MH 17 СОТЫ: ұшақты атқандар белгілі, ұсталған ешкім жоқ
MH 17 СОТЫ:  ұшақты атқандар белгілі, ұсталған ешкім жоқ
© britannica.com
287
оқылды

Шілденің 17-сі күні Украинаның шығы­сында­ғы сепаратистердің бақы­лауындағы аймақта ма­лайзиялық Boeing ұша­ғының құлағанына 7 жыл толды.

Куала-Лумпурға жете алмаған ұшақ

2014 жылғы 17 шілде күні Ни­дерланд астанасы Амстердамнан ұшып шыққан Malaysia Airlines компаниясының Boeing 777-200ER ұшағының бортында экипаж мүшелерін қосқанда 298 адам болған. Соның ішінде 80 бала бар еді. Куала-Лумпурға бет алған ұшақтың жолын бақылап отырған Днепропетровск авиа­диспетчерлік қызметі оны Ресей­дің Дондағы Ростов қаласының авиадиспетчерлеріне тапсыруға 2 минут қалғанда ұшақ радар экранынан ғайып болады. Кейін оның «Бук» ЗЗК арқылы атып түсірілгені белгілі болды. Куә­гер­лер ұшақтың аспанда жарылып, жолаушылар денелерінің көктен құлағанын айтқан. Апатты зерт­теген мамандар ұшақ тұмсығының маңына жарылған «Бук» зымы­ранының салдарынан борттың герметизациясы жойылып, адам­дар 10 мың метр биіктікте бірден көз жұмғанын анықтады. Сөйтіп, көршілерге «жұмсақ күш» арқылы емес, бірден қоқан-лоқы жасау тәсілімен ықпал етуді құп көретін Ресей билігінің Украинамен жан­жалының кесірінен текетіреске ешқандай қатысты жоқ жүздеген азамат мерт болды. Жолаушы­лардың құрамында Малайзия, Нидерланд, Германия, Аустралия, Индонезия, Ұлыбритания, Бель­гия, Жаңа Зеландия, Канада және Филиппин елдерінің азаматтары болды.

500 шақырым жерден әкелінген қарумен атты

Негізі, көптеген сарапшылар да, Гаага сотында куәлік етушілер де MH 17 рейсін атып түсірген «Бук» ЗЗК Ресейден әкелінгенін бірауыздан айтады. Кешен Курск қаласында орналасқан Ресей Әуе қорғанысы күштерінің 53 бри­га­дасына тиесілі екені белгілі бол­ды. 2014 жылы Украинаның шы­ғысында сепаратистер мен үкімет әскері соғысып жатқан кезде ресейліктер кешенді Донбасқа жеткізген. Ал Курск пен Дон­бастың арасы шамамен 530 шақы­рым. Кешен Малайзия ұшағын атып түсірерден екі күн бұрын жет­кізілген. Сепаратистер зымы­ран кешенінің көмегімен өзде­рінің тылына Украина қарулы күштерінің десант түсіруіне тос­қауыл қоюды көздегенге ұқсайды. Алайда кешенмен бірге жүруі тиіс радарды аймаққа апармаған. Сөйтіп, азаматтық ұшақты атып түсірді. Әрине, бұл оқиғаны әскери мамандардың қателігі деуге болар еді, бірақ кейбір жағдай оны «оқыс оқиға» деуге мүмкіндік бермейді. Біріншіден, апаттан бірнеше күн бұрын, дәлірек айтқанда 2014 жылғы 1 шілдеде Украина билігі ұрыс болып жатқан ай­мақтың үстінен 7 900 метрге де­йінгі биіктікте ұшақтардың ұшуы­на тыйым салды. 14 шілдеде 9 750 метрден төмен ұшуға шектеу қойылды. Ал Малайзия ұшағы 10 050 метр биіктікте ұшқан. Мұндай биіктікте азаматтық ұшақтардың ұшуына рұқсат етілген. Ал «Бук» 10 мыңдық межедегі нысандарды атып түсіруге қауқарлы еді. Әрі сол кезде ұрыста қолданылған Су-25 жойғыш ұшағы 7000 метрден биік ұша алмайтын. Сонымен бірге Халықаралық бірлескен тергеу тобы (JIT тобы) деп ата­ла­тын мемлекеттердің сарапшылары МН 17 ұшағы қалдықтарын са­раптай келе, «әуе-әуе» сыныбын­дағы Р-33, Р-37 немесе Р-40 зы­мырандары ғана Boeing-ке «Бук»-тай соққы бере алатынын анық­таған. Бұл зымырандарды МиГ-31 ұшағы ғана көтере алады. Ал ондай ұшақ Украина әскерінде жоқ. Сондықтан Су-25 ұшағының «әуе-әуе» сыныбындағы зымы­ранмен Boeing-ті атып түсіруі мүмкін емес. Мұның өзі сепара­тистердің қастандықты әдейі ұйымдастырғанын көрсетеді. Екіншіден, кешенді 530 ша­қырым жердегі қаладан Донбасқа алып келу, 17 шілде күні Ресейдің Украинамен шектесетін айма­ғында FL530 эшалонынан немесе 16 000 метрден төмен ұшуға ты­йым салынуы арандату мақса­тының алдын ала ойластырыл­ғанын көрсетеді. Өйткені «Бук» 18 мың метр биіктіктегі нысанды атып түсіруге қауқарлы. Ал Киев­тің шабуылдаушы ұшақтары жоқ сепаратистерге қарсы 10 000 метр­ден биікке ұша алатын МиГ-29 тәрізді ұшақтарды пайдаланбасы анық. Үшіншіден, сепаратистер алдымен МН 17-ні Украина әскері атып түсіргенін мәлімдеді. Яғни украиналық Су-25 ұшағы Boeing-ті атып түсіріпті-мыс. Алайда Су-25-тің 10 мың метрге шыға алмайтыны белгілі болғанда сепаратистер мен оларды жақтау­шы Мәскеу билігі «Бук» Украина әскерінікі екенін алға тартқан. Бірақ олар атаған Зарощенское елді мекені сол кезде сепаратис­тердің бақылауында еді. Әрі се­паратистерге қарсы «Бук» ЗЗК қолданудың қажеті жоқ. Шабуыл­даушы ұшақтарға қысқа қашық­тыққа арналған зениттік кешен­дер де жарайтын. Қысқасы, ма­лай­зиялық ұшақты сепаратис­тердің Ресей қаруымен атып түсіргені айдан анық болды. Бірақ Мәскеу де, Донбастағы сепа­ра­тистер де оны мойындағысы жоқ.

«Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ»

МН 17 ұшағын атып түсіру Украинаға қарсы ұйымдасты­рылған гибридтік соғыс амалда­рының бірі болғанын бүгінде көптеген сарапшылар ашық айтып жүр. Шамасы, Қырымда «жасыл адамдардың» күшімен референдум өткізген Мәскеу Дон­баста азаматтық ұшақты атып түсіру арқылы Киевті әлемдік қауымдастықтың алдында кінәлі етуді көздеген секілді. Алайда JIT тобына кіретін елдердің маман­дары Гаагадағы сотқа нақты ай­ғақтар ұсынды. Олардың ара­сында сепаратистер жетекшіле­рінің өзара телефонмен сөйлескен сәттеріндегі дыбыс жазбалары да, АҚШ жер серіктерінің суреттері де бар. Тек америкалық әскерилер жер серігінен түсірілген сурет­тердің көпшілікке жария болға­нын қаламай ма қайдам, әйтеуір ешбір масс-медиа аталған дәлел­дерді ашық жариялаған жоқ. Ал Гаагадағы сот әзірге сепаратистік «Донецк халық республикасы» деп аталатын заңсыз құрылымның «қорғаныс министрі» Игорь Гир­кинді, оның қол астында жұмыс істеген ресейлік отставкадағы генерал Сергей Дубинскиді және Олег Пулатов деген азаматты айыпты санап отыр. Сонымен бірге малайзиялық ұшақты атып түсіруге қатысқан украиналық Леонид Харченок да айыпты­лардың қатарында. Алайда бұ­лардың ешқайсысы Гаагадағы сотқа келген жоқ. Тек О.Пулатов бейнежазба арқылы өзінің оқиғаға қатысы жоқ екенін айтып, адвокаттың бірқатар сұрағына жауап берген. Ал «Бук» ЗЗК-нің бұрын қайда орналасқанын сұратқан соттың өтінішіне Ресей тарапы жауап та бермеді. Бірақ айғақтардың барлығы Украи­наның шығысында болған апатқа тікелей Ресейдің қатысы бар екенін көрсетіп отыр. Әзірге зы­мыран кешенінің экипаж құрамы ғана белгісіз. Дегенмен ұшақты атып түсіруге «Бук» ЗЗК құрамына кіретін барлық көліктер қатыс­пағаны белгілі болды. Коман­далық басқару машинасы да, РЛС те, қаруды оқтайтын қосалқы көлік те Донбасқа келмеген. Яғни, төрт көліктің біреуі ғана 2014 жылғы 17 шілде күні Дон­баста болыпты. Алайда Мәскеу мұндай айыптаулардың ешқай­сысын мойындаған жоқ. Тіпті, ешқашан мойындамасы да белгілі болды. Әрі халықаралық құқық, сот жүйесі, келісімдер дегенге пысқырып та қарамайтынын бай­қатты. Қыңырлығынан танар емес.

Амангелді ҚҰРМЕТ