Соңы ажырасуға әкелетін төрт қателік қандай?
Соңы ажырасуға әкелетін төрт қателік қандай?
921
оқылды
Ажырасу3 − Ержан, өзіңіз отбасылық түйіткілді мәселелерді әлеуметтік желі арқылы оқырмандарыңызға түсіндіріп жүрсіз. Жеке хабарласып, жанұядағы келіспеушіліктер жайында назын білдіріп жататындар бар шығар. Отбасылық психолог ретінде, қазіргі біздің қоғамдағы соңы ажырасуға әкелетін төрт қателікті атап берсеңіз? − «Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші, отбасындағы береке мен бірлікті, татулықты сақтау үшін ең алдымен екі тарапқа да жауапкершілік керек. Отбасын құру маңызды әрі аса жауапты қадам. Әрине, әркімнің жағдайы әртүрлі. Жалпы барлығын жинақтай келе төрт қателікті атап өтуге болады. Біріншіден, екі жастың ажырасуына алып келетін негізгі себеп, жауапкершіліктің жоқтығында. Бірге өмір сүруге ниет еткеннен кейін ер азамат отбасының асыраушысы ретінде, әйел − ана, біреудің жары ретінде өз міндетін сезінуі тиіс. Екіншіден, жас отбасының өміріне үшінші тараптың жиі араласуын атап өтуге болды. Қалай десек те, үлкен кісілер жастарға өз білгендерін үйретіп жатады. «Одан жаман болмайды» дейді. Бірақ психолог ретінде айтарым, орташа алғанда 20-25 жылда қалыптастып қалған адамды өзгерту мүмкін емес. Ол адамның өмірге деген өзіндік көзқарасы жүйеленді. Әрі ескі көзқарас пен жаңаша ойлаудың арасында туатын қарама-қайшылықты ескеру керек. Осыдан барып келіспеушілік туындайды. Мысалы, енесі келініне қандай да бір ақыл айтса, қазіргі қыздар интернеттен қосымша психологтардың пікірін тыңдайды, салыстырады. Меніңше, жастардың өміріне үшінші тараптың араласуы біздің қоғамда жиі кездесетін мәселе. Бастапқыда бір-бірін мүлде танымайтын екі адам үшін бейімделу (адаптация) жүруі керек. Тану кезеңінде үшінші тараптың араласуы кері ықпал етуі мүмкін. Қазіргі жастарға еркіндік жетіспейді. Үшіншіден, болашаққа ортақ жоспардың жоқтығы. Әсіресе, бұл мәселе қаражатқа қатысты. Отбасындағы ерлі-зайыптылар екеуі де айлық алса да, бір-бірінің ақшасы қайда кеткенін білмейді. Әркім өзінше жаратады. Сосын айдың ортасында азық-түлік алуға ақша жоқ. Осыдан барып ұрыс, реніш туындайды. Жасырын емес, ауылдан Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты қалаларға келіп тұратын жастардың көбі пәтер жалдап тұрады. Я болмаса, бір бөлмелі пәтерді ипотекаға алғандар жиі кездеседі. Бұл дегенміз, табысының жарысы баспана мәселесін шешуге кетеді деген сөз. Ал қалған шығындар ше? Тамағы, жолы, баласының балабақшаға баратын ақшасы, киімі, арасындағы той-томалақ тағы бар. Мына заманда онсыз да ақшаның жететін күні жоқ. Бірақ оны дұрыс жоспарламай, оңды-солды шашатын болса жағдай тіпті қиын. Төртіншіден, екі жастың бір-біріне көңіл бөлмеуі. Қарым-қатынас әуел баста эмоцияға құрылады. Алдымен қыз бен жігіт арасында ұнату сезімі пайда болады. Сосын жақын танысу арқылы бір-біріне бейімделеді. Отбасылық өмірдің алғашқы жылдарында екеуі жеке шағын мемлекет екенін сезінуі тиіс. Көптеген отбасында мұндай мүмкіндік бола бермейді. Осы ретте, менің клиенттерімінің бастан өткен оқиғаларын негізге алғым келеді. Олар өз үйлерінде өздерін қожайын сезінбейді. Себебі, бір бөлмелі пәтерден өзінің інісі, әйелінің сіңілі сол сияқты туған-туыстары арылмайды. Ол жігіттер жұмыстан шыққаннан кейін үйге бармас үшін, достарымын кездеседі, қосымша жұмыстар істейді. Сөйтіп, үйдегі бір қауым ел жатты-ау деген кезде ұйықтау үшін барады. Ал әйелімен жақын қарым-қатынаста болу, емен-жарқын сөйлесуге қысылады. Осындай жағдай көптеп кездеседі. Ал әке-шешесіне бауырларын жібермеңдер, үй тар деп айтатын десе, тағы ыңғайсызданады. Көңілге қарайды. Сөйтіп, сырттан комфорт іздейді. Көзге шөп салу осыдан басталады. Қазір заман басқа ғой, екі жастың жақындары отбасылық өмірге кедергі келтірмеуді ойлауы керек. Көптеген отбасылар осындай жағдайдан кейін ажырасып кетеді. Маған бір жігіт хабарласып, туған інісі бұзақылық жасап түрмеге түскенін айтты. Оны шығарып алу үшін әке-шешесі ағасына ақша тауып беруін сұраған. Бұл онсыз да әрең күн көріп отырған жас отбасы үшін салмақ болмай ма? Оны ойлап жатқан ешкім жоқ. «Жалғыз інің түрмеде жата ма? Туыс емессің бе?» деген сөздерден кейін амал жоқ көмектеседі. Бұның соңы үйдегі қаражаттың жетіспеуіне әкеледі. Сосын ұрыс шығады. Осындай оқиғаларды жіпке тізе берсең өте көп. Меніңше, жаңа құрылған отаудың шаңырағы берік болуы үшін оларға артық салмақ салмауды, кедергі келтірмеуді бірінші орынға қою керек. Бұл жағдай көптеген отбасын ажырасудан сақтап қалар еді.  width= − Сананы тұрмыс билейді демекші, есепке құрылған некелердің бары жасырын емес. Отырған қыздар қалтасы қалың, жағдайы бар жігіт іздесе, жігіттер де қазіргі уақытта табысы жоғары, білімді қыздарды таңдап жатады. Бұл шынайы бақытты отбасы болу үшін жеткілікті ме? − Отбасылық кикілжің қаражаттың жетіспеуінен туындайтынын атап өттім. Бақыт ақшада емес екені баяғыда-ақ дәлелденген. Бірақ менің көзқарасым бойынша отбасындағы адамдардың өздерін бақытты сезінуінің 80%-ы қаражатқа байланысты. Себебі, біздің елдегі отбасылар бір айлықтан екінші айлыққа жету үшін өмір сүреді. Бір адамның басында бірнеше несие бар. Адамдардың саясатты, табиғатты, адамзатты ойлап отыратын уақыты да, ниеті де жоқ. Себебі, оның бар ойы тұрмыстық қажеттіліктермен, қаражатты қалай жеткіземін дегеннен аспайды. Неге еуропалықтар ғаламдық проблемалар туралы айтады. Себебі, олар «күнімді қалай көрем?» деп отырған жоқ. Қаржылық жағынан тәуелсіз, бос уақыты бар. Яғни, бізде халықтың басым бөлігінің басын көтеруге дәрмені жоқ, тек күнкөрістің қамы ғана. Осыны түсінген кейбір жастар, алдын ала қам жасайды. Аға-әпкесінің қателігін қайталағысы келмейді. Сол үшін бірінші материалдық жағдайын жасап алуды көздейді. Бұл этаптан өткен соң, өзі сияқты аяқтан тұрған, білімді, жоғары айлық алатын жар іздейді. Бойжеткендердің де түсінігі осындай. Жайлы өмір сүргісі келеді. Соған ұмтылады. Қалыпты құбылыс. Тек бір байқағаным, 30 жасқа дейін жүрген қыздың не үйі, не депозитте ақшасы, не көлігі жоқ. Бірақ туған-туысына көмектеседі. Осыны байқаған жігіттер кейін де төркініне ақша жіберіп тұра ма деген қорқынышпен қарайды екен.  width= − Отбасында зорлық көрсе де, соған шыдап жүрген әйелдер жетерлік. Біздің қоғамда әйелдің еркекке тәуелді болуына не себеп? − Барлығын әйел адамға жүктеп қою дұрыс емес. Қазіргі заманда шыдау, үндемеу, көну, ұялу дегенді мүлде қою керек. Адамдардың санасы өзгерді. Зорлыққа шыдап жүрудің соңы жақсылыққа апармайды. Күйеуіңіз қорлық көрсете ме, «өзіңді тәрбиеле, әйтпесе ажырасамын» деп талап қою керек. Ендігі жауапкершілікті ерлерге артатын уақыт келді. − Қоғамда ер азамат көзге шөп салса, әйелдің кінәсі екенін алға тартады кейбір қарасы қалың топ. Сіз мұны немен түсіндірер едіңіз? − Көзге шөп салу – сақтындық. Оның басқа сипаты жоқ. Ерлер әйелін қыз кезінде жақсы көріп алады. Жас әрі әдемі қалпында ешкім мәңгі жүре бермейді. Тұрмыстың күйбелең тірлігіне салынып, күйеуінің туысын күтемін, баласын тәрбиелеймін деп жүргенде өзіне қарайтын уақыты да, мұршасы да болмайды. Өзін ең соңғы орынға қояды. Сөйтіп жүргенде ер азаматтар «сезіміміз суып қалды, маған мейірім көрсетпеді» деп өзге әйелден жылылық іздейді. Сырттағы әйелдер сұлу, сымбатты көрінеді. Айрандай ұйып отырған отбасының шырқын бұзады. «Әйелі өзін күтпейді» деп сылтау айтатын еркектер үйіне қызметкер алуға, әйелін барлық тұрмыстық қиындықтардан арылтып, өзіне көңіл бөлуге мүмкіндік беру керек. Бір емес бірнеше рет отбасын құрып бақыт таппадым дейтін ер азаматтар бар. Өйткені өздері бақытты болуға ұмтылмайды. Мәселе осында.  width= − Қазір еңбек нарығында ерлерге сұраныс төмендеп, жұмыссыз үйде отырып, әйелдің отбасылық шығынды көтеруі жиі кездеседі. Ер адамның әйелге қаржылай тәуелді болуы отбасындағы жанжалға, ажырасуға себеп болуы мүмкін бе? − Қазір көзқарас өзгерді. Мен еркекпін, әйелдің тірлігіне араласпаймын деп теледидар алдында жататын ер азаматтарымыз ескі түсініктегі адам болуы мүмкін. Қазіргі жігіттер әйелі өзінен көбірек ақша табатын болса, оның жағдайын ескеріп тамақ жасауға, бала қарауға көмектеседі. Саябақта бала қарап жүрген ер кісілерді жиі көреміз. Өйткені, мына қоғамда уақыт тапшы, барлығына үлгеру керек. Шығындарды жабу үшін қаражат табу керек. Осының бәрі отбасындағы ерлер мен әйелдердің қызметін алмастырып жатыр. Бұл табиғи құбылыс. Қыздар да ерлер сияқты ақылды, білімді, қабілетті. Олардың ерлерден жоғары табыс табуында еш әбестік жоқ. Осыған түсіністікпен қарауға тиіспіз. Әркім өз шамасына қарай екінші адамға икемделеді. Бастысы осы. − Сұхбатыңызға рақмет!