Биыл түркістандықтар үшін күзгі жиын-терім науқаны табысты болды.
Түркістандықтар үшін табысты жыл
549
оқылды

Атап айтсақ, жылдан-жылға құрғақ­шылық қысып бара жатса да оңтүс­тіктің дихандары шаруасын тоқ­тат­­пай жүр­гізіп, заманауи технология­ларды тиім­ді пайдала отырып, кәсібін жақсы дөңге­летуде. Айталық, биыл 870,2 мың гектар жерге ауыл шаруа­шылы­ғы дақылдары егіліп, өткен жыл­дан 9 мың гектарға артты.

Мәселен, көкөніс, бақша, картоп дақыл­дары бойынша  өнімділікті арттыру есебі­нен рекордтық 3,3 млн тонна өнім жиналған. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық отырысында белгілі болды.

Отырыс барысында салада қандай мәселе­лер, жоспарлар бар? Жыл қалай қоры­тын­ды­ланды? Бұл сұрақтар аталған жиында талқы­ланды.

Жауаптылардың төрт көзі түгел жиналған жиында облыс әкімі  өзі берген тапсырмаларды тағы бір нақтылап, алдағы уақытта атқарылар жұмыстарды талқылады. 

– Ауыл шаруашылығы – облысымыздың негізгі драйверлерінің бірі. Ізденісті тоқтатпау керек. Су үнемдеу технологияларын қолдану, егістікті әртараптандыру аса маңызды. Бекі­тілген индикаторға қол жеткізе алмаған аудан­дарда жұмысты күшейткен жөн. Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, экс­порт­тық әлеуетті көтеру және азық-түлік тапшылығының алдын алу бағытындағы жұ­мыстар жүйелі атқарылсын, – деді Дархан Сатыбалды. 

Облыстық Ауыл шаруашылығы басқар­масының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, өңірде егістікті әртараптандыру, су үнемдейтін дақылдар алқабын көбейту жұмыс­тары дұрыс жолға қойылған. Егістікті әртарап­тандыру нәтижесінде масақты дақылдар 10 мың гектарға артып, 273,4 мың гектарға егілген және одан 493 мың тонна өнім жиналды. Майлы дақылдар 6 мың гектарға артып, 83,2 мың гектарға егілген. 83 мың тонна өнім жиналса, малазықтық дақылдар 2 мың гектарға артып, 5 млн тонна мал азығы дайындалған. Жоспар артығымен орындалды. Бір ерекше­лігі, көкөніс, бақша, картоп дақылдары 2 мың гектарға қысқартылған. Бірақ өнімділікті арт­тыру есебінен рекордтық 3,3 млн тонна өнім жиналған. Мақта дақылы 15 мың гектарға қысқартылып, 300 мың тонна мақта алынды. 

Облыстың оңтүстік өңірлерінде мақта дақы­лын рентабельділігі жоғары дәндік жүгері, бұршақты дақыл және малазықтық дақылдар­мен алмастыру арқылы ауыспалы егістікті ендіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Бұл бағытта дәндік жүгеріні өткізу нарығымен қам­тамасыз ету мақсатында Шардара ауданы­ның индустриалды аймағындағы 35 гектар ау­маққа құны 32 млрд теңгені құрайтын «Жы­лы­­на 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асырылуда. Түркия және Франция елдерінің технологиясы қол­данылған жобаның бірінші кезеңі аяқталып, тауар өндірушілерден 2 мың тонна дәндік жү­гері қабылданды. 

Облыста минералды тыңайтқыштар алу үшін 10 575 агроқұрылымға 6,3 млрд теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Пестицидтер мен биогенттер алу үшін 275 агроқұрылым 60 млн теңгеге мемлекеттік қолдауға ие болды. Со­ны­мен бірге тұқым, жанар-жағармай бо­йын­ша да шаруаларға тиісті көмек берілген. 

Тельман БЕЙСЕН,

Түркістан облысы