барлығында жеңіп келе жа­тыр. Төртеуін нокаутпен аяқ­та­ған.

Супер орта салмақтағы Айдос Ербосынұлы мен Нұрсұлтан Жаңа­баевтың да жетістігі қуан­та­ды. 12 кездесуде 12 жеңіс енші­ле­ген Айдос келесі жекпе-жегін жел­­тоқсан айында өткізбек. 8 кез­­десудің барлығында қарсы­ла­сы­нан басым түскен Нұрсұлтан да жыл соңына рингке көтеріледі. Екеуінде де құрлықтық және екінші деңгейлі титул бар.

Көпшілік ерекше үмітпен қарайтын боксшы – Садриддин Ахмедов. Жастар арасында WBC чем­пиондық атағын иеленген Сад­рид­дин 7 желтоқсан күні Мон­реал­да аргентиналық Хосе Анто­нио Вильялобоспен жұдырық­тас­пақ. Ахмедов те 10 жекпе-жекті жеңіспен тамамдаған. 25 жастағы Вильялобос 2017 жылы ақпан айын­­да Камил Шереметемен бокс­тасып, жеңіліп қалған. Ал Ше­­ремете Головкиннің келесі қар­сыласы деп айтылуда. Бұл тұрғы­да Садриддин мейлінше жас әрі қарымды қарсыласпен күш сына­сатын сияқты.

Көпшілік Мейірім Нұрсұл­та­нов­тың жуық арада топ-бок­с­шы­лар қатарына қосылатынын жиі айтып жүр. Мейірім 3 қараша күні Лас-Вегаста мексикалық Крис­тиан Оливасты жеңіп кетті. Сөй­тіп, қазақ боксшысы 13 кездесуін жеңіспен аяқтады.

Қазақ боксшылары арасынан ти­тулға ертерек жетуі мүмкін спорт­шы ретінде Батыр Жүкем­баев­­тың есімі жиі аталады. Карье­ра­­сындағы 17 кездесуде же­ңіске жеткен Батыр келесі жек­пе-жегіне дайындығын пысықтауда. Ол соңғы рет 26 қыркүйекте мек­­сикалық Мигель Васкесті төре­шілер шешімімен жеңген болатын. Сөйтіп, екінші деңгейлі WBA Continental және IBF Inter-Continental титулын иеленген. Жүкем­баев қазір BoxRec рейтин­гінде 19-орында келе жатыр.

Кәсіпқой боксшыларды тіз­бе­легенде Данияр Елеусіновті ұмы­тып кетуге болмайды. Олим­пиа­да чемпионы ретінде кәсіпқой бокс әлеміне аяқ басқанына қара­мас­тан, Данияр әлі күнге топ-бокс­шылармен жұдырықтаса қой­ған жоқ. 8 рет шаршы алаңға шықты, 8 рет жеңді. Соңғы рет қыркүйек айында америкалық Решард Хиксті аяусыз сабаған. Келесі кездесуін 20 желтоқсан күні Лас-Вегаста өткізеді. Әзірге қарсыласы белгісіз. Даниярдың әйгілі про­моутер Эдди Хирнмен жұмыс істейтіні белгілі. Хирн соңғы кезде Геннадий Головкинге де жетек­ші­лік етіп жүр. Брита­ния­лық про­моу­тер топ қарсыластарды тауып беруге қабілетті маман. Сондық­тан Данияр көп ұзамай титулдық кездесулерге шығуы тиіс.

Жалпы, осы жігіттердің шар­шы алаңда шайқас салып келе жат­­қанына екі жылдай уақыт бо­лып қалды. Алды тіпті 3-4 жыл­дан бері кәсіпқой бокспен айналысуда. Бірақ әлі күнге орта деңгейлі қар­сы­ластарды құлатудан әрі асатын емес. 2019 жыл тамам. Биыл еш­кім­нің титул еншілеп үлгермейтіні, бокс кешінің басты жекпе-жегінде жұдырықтаса қой­ма­сы белгілі. Жақсы жаңа­лық­тарды 2020 жыл­дан күтеміз. Бәлкім, орта сал­мақты мекен қылған қазақ жігіт­тері бір-біріне қарсылас атанып қалар, кім біледі.