Боксшылар сенімді ақтауда
Боксшылар сенімді ақтауда
279
оқылды

Бұл күндері Сербияның Белград қаласында бокстан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Былғары қолғап шеберлері 13 салмақ дәрежесінде сынға түсуде. Қайрат Сәтжановтың шәкірттері әзірге сенім үдесі­нен шығып, алғашқы айналым­ды оңай өтті.

Жігіттер жарап тұр

Қазақстан сапынан шаршы алаңға бірінші болып шыққан 57 келіде өнер көрсететін қазақстан­дық Серік Теміржанов әлем чемпионатын сәтті бастап берді. Ол 1/32 финалда моңғолиялық Энх-Амара Харухумен қолғап түйіс­тір­ді. Кездесу 5:0 есебімен қазақстан­дық боксшының пайдасына ше­шіл­ді. Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының капитаны Абылайхан Жүсіпов  те әлем чемпионатын жеңіспен бастады. Дүние­жүзілік біріншіліктің бірінші айналымында ол Тайбэй спортшысы Ю Линнен басым түсті. 75 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен тағы бір отандасымыз Нұрқанат Райыс черногориялық Стефан Савковичті 5:0 есебімен жеңді. Әлем чемпионатында қазақ жанкүйерлері тағы бір керемет жеңістің куәсі болды. 1/16 финалда Сәкен Бибосынов Рио Олим­пиадасының чемпионы, өзбек­стан­дық боксшы Хасанбай Дусматовты айқын басымдылықпен жеңді. Хасанбай араға екі жыл салып қайтадан әуесқойлар арасында сынға түскен болатын. 2019 жылы ол кәсіпқой боксқа ауысып, күні бүгінге дейін үш кездесу өткізіп, үшеуін де мерзімінен бұрын жеңіс­пен аяқтаған. Сондықтан Сәкен­нің азулы қарсыласқа қан­ша­лық тегеурін көрсете алатыны барша жанкүйер үшін де қызық болды. Әлем чемпионатында бақ сынап жатқан кезекті тәжірибелі боксшыларымыздың бірі Асланбек Шымбергенов те екінші кезеңге оңай жолдама алды. Ол ирандық боксшы Фархад Морадиге ринг төрінде үстемдік орнатты. Жекпе-жек бар болғаны екі жарым минутқа созылды. Бірінші раунд­тың аяқталуына 30 секунд қалғанда ирандық боксшының қабағы жарылып, дәрігерлер жекпе-жекті тоқтатты.

Қазақ боксшылары арасын­дағы алғашқы жеңіліс

Белград қаласында өтіп жат­қан әлем чемпионатында бокстан Қазақстан құрама командасының өкілдері алғаш жеңіліске ұшыра­ды. 86 келіде сынға түскен Бек Нұрмағамбет бірінші кездесуінде бразилиялық Кено Мачадомен кездескен болатын. Жекпе-жек толығымен Бразилия боксшысы­ның басымдығымен өтті. Нәтиже­сінде, төрешілер 5:0 есебімен жеңісті Мачадоға берді. Осылайша, Бек әлем чемпионатының алғаш­қы айналымында-ақ жарысты тоқтатты.

Сенсациялық жеңілістер тіркелді

Олимпиаданың екі дүркін қола жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы кубалық Ласаро Альварес Белградтағы биылғы әлем чемпио­наты­ның бірінші айналымында жеңіліп қалды. 60 келіде сынға түскен атақты боксшы 1/32 финалда жапониялық Хаято Цуцумиге есе жіберді. Мұның алдында Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Роньель Иглесиас та жарыстан шығып қалған болатын. 1/32 финалда Иглесиас иордания­лық Зеяд Эшаиштен айласын асыра алмады. Аталған әлем біріншілігінде 86 келіде өнер көрсететін 25 жастағы бельгиялық Виктор Схельстре 2-раундтың соңғы секундында өзбек спортшысы Шохжахон Абдуллаевты нокаутпен жеңді. Бұл да чемпионаттағы сенсация­лық жеңістің біріне баланды.

Бокс мамандары өз бағасын берді

Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбрайымов боксшыларымыздың бұл әлем чемпионатындағы аяқ алысын жақсы деп бағалады. – Біздің жігіттер өз мүмкіндік­терін көрсетіп, жүлдеге қол созуға барын салуда. Басқасы-басқа, Бектің бірінші айналымда жарыс жолынан шығып қалатынын күткен жоқпын. Жүлделі орын­дар­ға таласа ма деп ойлап едім. Өкінішті, әрине. Бибосынов пен Дусматовтың арасында тартысты жекпе-жекті тамашаладым. Біздің Сәкен керемет жұдырықтасты. Осы жолы алтын алуы тиіс. Негізінде, боксшылар бұл додадан кем дегенде 1 алтын, 1 күміс, 1 қола қола алуы керек. Әлем чемпионатында Куба, Ресей, Өзбек­стан және Британия елінің боксшылары да тәп-тәуір өнер көрсе­тіп жатыр. Аталған елдің боксшылары біздің басты қарсы­лас­­тарымыз саналады,  – дейді Ермахан Ыбрайымов. Ал бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Тұрсынғали Еділов Белградтағы турнирге біздің боксшылардың жақсы дайындық­пен барғанын айтты. – Әзірге жігіттер бірінші айналымнан оңай өтіп жатыр. Мүмкін­дік бар. Жас боксшылар да бұл сында өзін жақсы жағынан көрсету үшін тырысып жатыр. Жат­­тық­тыру­шылар құрамы жаңар­­ды. Осы бастама оң нәти­жесін береді деген үміттемін. Абылай­хан, Теміртастар үшінші кезеңге өтуі керек. Бұлар ең тәжірибелі боксшыларымыз ғой. Ал Асланбек Шымбергенов келесі қарсыласы өзбекстан­дық Шахрам Гиясовты жеңеді деп ойлаймын. Асланбек ақылды боксшы ғой. Тек дұрыс тактиканы таңдай білуі керек. Сонда ғана жеңіс біздің жағы­мызда болады. Жалпы­команда­лық есепте жоқ дегенде үздік үштікке кіруіміз қажет. Төре­ші­лер бұра тартпаса, бокс­шы­лар­дың дайын­дығы, формасы жақсы. Ал медаль­ға тартыс жартылай финалға шыққаннан кейін белгілі бола бастайды. Ресей де жаңа командасын апарған, Кубада да жаңа боксшылар жетерлік. Украина да бұл жарысқа боксшыларын іріктеу мақсатында жас өрендерін алып келген. Оның үстіне биылғы әлем чемпионатында салмақ саны артты. Қызық­тың бәрі алда. Үміт күтеміз, сенім артамыз, – дейді Тұрсынғали Еділов.

Алда кімдер шаршы алаңға шығады?

Жарыстың төртінші күні газет беттеліп жатқан тұста үш қазақ­стан­дық боксшы шаршы алаңға шығады. Атап айтқанда, Серік Теміржанов (57 келі), Абылайхан Жүсіпов (67) және Нұрлан Сапарбай (+92) 1/16 финалдық кездесулерін өткізеді. Еске салсақ, ұлттық құрама сапында Теміртас Жүсіпов (48 келі), Махмұд Сабырхан (54 келі), Саматәлі Төлтаев (60 келі), Санат­әлі Төлтаев (63,5 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Айбек Оралбай (92 келі) шаршы алаңға шыққан жоқ. Олар алдағы уақытта ринг тө­рінде өздерінің қарым-қабілет­терін көрсететін болады. Осы ретте айта кетейік, әлем чемпио­наты­ның жалпы жүлде қоры – 2,6 миллион АҚШ доллары. Жеңім­паз 100 мың доллар, күміс жүлде­гер 50 мың доллар, қола жүлдегер 25 мың доллар алады. Ал біз өз кезегімізде Қайрат Сәтжанов жаттықтыратын оғаландардан Белград төрінде тек жақсы нәтиже күтеміз.

Абылайхан ЖҰМАШ