Қос ел одаққа неге қызықты?
Ресей президенті Владимир Путинге сенсек, қазіргі күйзелісті жағдай және КВИ індетінің таралуы елдерді бір-бірімен бірігуге, бірлесе қимылдауға итермелеуде. Шындық екеніне сену қиын, дегенмен РФ көшбасшысының байламынша, COVID-19 дертімен күреске интеграциялық үдерістер үлес қосты. Рас, В. Путин мүше елдерін қолдау үшін триллиондаған еуро шығындаған Еуроодақтай емес, Еуразиялық одақтың өзіне қатысушы елдерге, тіпті лайықты гуманитарлық көмек көрсете алмағаны туралы тіс жармады. Көмек Қазақстанға негізінен өзге шет мемлекеттерден келді. «Жұмыс коронавирус пандемиясының жайылуы жағдайында жүргеніне қарамастан, біз тізе қоса отырып, көп нәрсеге қол жеткіздік, ЕАЭО аясындағы интеграциялық процестердің табысты дамуы жалғасын тапты. 5 мемлекет COVID-19 індетімен күресте тиімді ынтымақтастықты жолға қойды. Ресей серіктестеріне тест-жүйелерді табыстады. Медикамент, жеке қорғаныш құралдарын жеткізді. Ресейлік мамандар бестік елдеріндегі әріптестерімен үнемі байланыста. Бүгінде Спутник-V ресейлік вакцинасын одақ елдеріне жеткізу мәселесі пысықталуда», – деді Путин. Сарапшылар Мәскеудің осы вакцинаны әзірлеу және ғылыми-зерттеу жұмыстарына одақ елдерінің ғалымдарын араластырмай қойғанын қаперге салады. Сенбегені, құпиямды сыртқа шашар дегені болар. Тек клиникалық сынақ сатысында ғана серіктеріне жүгінді. Кеше Қазақстанда көршінің вакцинасын шығаратын өндіріс ашылды. Әйткенмен, біздің ғалымдар Мәскеуге үміт артпай, өз бетінше отандық вакцинаны жасауға кірісті, екі клиникалық сынақ сатысын абыройлы еңсерді. Енді 2021 жылғы наурызда кең өндіріске қоймақ. Одаққа бақылаушы мәртебесінде кірген Куба да биылғы 24 тамызда төл вакцинасын сынауға кірісті. Жақында «бостандық аралы» COVID-19 вирусына қарсы Soberana аталған екінші вакцинасын тіркеді. Халықаралық ұйымдардың және Еуропаның көмегімен Өзбекстан да қауіпті індетпен табысты күресуде. Ендеше бұл екі елді одаққа коронавирус итермелеп отырмағаны айқын.Ең бастысы – экономика
Қазақстандық экономист Марат Ерғозин Өзбекстан да, Куба да ЕАЭО-ның экономикалық игіліктерін көруге ынталы екеніне екпін түсірді. «Қазір ешбір ел АҚШ-қа қарсы бағытталған одақ құрғысы келмейді: Вашингтон кез келген елдің омыртқасын опырмағанымен, дамуда кенже қалдыруға қабілетті, тегеурінді санкциялар топтамасын енгізе алады. Еуразиялық одақты саясиландыруға, өзгеге қарсы қоюға Кремль көптен күш салып жүр. Алайда Қазақстанның табандауы арқасында одақ тек экономикалық арнада дамып келеді. Бақылаушыға айналған осы екі елге келсек, бүгінде олардың экономикасы, өндірісі құлдырауда, сыртқы саудасы шектелуде. Тек ресми мәлімет бойынша өзбек елінің экономикалық белсенді тұрғындарының 10%-дайы жұмыссыз. Кубада жұмыссыздық деңгейі былтырмен салыстырғанда екі есе өскен», – деді экономист. Демек, олар үшін бұл – төл экономикасын өркендетудің және тұрғындар тұрмысын жақсартудың қамы болса керек. Әйтпесе, жаһандық күйзеліс пен экономикалық қиындықтар әлемде созылмалы сипатқа ие болады деген болжам бар. Экономист Өзбекстан мен Кубаның одаққа «мүше» болып кірмегеніне назар аудартты. «Бақылаушы» мәртебесі оларға шешім қабылдау кезінде дауыс беруге, «бестік» басшыларының жабық талқылауына қатысуға, күн тәртібін қалыптастыруға мүмкіндік бермейді. Бірақ бақылаушы мәртебесі мүше елдермен сауда-экономикалық қарым-қатынасты өркендетуге жол ашады. Оның үстіне дәл осы саммитте мүше мемлекеттер көшбасшылары Еуразиялық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын бекітті. Құжат одақ ішіндегі тауарлар, қызметтер, капитал мен жұмыс күшінің ортақ нарығын, сондай-ақ бірыңғай цифрлы кеңістікті қалыптастыруды аяқтауды көздейді. Бұл жерде еңбек миграциясына жол ашылуы Өзбекстанға да, Кубаға да керек. Олар сондай-ақ одақтан капитал мен инвестицияның келуіне зәру. Мұның сыртында ЕАЭО-мен еркін сауда туралы келісім бекіту бойынша Иран, Үндістан, Индонезия мен Моңғолия келіссөз жүргізуде. Олардың бәрі одақтың пайдалы екенін түсінсе, ұйыммен одан әрі тығыз кіріге түсуі ғажап емес.Үміт шырағданы алға бастайды
Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев айтқандай, әлемдегі теріс тенденциялар одақ аясындағы сауда-саттыққа теріс әсер етіп отыр. Еуразиялық экономикалық комиссияның дерегінше, өзара сауда-саттық биылғы 10 айдың ішінде 11,6%-ға құлдырап, небәрі 44 миллиард долларды құрады. Салыстыру үшін айтсақ, одақ елдерінің өзге, үшінші елдермен тауар айналымы бұдан әлдеқайда көп: өткен 10 айда 501,6 миллиард доллар болды. Ол 17%-ға төмендеген. Соның ішінде басым көпшілігі – 294 миллиарды – ЕАЭО экспорты. Бұл ретте Қазақстанның одаққа кірмейтін өзге мемлекеттермен алыс-берісі 70 миллиард 476,4 долларды құрады (өткен жылдан 13,2%-ға кем). Мұндағы басым бөлігі – 39 миллиард 219 миллион доллары (-18,6%) қазақ елінің сыртқа сатқан экспорты. Тағы да салыстыра кетсек, биылғы 10 айда еліміздің одақтас 5 елмен тауар айналымы небәрі 15 миллиард 904 миллион доллар болды. Мұндағы 4 млрд 459 млн доллары ғана – қазақстандық экспорт (13,1% аз). Қалғаны – одақтастан тасылған импорт. Ұйымның игілігін пайдаланып отырған ел – Ресей: ол 2020 жылғы қаңтар-қазанда одақтастарына 27,2 миллиард доллардың өнімі мен қызметін жеткізді. Әділін айту керек, Еуразиялық интеграцияның оң ықпалы да бар. Мысалы, тұтастай алғанда, яғни ЕАЭО құрылған 2014 жылдан бергі кезеңде Қазақстанның серіктес елдермен өзара саудасы үштен бірге – 33%-ға ұлғайыпты. Соның ішінде осы елдерге жөнелткен отандық экспортымыз 25%-ға өсті. Одақ елдерінен құйылған инвестиция 6%-ға артты. Бірлескен кәсіпорындар саны 2 есе көбейіп, 13 мыңға жуықтады. Қалай болғанда, Еуразиялық интеграция алдағы жылдары тың серпін алатынға ұқсайды. Ресей экономикалық даму министрінің бірінші орынбасары Михаил Бабичтің айтуынша, ЕАЭО-ның 2025 жылға дейінгі стратегиясы – «өте мазмұнды құжат» болып отыр. «Онда одақ дамуының шешуші бағыттары көрініс тапқан. Онда одақ сотының және комиссияларының ұлтүстілік өкілеттіктері, мүше елдің вето қоятын құқығын қолдануы, ұйымды дамытудың институционалды шаралары қарастырылған. Еуразиялық комиссия мен Еуразиялық сот пәрменді жұмыс істеуі үшін шынайы өкілеттіктерге ие болады. Бұл одақтың өркендеуіне жаңа серпін береді», – деді М.Бабич. Стратегия жүзеге асса, кедергілер мен шектеулер жойылып, одаққа мүше және бақылаушы елдердің кәсіпкерлері ортақ экономикалық кеңістікте суда жүзген балықтай өзін еркін сезінетін жағдайға жетеді. Әзірге ол жоқ, әр ел импорт алмастырумен айналысып әлек.Айхан ШӘРІП