Егер Босния мен Герцеговина НАТО-ға мүше болуға ниет білдірсе, Ресей жауап ретінде Украинаның сценарийін жасауы ықтимал. Бұл туралы Ресейдің Босния мен Герцеговинадағы елшісі Игорь Калабухов телеарна эфирінде айтқан болатын. Мұны Европейская правда басылымы жазды, – деп хабарлады bugin.kz.
Басылымның жазуынша, орыс елшісі мұндай мәлімдемені босния телеарнасына пікір білдіріп тұрғанда айтқан.
"Егер олар (Босния мен Герцеговина) қандай да бір одаққа кірем десе, өз еркі, әрине. Бірақ бұған біздің реакциямыз қандай болады, мәселе сонда. Мәселен, Украинадағы жағдай Ресейдің іске дайын екенін көрсетіп берді. Қауіп төнсе, біз атқа қонамыз", – деген Калабухов.
Оның айтуынша, БмГ-ның НАТО-ға мүше болуы екіталай. Бұл – жай қиял ғана.
"Консенсус жоқ елдің НАТО-ға мүше болуы қиын. Әзірше Мәскеу билігінің де БмГ-ге көзі түсіп отырғаны шамалы. Егер стратегиялық және геосаяси тұрғыдан қауіп төнсе, онда әрекет етуге тура келеді", – деді ол.
Ал өз кезегінде Босния мен Герцеговинаның президенті Желько Комшич орыс елшісінің бұл мәлімдемесін қатты сынады.
"Ресей Федерациясының біздің елдегі елшісінің бұл сөзін сөгіс, балағат деп бағалаймын. Әрі қатты айыптаймын. Ресей елшісінің Украинадағы жағдай мен Боснияны салыстыруы ағаттық деп білемін. Босния мен Герцеговинаға ғана емес, бүкіл Батыс Балқан елдеріне құқай көрсету бұл деген! Ресей бізге басқыншылық жасайды екен деп қорқып НАТО-ға кірмей қою ойда жоқ. Егер Босния мен Герцеговинаның институттары НАТО-ға кіру жөнінде шешім қабылдаса, онда мүшелікке өтуге әрекет етеміз", – деп түсіндірді президент.
Айта кетейік, 2010 жылы НАТО Босния мен Герцеговинаны мүшелікке шақырған. Дәлірек айтсақ, НАТО-ға мүшелікке ену бойынша жоспарына кірген.
Ал оның көршісі Сербия Республикасы болса, 2017 жылы өзін нейтралитетпіз деп мәлімдеп, ешбір әскери ұйымға кірмейтінін айтқан.
Босния мен Герцеговина – Балқан түбегінде жатқан мемлекет. Шығысында Сербия мен Румыния, оңтүстігінде Черногория, ал солтүстігінде Хорватия жатыр. Бұрын Югославияның құрамында болған.