60 жасында ағылшынша үйреніп, Аустралияға кеткен қазақ программист көпшілікті таңғалдырды
60 жасында ағылшынша үйреніп, Аустралияға кеткен қазақ программист көпшілікті таңғалдырды
Фото: КТК арнасының сюжетінен скриншот
1,146
оқылды
Алмахан Батырқұлов 60 жасында ағылшын тілін үйренген. 69 жастағы ақсақал Аустралияның Сидней қаласындағы ірі компанияда ІТ маман болып жұмыс істейді. КТК арнасының мәліметінше, өмір бойы елде еңбек еткен Алмахан Батырқұлов зейнетке шыққан соң жұбайымен Аустралияға қоныс аударған. Көшуіне екі қызының сол жақта тұруы түрткі болған. 60-тан асқанында ағылшын тілін үйренуге ден қойып, аз уақытта-ақ меңгерген ақсақал Сиднейдегі ірі компанияға 63 жасында орналасып талайды таңғалдырды. Соңғы алты жыл сол жақта жұмыс істейді.
Алмахан Батырқұлов: «Біздің компания CRE конференцзал орнатады, компьютер конференция өткізетін барлығына бақылау жасайды да. Одан кейін «блайнтс» дейді, перделерді жауып қояды, пультпен, одан кейін датчиктер болады, желді, барлығын есептеп тұрады. Біз оны орнатамыз, үлкен қаржы орталығы болсын, жаңадан салынған. Соған құрал-жабдық қоямыз, соның бәріне бақылау жасайды», – дейді.
Аустралияда білікті IT маманы болған Алмахан Батырқұловқа жұмыс табу оңай болмаса да, дегеніне жетті.
Алмахан Батырқұлов: «Барлығымыз алға ұмтылуымыз керек. Жастар оқып, тіл білуі керек. Үш тіл білсе жақсы, қазақ, ағылшын, орыс тілін жас кезінен үйренсе, біз, қазақтар, басқа халықтан озбасақ, қалмаймыз. Бізде тәртіп, сыйластық бар. Мұндай тіпті Аустралияда жоқ», – дейді.
Алмахан Батырқұлов әлі де ізденіп, жырақта жұмысын жалғастырсам дейді. Елде қажет етсе, білімімен бөлісіп, білгенін үйретуге дайын.

Бұған дейін Президент АҚШ-қа сапары кезінде шетелде жұмыс істеп жүрген қазақтың жастарын елге шақырған болатын.