Визасыз елдер тізімі артты
Визасыз елдер тізімі артты
943
оқылды
Қазақстан визасыз елдер тізі­мін 80 мемлекетке дейін арт­тырды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.
«2022 жылы визасыз елдердің тізімі паспорттардың әртүрлі санаттары бойынша 80 мемлекетке дейін кеңей­тілді. Оның ішінде жалпы азаматтық паспорттар үшін – 26 мемлекет. Паспорт­тардың әртүрлі санаттары бойынша 9 жаңа елмен өзара келісім жасалды: Мальдив аралдары, Андорра, Никарагуа, Венесуэла, Боливия, Парагвай, Доминикана, Албания және Белиз», – деді ол.
Мұнан бөлек, биыл 12 қазанда Қатармен дипломатиялық және арнайы паспорттардың иелері үшін визалардан өзара босату туралы үкіметаралық келі­сімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылды. Ол жалпы азаматтық пас­порттардың иелерін визалық талап­тардан босатады.
«Қолайлы инвестициялық ахуалды құру, іскерлік байланыстарды жандан­дыру және елдің туристік әлеуетін арт­тыру үшін Қазақстан Үкіметі Иран Ислам Республикасының, Қытай Халық Республикасының және Үндістан Республикасының азаматтары үшін визасыз режим енгізді. Бұл осы елдердің азаматтарына Қазақстан аумағында 14 күнге дейін болуға мүмкіндік береді», – деді Айбек Смадияров.
Бұдан бөлек, биыл елімізде құны 3,7 млрд доллар болатын 36 инвестициялық жоба шетелдіктердің қатысуымен іске асырылған. Ал тәуелсіздік жылдары Қазақстан шамамен 400 млрд доллар инвестиция тартқаны мәлім болды.
«Осы жылдың басынан бері шетел­діктердің қатысуымен жалпы сомасы 3,7 млрд доллар болатын 36 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. 3,8 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Бұл ретте осы жылдың соңына дейін кемінде 5 жоба пайдалануға беріледі деп күтіледі. Экономиканың түрлі салаларында ұсынылған инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулымен жан-жақты жұ­мыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде пул әлем­нің 30-дан астам елінен жалпы сомасы 32,1 трлн теңгеге инвестиция тартатын 932 жобадан тұрады және шамамен 130 мың жұмыс орнын құруды көздейді», – деді А.Смадияров.