Ауғанстан: «Талибан» мен ДАИШ текетіресі
Ауғанстан: «Талибан» мен ДАИШ текетіресі
331
оқылды

8 қазанда Ауғанстанның Құндыз қаласындағы мешітте жойқын жарылыс болып, 120-дан астам адам мерт болған еді. Жараланғандар саны 300-ден асып кеткен. Кейін бұл терактінің жауапкершілігін ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) тобы өз мойнына алды. Сөйтіп, «Талибан» мен ДАИШ-тың текетіресі жаңа деңгейге көтерілді.

«Хорасан халифатын» армандағандарға қарсы тұрды

Қазақстанда экстремистік ұйымдар ретінде танылған осынау екі топтың арасындағы текетірес биыл тамыз айынан кейін қай­тадан күшейді. Дегенмен олардың алғашқы қақтығысы 2015 жыл­дың қаңтарынан басталған бо­латын. Сол жылы Ирак пен Си­рияда әбден күшейген ДАИШ Ауғанстаннан да бөлімшелерін ашып, бекініп алмаққа ұмтылған. Тіпті, «Ұлы Хорасан» дейтін атау да берген. Бірақ Кабулдың ресми билігінен гөрі «Талибан» қозға­лысынан қатты қарсылық көрді. ВВС сол кезде «Талибан» жетек­ші­лері дала командирлеріне ДАИШ-ке қарсы ұрыс салуға жасырын бұйрық бергенін жа­зады. Алайда британдық журна­листер «Ұлы Хорасан уалаятын» құруды армандаған ДАИШ топ­тарының жетекшілері бұрын «Талибан» құрамында болғанын алға тартты. Яғни, Ауғанстанға ДАИШ топтары сырттан келме­генге ұқсайды. «Тәліптерден» кө­ңілі қала бастаған кейбір экс­тре­мистер Ирак пен Сирияда жат­қан ДАИШ көсемдерімен бай­ланысқа шығып, ұйымның бө­лімшесін ел ішіндегі адам­дар­мен жасақтағаны айтылады. Ра­дикалдардың қатарын Өзбек­станнан, Шыңжаннан, Пәкіс­таннан қашқан экстремистер толтырғаны да сөз болды. Сөйтіп, 2015 жылғы көктемнен бастап «тәліптер» мен даиштықтар ара­сында кескілескен ұрыс жүрді. Әсі­ресе, Нангархар, Гильменд, Фа­рах және Забуль провин­ция­ла­рында қатты ұрыстар болды.
Жалпы, «тәліптерден» бөлі­ніп, ДАИШ-ке қосылғандарды екі түрлі себеппен байланыстыруға болады. Біріншіден, 2014-2015 жылдары ДАИШ Сирия мен Иракта әбден күшейді. Қаржысы да мол еді. Ирактың Мосул тәрізді ірі қалаларын басып алуы олар­дың шынында да қуатты күш еке­нін байқатқан. Ал «тәліптер» ол кезде әлсірегендей көрінді. Мі­не, дәл сол кезде «романтик-джи­хадистер» ДАИШ-ке қосы­луға тырысты.
Екіншіден, 2015 жылы ДАИШ өз қол астындағы әрбір содыр үшін айына 500 доллар жалақы төлейтінін мәлімдегені бар. Ал «Талибанда» ондай мүмкіндік бол­ған жоқ. Сондықтан ақшаға қы­зық­қандар да «Ислам мемле­ке­ті­нің» Ауғанстандағы бөлім­шесінің қатарын толықтыруға тырысты. Қызығы, текетірес ДАИШ же­текшілерінің «Талибанды» айыптаған видео таратуынан ке­йін басталған. Алдымен ДАИШ жетекшілері «Талибанды» Пәкіс­танның ведомствоаралық барлау қызметінің мүддесіне жұмыс істейтінін айыптап, оларға қарсы ұстанымын байқатқан. Ал «тә­ліптер» Әбу Бәкір әл-Бағдадидің атына 2015 жылғы 16 маусымдағы хатында «джихадтың балама май­данын ашу» қажет емес екенін, қажет болса «Талибан» өздері ба­қылап отырған аймақтарды ба­рын сала қорғайтынын жеткізген. Жауап та кешікпеді. Даиштықтар Хорасан аймағында «халифатқа мойынсұнбағандарды аямауға» бұйрық берген еді. Содан бері екі топ қырқысып келеді. Дегенмен дәл Ауғанстан жағдайында «тә­ліптердің» бәсі жоғары.

Қос экстремистік топтың қандай айырмашылығы бар?

Жалпы, әлемнің көптеген мем­лекеті «Талибанды» да, ДАИШ-ті де экстремистік ұйым­дардың қатарына қосқан. Тіпті, БҰҰ деңгейінде де бірқатар ше­шім қабылданғаны бар. Алайда соңғы кездері «Талибан» қозға­лысын бұрынғысынан бөлек дей­тіндер де шықты. Яғни, 20 жыл ішінде «тәліптердің» саяси амал­дары да, кейбір ұстанымдары да өзгерген-мыс. Әрине, тамыздан бері Ауғанстанды билеп отырған топтың әзірге бұра тартқан қы­лығы байқала қойған жоқ. Құра­мындағы радикал топтарды да ауыздықтауға тырысып бағуда. Со­дан да болар, соңғы кездері «Та­либанның» ДАИШ-пен күре­сін қолдау керек екенін айтатын саясаткерлер пайда болды. Мә­селен, өткен айдың соңында ­Ре­сей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Талибанның» ДАИШ-ке қарсы күресін қолдау керек екенін айтты. Ал соңғысы болса тек Құндыздағы терактімен шектелген емес. Нангархар про­винциясында, Джалалабад қала­сында екі күннің бірінде ДАИШ мүшелері теракт жасап жүр. Та­мыздан бері олар әжептәуір бел­сеніп келеді. Дегенмен «тәліптер» тағайындаған Ауғанстанның мәдениет және ақпарат минис­трінің орынбасары Забиулла Муджахид елдің барлық аймақта­рында ДАИШ-ке қарсы опера­циялар ұйымдастырылып жатқа­нын айтты. Ал екі топтың басты айырмашылығына келсек, мәселе идеологияда жатқаны айтылады. ДАИШ Сарапшылар ДАИШ барлық ислам мемлекеттері мен мұсыл­ман халықтарды біріктіретін аса ірі құрылым жасақтауды қалай­тын панисламдық ұйым екенін айтады. Олардың «халифат құ­рамыз» дейтіні содан. Ал «Тали­бан» қозғалысы өз идеологиясын Ауғанстан жерінен сыртқа тасы­майтынын айтады. Әрі өңірде этникалық, діни қақтығыстың пайда болуына жол бермеуге тырысады. Ислам дінінің шейттік бағытын ұстанатындарға да қысым жасамауға тырысады. ДАИШ болса уаһабистік-сала­филік бағыт ұстанады да, өзде­рі­нен басқасын діннен шыққандар қатарына қосады. Яғни, екі ра­дикалды топтың саяси да, діни де ұстанымында қайшылық бар. Дегенмен біздің пайымдауы­мызша, ДАИШ содырлары «Та­либанның» Ауғанстан билігіне қол жеткізіп, көптеген елмен диа­лог орната бастағанына күйі­нетін сияқты. Әрі мейлінше бей­біт ұстаным танытқысы келетін «Талибанды» әлемдік қауым­дастық алдында масқаралауды көздейтіндер бар ма, кім білсін? Әйтеуір, ДАИШ «тәліптердің» мазасын алып-ақ жатыр. Оның үстіне, ДАИШ содырлары кәнігі амалдарына көшіп, тек жарылыс жасаумен шектеліп келеді. Со­нымен бірге Ауғанстанның сол­түстік аймақтарында «тәліптерге» бағына қоймайтын топтар кө­бірек шоғырланғаны айтылып жүр. Орталық Азия үшін қауіптісі де солар.

Ардақ СҰЛТАН